– Төлеген Тұртайұлы, Төлеби ауданын басқарып келе жатқаныңызға үшінші жылға аяқ басты. Аймақтың әлеуеті қандай? Әңгімемізді өткен бес айдың қорытындысын тілге тиек ете отырып, ауданның экономикалық, әлеуметтік даму барысынан бастасақ.
– Біздің аудан аграрлы аймаққа жатады. Экономикамыздың ең басты драйвері – ауыл шаруашылығы саласы. Ал, енді аймақтың ерекшеліктеріне келетін болсақ, өнеркәсіп, шағын және орта бизнес салаларын да дамытуға өте қолайлы. Ауданда дәл қазір бірнеше өнеркәсіп орындары жұмыс істеп тұр. Әсіресе, бүкіл Қазақстанға бренд тауарларын ұсынып отырған «Фудмастер» компаниясының жұмысы атап өтуге тұрарлық. Леңгір қаласында теміржолшыларға арнайы жұмыс киімдерін тігетін цех соңғы екі-үш жылда табысты жұмыс істеуде. Кәсіпорын ресейлік компаниядан тапсырыс алған. Битум шығаратын зауыттың жұмыс ырғағы да қалыпты деңгейде. Кәсіпорын соңғы жылдары өндірісін ұлғайтып, қосымша цехтар ашты. Жалпы, елімізде битумға сұраныс жоғары.
Жалпы алғанда, ауданның потенциалы өте жоғары. Кез келген саланы дамытудың перспективасы бар. Биылғы бес айдың қорытындысы бойынша аудан бойынша жалпы ішкі өнім көлемі 40 млрд. 730 млн. теңгені құрап, ол өткен жылмен салыстырғанда 16,1 пайызға көбейді. Ауыл шаруашылығы саласы 15,113 млн. теңгенің өнімін өндірді. Әсіресе, мал шаруашылығының тиімділігі мол. Біздің ауданда егістік көлемі 65 мың гектарды құрайды. Ол алқаптарда дәнді дақылдар, мақсары, жоңышқа өсіріледі.
– Инвестиция – ел игілігі. Бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыру үшін тағы не істеуге болады?
– Ауданымызға тартылған инвестиция көлемі 2 млрд. теңгеден асты. Бізге шағын және орта бизнесті дамыту бойынша өңір басшысы нақты тапсырма берді. Тағы бір жоба қолға алынбақ. Былтыр облыс әкімі мен «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының төрағасы арнайы келіп, Киелітас ауылдық округінің территориясында болашақ нысанның капсуласын құйып кеткен болатын. Ол жерде 1 мың мегаватт электр энергиясы өндіріледі. Жалпы жобаның құны 720 млрд. теңгеден асады. Егер осы инвестициялық жоба жүзеге асса, қаншама жұмыс орындары ашылар еді. Қазір жұмыстар басталды. Алайда, осы газ қондырғысын орнату жөнінде әңгіме көп. Маятас ауылының тұрғындары өздерінің келіспеушіліктерін білдіруде. Жоба экологиялық жағынан оң қорытындысын алған, қоршаған ортаға, адамдардың денсаулығына ешқандай зиян келтірмейді. Олай болмаған жағдайда бұл стратегиялық шешім қабылданбайтын еді. Жобаға Сайрам, Ордабасы және Төлеби аудандары ұсынылған болатын. Мердігерлер біздің ауданды таңдап отыр. Ол түсінікті. Өйткені, біздің аудан мегаполиске де жақын. Оның үстіне бізде электр энергиясының тапшылығы бар. Егер құрылыс аяқталып, нысан пайдалануға берілсе, біз бұл тапшылықты толығымен жоятын боламыз. Сонымен қатар, Түркістан облысы мен Шымкент қаласын да жарықпен қамтитын боламыз. Электр қуатына деген қажеттілік бізде 300 мегаватты құрайды. Ал, бұл нысан салынып жатса, 1000 мегаватт электр энергиясын өндіруге мүмкіндік туар еді. Демек, өз сұранысымызды толық қанағаттандырып, артығын басқа облыстарға сатуға да мүмкіндік туады. Егер нысан құрылысы басталса, мұнда 2-3 мың адам жұмыс істейді. Құрылыс жүргізу мерзімі – 36 ай.
– Қалай ойлайсыз, туризмнің тиімділігін әлі жете пайдалана алмай жүрген сияқтымыз…
– Дұрыс айтасыз. Туризм кластерін бұдан да дамытуға болады. Біз оның әлеуетінің 1 пайызын ғана пайдаланудамыз. Шүкір, жақсы бастамалар баршылық. Біркөлікте, Қоғалы ауылдық округтерінде қымызбен емдейтін және сауықтыру орталықтары ашылып, халыққа қызмет көрсетуде. Сұранысқа ие болғандықтан келушілер көп. Былтыр осындай 4 орталық ашылды, оның біреуі 20 адамға арналса, екіншісінде 50 адам ем алып әрі демалады. Қасқасудағы кешенді демалыс орталығының құрылысына ӘКК арқылы инфрақұрылым жүйелерін тарту үшін 3,5 млрд. теңге бөлінді. Басқа да келісімшарттар бар.
– Жергілікті халықты жұмыспен қамту, жұмыссыздар санын азайту – көкейтесті мәселе. Бұл бағыттағы жұмыстар жөнінде де айтып өтсеңіз…
– Басты мақсат – жұмыссыздар санын төмендету, әсіресе, жастарды жұмыспен қамту. Ауданымызда жұмыссыздық деңгейі 5,2 пайызды құрап отыр. Әрине, бұл жақсы көрсеткіш емес. Оны барынша төмендету керек. Ұлттық бағдарлама аясында мүмкіндіктер көп. Өз ісімен айналысамын деген азаматтарға қайтарымсыз гранттар берілуде. Несие көлемі 500 мың теңгеден басталып еді, қазір оның мөлшері 1 млн. 380 мың теңгеге жетті. Бұл бағдарламаны төлебилік тұрғындар тиімді пайдалануда. «Ауыл аманаты» жобасының да берері мол. Құжаттарын ресімдеген жастарға 2,5 пайызбен несие беріліп жатыр. Ауданымызда мал шаруашылығы өнімдерін өндіру мақсатында екі кооператив құрылған. Оның біреуі Киелітас, екішісі Көксәйек ауылдық округінде. Алғашқысы сүт бағытын, екіншісі ет бағытын ұстанған. Атаулы әлеуметтік көмек алушылар жыл өткен сайын азайып келеді. Олардың арасында осы бағдарламаларды тиімді пайдаланып, өз шаруасын бастаған, жағдайын түзеп алғандары жетерлік. «Дипломмен – ауылға» жобасы да сәті жалғасын тауып келеді…
– Леңгір қаласының проблемалары да аз емес еді. Әсіресе, инженерлік инфрақұрылымға байланысты тұрғындар тарапынан шағымдар жиі түсетін. Ал, биылғы жаз маусымында аймақта ауыз су тапшылығы сезіліп жүр…
– Рас, қордаланған проблемалар көп болатын. «Алатау» шағынауданындағы қосалқы стансаның құрылысына республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, жұмысы басталып кетті. Ол пайдалануға берілген соң 4 шағынаудан сапалы электр қуатымен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар, аталған «Алатау» шағынауданында инфрақұрылым (жол, су, жарық, газ, байланыс желісі) тарту үшін бірінші траншпен қаражат келуде. 1-шағынауданда кәріз суын тазалау стансасы іске қосылды. Көшелеріне асфальт төселіп, жарықтандырылды. Ойын алаңшалары пайдалануға берілді. Автокөліктер тұратын тұрақтар белгіленді. Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін бейнекамера да қойылды. Осы мақсатқа 300 млн. теңгеден астам қаражат қарастырылды. Алдағы уақытта тағы 3 тұрғын үй бой көтермек. Өзекті мәселелер осылай кезең- кезеңімен шешілуде.
Басты мақсатымыз – ауданның әлеуметтік экономикалық жағдайын жақсарту, азаматтардың әл-ауқатын көтеру. Шілде айында қалада ауыз судың проблема болатыны рас. Өйткені, көптеген тұрғындар ауыз сумен бау-бақша суарады. Сондықтан су сорғы арқылы жинақталған су қоры азайып, кейбір шағынаудандарға ауыз су жетпей қалады. Осындай қиындықтарға қарамастан «Леңгір су» мекемесі ауыз суды тәулік бойы беруде.
Ал, жалпы аудан бойынша ауыз судың сапасына қатысты мәселе күн тәртібінен әлі түскен жоқ. Әсіресе, Қаратөбе, Тасарық, Көксәйек ауылдық округтеріндегі 12 елді мекендегі 20 мыңнан астам адам ауыз суды ашық су көздерінен, яғни Балдыберек пен Сайрамсу өзендерінен алады. Көктем және күз айларында өзен суы лайланады. Бұл проблеманы шешу үшін Көктеректегідей өзен басына су тазалағыш орнату қажет.
– Инфрақұрылым жүргізу – игіліктің басы ғой…
– Ойыңызды түсіндім. Газ мәселесі ауданда толық шешімін тауып келеді. Былтыр Қоғалы ауылдық округіндегі үш елді мекенге «көгілдір отын» кірді. Ал, Қасқасу ауылдық округінде құрылыс-монтаж жұмыстары жүріп жатыр. Электр қуатымен қамтамасыз етуде де тындырымды тірліктер атқарылуда. Жөндеу, бағаналарды ауыстыру, жаңа сымдар тарту жұмыстары кезең-кезеңімен 2026 жылға дейін жалғасады. Көшелерді жарықтандыру жұмыстарын «Жарық жол» мекемесі жүзеге асыруда. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2025 жылға дейін автожолдардың қанағаттанарлық жағдайын 95 пайызға жеткізу міндеті тұр. Осы мақсатта республикалық, облыстық және жергілікті бюджеттен қомақты қаражат бөлуге басымдық берілетін болады. Биыл 1,2 млрд. теңге қаралса, оның 800 млн. теңгесі «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының аясында, 400 млн. теңгесі жергілікті бюджет есебінен бөлінді.
Экономиканы дамытып, оның әлеуетін жақсарту үшін Үкімет тарапынан түрлі мемлекеттік бағдарламалар қабылданып, ол қаржылай қамтамасыз етіліп отыр. Бұл биліктің немесе әкімшіліктің міндеті деп қарамай, ортақ игілік жолында бүкіл ел болып мүмкіндікті тиімді пайдалана отырып, жұмыла жұмыс істеуге тиіспіз. Сонда ғана жоғары нәтижелерге қол жеткізе аламыз.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан С.Мәтқалиұлы.