Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Ауыл жаңалықтары » Тындырымды Тындықыз апа бүкіл аймаққа үлгі еді

Тындырымды Тындықыз апа бүкіл аймаққа үлгі еді

– Тұр балам! Фермаға баратын уақыт болды!
Колхоздың тауарлы сүт фермасында сауыншы болып істейтін анам күнде сағат төртте тұрады. Қыстың күні таңертең үй азынап суып кетеді. Мұндайда қаз катар жатқан біз көрпеге тығыла түсеміз. Шешем пештің күлін алып, маздатып от жаққан соң бөлмеге жылу кіреді. Жұмысқа кеткенше осылай талай тірлік тындырады. Қазанға сүт пісіреді, шай қайнатады. Мектепке баратын балалардың тамағын дайындап кетеді.
Таңғы ұйқы қандай тәтті! Әрең тұрамын. Ұлдардың естияры мен болғасын көбіне мені жұмысқа ертетін. Иығыма сөмкемді іле сала сыртқа шығамын. Фермадан ары қарай мектепке баруым керек. Дала тастай қараңғы. Үйлердің шамы әлі жанбаған. Тек үрген иттердің даусы ғана түн тыныштығын бұзып тұр. Шытымыр аяз ұйқыңды лезде ашады. Әсіресе, Сайрамсу өзенінің аңғарынан ескен суық ауа қойны-қонышыңды тіміскілеп, лезде дірдек қақтырады. Бұл кезде қораның ішінде жұмыс азан-қазан қайнап жатады. Сиырлардың астын тазалаймыз, үстін тараймыз. Қоймадан құрама жемді шелекпен тасып, ақырға саламыз. Малға шөп шашылады. Сауыншылар өз тобындағы 20-25 сиырды сауып, сүтін флягтарға құяды. Беліміз майысып, соларды көтерісеміз. Фермада аналарына көмектесетін мен сияқты қолғанаттар аз болмайтын. Сүт таситын мәшине келгенде таң атып, айнала жарық болып қалады. Жұмыс бір жақты болған соң мектепке аяңдаймыз…
Кезінде Төлеби ауданы, Абай атындағы ұжымшардың Кеңесарық ауылындағы тауарлы сүт фермасында ұзақ жылдар бойы сауыншы болып қажырлы еңбек еткен Тынды Жүнісованы көнекөздер әлі ұмыта қоймаған шығар. Өткен ғасырдың отызыншы жылдардың басында, дәлірек айтқанда, 1931 жылы дүниеге келіпті. Анасы Сұлу 19 құрсақ көтерген екен. Ел аузындағы әңгімеге қарағанда, Бекасыл әулие кішкентай кезінде алдына алып, шашынан сипап, «менің сұлу қызым» деп еркелетеді екен. Туған- туыстары, қыздары мен немерелері кезінде оны Дәу апа атап кеткен.  Оның шын атын ешкім білмеген. Осынша перзенттен үш қыз ғана аман қалыпты. Бай-манаптардың мал-мүлкін тартып алып, кәмпескелеу,  өздерін лагерьлерге айдату, артельдер құру сияқты сол дәуірдің зобалаңдарынан зардап шеккендер аз болған жоқ. Сондай қилы кезең Қостөбе (бұрынғы Қызыл жалау) ауылында тұратын Домай мен Дәу апаның отбасынан да айналып өтпеген сияқты. 16 перзентінен айырылып, үш қыз ғана аман қалыпты. Қос мұңлық тірі қалған тұңғышын Тұрғанқыз, екіншісін Болдықыз атапты. Кенжесіне Тындықыз деген есім беріпті. Осылайша Тындықыз Жүнісова Қостөбедегі сегізжылдық мектепті бітірген соң Кеңесарық ауылының жігіті Көлібаймен көңіл жарастырады да тұрмысқа шығады. Жігерлі келіншек үйде отырып қалмай,1962 жылы фермаға сауыншы болып орналасады. Көлбай мал бағады. Еңбекке ерте араласқан Тындықыз көп ұзамай әріптестерінен оза шауып, көш бастайды. Тынымсыз еңбек толағай табыстарға жетелей түседі. Ол кезде сиырлар қолмен сауылатын. Сауыншы тобындағы малдың әрқайсысына ат қойып, айрықша күтіп-баптайтын. Сүтті көп беретін «Тарғыл», «Былқылдақ», «Айқасқа», «Айна», «Бота» деп аталатын сиырлардың сауырынан сипап еркелететін. «Сиырдың сүті – тілінде» демекші, сауын малын ерекше рационмен азықтандыруға көп көңіл бөлетін. Әсіресе, пішендеме, сүрлем құнарлы азық саналатын. Жазда ферма Алатаудың баурайындағы жайлауға көшетін. Шөбі шүйгін өрісте еркін жайылған сиырлар сүтті көп беруші еді. Таңғы сағат төрттен басталатын Тындықыз сияқты сауыншылардың тірлігі түн жарымына дейін бір толастамайтын. Жас сауыншылар мен бұзаушыларға тәлімгерлік етіп, малды күтіп-баптаудың жолдарын түсіндіретін. Түздегі тірлігі өз алдына, үй жинау, тамақ  әзірлеу, сүт пісіріп, күбі пісу, балаларға қарау, кір жуу сияқты күнделікті күйбең шаруаларға да үлгеретін.  Қоғамдық жұмыстарда да белсенділік танытты.
Қарапайым сауыншының осындай қажырлы еңбегі ескерусіз қалмады. Жерлестері оған сенім артып, 1963 жылы Георгиев сайлау округі бойынша бір ауыздан Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты етіп сайлады. Аманат арқалаған халық қалаулысы Қасқасу ауылында жаңа типті орта мектептің салынуына ұйытқы болды. Сонымен қатар, орталықта екі қабатты ауылдық аурухананың бой көтеруіне септігін тигізді. Көшелерге тас төгіліп, асфальт төселді. Сөйтіп, ауылды көркейтуге, Мәдениет үйінің ашылуына үлес қосты. Ауылда қандай игілікті іс бар, соның бәрінің басы-қасында Тынды Жүнісова жүрді. Күні бүгінге дейін мәдениет ошағының вестюблінде қарапайым еңбек адамының бейнесі ілулі тұр. Оның бұл суретін Кеңесарық ауылының тумасы, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, марқұм Молдағали Қалдыбаев салған еді. 1973 жылы қыркүйек айында «Құрмет белгісі» орденімен марапатталды. Бірнеше рет облыстық партия комитетінің мүшесі болып сайланды.
Өндіріс озаты өнегелі отана ретінде ауылына үлгі еді. Сүйікті жары Көлібай екеуі 6 ұл, 3 қыз сүйді. Алайда, Батырхан, Құрманбай, Сапархан есімді балалары ерте қайтыс болып кетті. Фермада 40 жылдай жемісті еңбек етіп, саңлақ сауыншы атанған қайраткер ана 1993 жылы 62 жасқа қараған шағында өмірден озды.
Әрине, қазақ қыз баланы жат жұрттық санайды.Сондықтан ұрпағын жалғастыратын ұлға зор сенім артады. «Ажалға амал жоқ». Былтыр Жүнісовтер әулеті Қайрат есімді атпал азаматынан айырылып қалды. Тындықыз ананың қалған қос ұлы үйлі-баранды. Соның бірі – Бақытхан орман шаруашылығының білікті маманы, іскер азамат. Ауыл шаруашылығы саласының профессоры. Ол жастық шағында  Батыс Қазақстан облысында қызмет атқарып, 1997 жылы елге оралды. Қазақстанның қалалары мен ауылдарын жасыл ағаштармен көріктендіруге, желектерді жайқалтып, елді мекендерді көркейтуге, оларды экологиялық ортаны сауықтыруға өз үлесін қосып жүр.
…Иә, ананың жаққан алауы әрдайым перзенттерінің жүректеріне жылу сыйлайды.
С.МӘТҚАЛИҰЛЫ.

Пікір жазу