Бүгінде қазақстандықтардың жеке кəсіппен айналысуына мемлекет тарапынан айтарлықтай қолдау білдірілуде. Мұндай қолдауды төлебилік кəсіпкерлер де сезінуде. Қолдау демекші, Ленгір қаласындағы аудандық мансап орталығының жұмыс берушілерді қолдау бөлімінің басшысы Қайырғали Əміртаевтың айтуынша, биылғы жылы ауданымызда 90 адамның кəсіп бастауына мемлекеттік грант беру жоспарланған. Бүгінгі таңға дейін аталмыш грантты 45 адам алыпты. 1 миллион 380 мың теңгені (400 айлық есептік көрсеткіш) құрайтын қайтарымсыз грантты алуға үміткер атану үшін мына жеті санаттың бірінен болуыңыз қажет: көпбалалы, əлеуметтік тұрғыда аз қамтамасыз етілген отбасы, мүгедектігі бар адам, мүгедек баланы күтуші, асыраушысынан айырылғандар, қандастар, қоныс аударушылар. Сондай-ақ аталған санаттың біріне кіретіндер жұмыссыз ретінде тіркелген болуы қажет немесе жеке кəсіпкер ретінде тіркелгеніне үш жылдан көп болмауы керек.
Жоғарыдағы талаптарға сай келіп, грант бөлу комиссиясының сынынан сүрінбей өткендердің бірі – көпбалалы отбасының отанасы Жанар Мəдіхан. Ол жеке кəсіпті бастауға берілетін мемлекеттік грантты алған соң биылғы 25 шілдеде Ленгірдегі өзінің ғимаратынан 5 жасқа дейінгі балаларға арналған гидромассаж бөлмесін ашқан. Сонымен қатар Жанар Сəбитханқызы грант қаржысына физиотерапиялық əдістердің бірі – электрофорез үшін қажет құрылғыны сатып алған.
– Біздің ғимаратта гидромассаж, электрофорез бөлмелері ғана емес, емдік əсері бар тұзды бөлме, кəдімгі массаж бөлмесі, фотолампа да бар. Аллаға шүкір, қазіргі кезде қызметімізге деген сұраныс жақсы. Тұзды бөлме мен электрофорезге ересектер тарапынан да сұраныс болуда. Медициналық білім алып, денсаулық сақтау саласында жұмыс істегендіктен, емдеу ісінен əжептəуір хабарым бар деуіме болады. Массаж жасау курсын бітірдім. Гидромассаж дегеннің не екенін, оның пайдасын əбден зерттеп, осы ем түрі бойынша да білім алдым, – дейді Жанар ханым.
Жанар Сəбитханқызы гидромассаж балалардағы күйзелісті жеңілдетуге, қан айналымын, тері түсін жəне бұлшықет тонусын жақсартуға көмектесетінін айтады. Гидромассаж ваннасы адам ағзасындағы клеткалардың оттегімен қанығуына да əсер етеді екен. Жалпы, гидромассаж бала денсаулығы үшін өте пайдалы. Белгілі бір температурадағы су бірқалыпты қысыммен сəби денесіне массаж жасай отырып, тұла бойын сергітіп, жеңілдетеді.
Кəсіпкердің емдеу орталығында денеге сүлік салдырып, хиджама, шертпе жасатуға да болады. Ондағы фотолампа үйде емделу мақсатында жалға беріледі. Ал инфрақызыл сауна босанған əйелдің шілде терін, адамның бойындағы суықты шығаруға көмектеседі.
Емдеу орталығында Жанар ханымнан басқа тағы бір массажист жұмыс істейді. Ол – балаларға да, ересек адамдарға да емдік массаж жасай білетін тəжірибелі маман екен. Жанар Сəбитханқызының өзі массаж да жасайды, басқа емдеу қызметтерін де көрсетеді.
Мемлекеттік грант алып, кəсібін бастағандардың бірі Феруза Басуова Киелітас ауылдық округіне қарасты Достық елдімекенінде тұрады. Ол грант қаржысына дəмі тіл үйіретін пастила жасауға қажет шикізат кептіргішті сатып алған.
– Мен пастиланы көкөністен де, жеміс-жидектен де жасай беремін. Грант алуға лайық болу үшін көп ізденуіме, жаңаны үйренуіме тура келді. Интернетті ақтарып, пастила жасау ісін зерттеп, ақпаратқа қанықтым. Ресейліктердің тəжірибесін үйрендім. Пастиланы бірнеше дəмнің бірігуінен жасасаң, керемет болады. Өнімді жасау мақсатында өңірімізде өсетін барлық жеміс-жидекті шикізат ретінде қолданамын. Пастила жасау тəжірибем молайған сайын өнімнің дəмі жақсара түсуде. Менің пастиламды Ленгірдегі бірнеше дүкеннен табуға болады, – дейді Феруза ханым.
Феруза апайдың пастиласынан дəм татқанымда оның тіске жабысып немесе тіс арасында тұрып қалмайтынын байқадым. «Керісінше, менің пастилам тісті нығайтады, ішті тазалайды, аштық сезімін басады» деп жалғады сөзін кəсіпкер.
Феруза Розматқызы пастилаға тапсырысты интернет арқылы да қабылдай береді екен. Бір ұнағаны, бұл өнімнің құрамында қанттың да, бояғыштардың да жоқтығы. Соған қарағанда осы пастиланы кейбір ауруларға шалдыққан адамдардың да жеуіне болатын сияқты.
– Мемлекеттік грант алған Феруза апай сияқты жерлестеріміздің кəсібіне мониторинг жүргізіп отырамыз. Олар бізге бір жылда төрт рет есеп тапсырады. Грант қаржысына қандай заттар алғанын растайтын құжаттарды жəне алынған заттардың фотосуреттерін ұсынады. Биыл кəсіп бастау мақсатында мемлекеттік грант алуға бірінші жəне екінші лекте 509 өтініш берілді. Үшінші жəне төртінші лектің өтініштері 11–22 қыркүйек аралығында қабылдануда. Осы өтініштерді қарастыруда комиссия бизнес идеяның, жоспардың жаңашылдығына басымдық береді. Жерлестеріміздің грантқа қол жеткізуі бизнес жоспарын ұсынуына, қорғай білуіне де байланысты, – дейді аудандық мансап орталығының мамандары.