Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының депутаттары өңір оңтүстігіндегі екі ауданды бес ауданға айналдыруға жол ашты. Халқы ең тығыз орналасқан Мақтаарал және Сарыағаш аудандарын бөлу туралы мәселе соңғы жылдары жиі қозғалып келгені белгілі. Алтыншы шақырылымындағы облыстық мәслихаттың ХХ сессиясында аталған ұсыныс күн тәртібінде қаралып, депутаттар тарапынан қызу қолдау тапты. Сессияны қорытындылаған облыс әкімі Жансейіт Түймебаев халық күткен тарихи шешімді негіздеу үшін тиісті ауқымда шаралардың жүргізілгенін жеткізді.
Бөлінуге байланысты атқарылған жұмыстар туралы облыс әкімінің бірінші орынбасары Ә.Өсербаев баяндама жасап, өз сөзінде:
«2018 жылдың 16 ақпанында Сарыағаш және Мақтаарал аудандарының өкiлдi және атқарушы органдарының аудан аумағын бөлу жолымен аудандар құру, оларға атау беру, әкімшілік орталықтары мен шекараларын белгілеу туралы бiрлескен шешімдері қабылданды. Осыған орай, Мақтаарал ауданын үш ауданға яғни, Мақтаарал, Асықата, Жетісай, Сарыағаш ауданын екі ауданға яғни, Сарыағаш, Келес деп бөліп, бұрынғы аудан орталықтарын қайта қалпына келтіру ұсынылады», – деді.
Сессияда сөз алған облыстық мәслихат депутаты Сәду Бекенов Мақтаарал ауданы 1997 жылы 24 сәуірде бұрынғы үш ауданды біріктіру нәтижесінде құрылғанын айтып, тарихи ұсынысты Мырзашөл жұрты ыстық ықыласпен қабылдап отырғанын жеткізді.
«Мақтаарал ауданы облыстағы халқы тығыз шоғырланған және демографиялық өсімі жағынан жоғары аудан саналады. Мұндағы жалпы халық саны 304 684 адамды құрап отыр. Аудан 182 елді мекеннен, 1 қала, 3 кент және 20 ауылдық округінен құралған. Сондықтан Мақтаарал ауданын үшке бөлу шешімі Елбасыдан қолдау тауып, алдағы уақытта аталған өңірлердің әлеуметтік экономикалық хал-ақуалы жақсара түсетіні сөзсіз. Жыл көлемінде жұмыс тобын құрып, барлық қажетті шараларды жүргізген облыс әкімі Ж.Түймебаевқа ризалығымызды білдіреміз», – деді Сәду Кеттебайұлы.
Ал, Сарыағаш ауданы 1997 жылы бұрынғы Сарыағаш және Келес аудандарын біріктіру жолымен құрылған. Аталған ауданда бүгінде 326 915 халық тұрады. Аудан аумағы 762203 гектар, 154 елді мекені, 1 қала, 1 кент және 23 ауылдық округінен құралған.
Жұмыс тобы демекші, оны құру жөнінде ұсыныс жасап, отыз жылдан бері ел көкейінде жүрген осы өзекті мәселені қолға алған да облысымыздың басшысы Жансейіт Қансейітұлы болды. Соңғы екі жылдан бері бір-біріне іргелес орналасқан қос ауданды бес ауданға бөлу жағын жан-жақты зерттеп-зерделеп, оның тиімділігіне көзі жетіп қана қоймай, сонау Ақордаға да айтып, Елбасының өзіне дәлелдей білген басшының ерен еңбегінің жемісі бұл. Осы жайында елдің қарапайым азаматтары біле бермейтіні ақиқат. Дегенмен, жоғары жақтың келісіміне қол жеткізбей, бұндай күрделі мәселелерді шешудің өзі мүмкін болмас еді.
«Бүгінгі ұсынысты тарихи сәт деп бағалауға болады. Аталған аудандарда қазіргі таңда 630 мыңнан астам халық тұрып жатыр. Бұл еліміздегі өзге облыстардың халқымен салыстырғанда едәуір көп саналады. Енді ұсынысымыз Елбасы тарапынан толық қолдау тауып жатса, екі аудандағы халыққа мемлекеттік қызмет көрсету жүктемесі азайып, әкімшілік аумақтағы барлық бағыттағы жұмыстардың сапасын көтеруге өз септігін тигізеді деп есептеймін», – деді Жансейіт Қансейітұлы.
Аталған екі ауданда халықтың тығыз орналасу себебінен кәсіпкерлікті, ауыл шаруашылығын өз деңгейінде дамыту үшін мемлекет тарапынан берілетін қолдауларды халыққа жеткізу, толық және сапалы қамту мәселелері әлі де бар. Денсаулық сақтау саласында, атап айтқанда, дер кезінде медициналық көмек көрсету, шалғайда орналасқан елді мекен тұрғындарын аудан орталығындағы ауруханалар мен перзентханаларға жедел жеткізу мәселесі де толық қамтуды қажет етеді.
Жаңа құрылатын аудандарға атау беру мәселесі республикалық ономастика комиссиясының қарауына ұсынылмақ. Мақтаарал ауданының әкімшілік орталығы Мырзакент кенті, Асықата ауданының әкімшілік орталығы Асықата кенті, Жетісай ауданының әкімшілік орталығы Жетісай қаласы болып белгіленіп отыр.
Ал, Сарыағаш ауданының әкімшілік орталығы – Сарыағаш қаласы, Келес ауданының әкімшілік орталығы ретінде Абай ауылы белгіленді.