Неміс ұлтының өкілдері Қазақстанға тұңғыш рет XVIII ғасырда әскери құрамалар қатарында келді. Немістер санының арта түсуі ХІХ-XX ғасырлар тоғысына сәйкес келеді, – деп хабарлайды Didarbek.kz тілшісі Төлеби Ауданы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қоныс аударып келген немістер негізінен егіншілікпен айналысты, өндеуші өнеркәсіп салаларында жұмыс істеді. Немістер сонымен қатар мұнай кен орындарын игеруде, алтын, мыс өндіруде, кен өнімдерін өндеуде белсенділік танытты.
Біз тұрып жатқан түрлі ұлт пен ұлысқа баспана болған киелі Төлеби жері неміс ұлты өкілдерінің де құт мекені, берекелі шаңырағы. Бар ұлт өкілімен бірлікте, бір-бірімен тығыз қарым қатынаста, достықта өмір сүруде. Сөзіміздің дәлелі, «Возрождение» неміс этномәдени орталығы бүгін, 25 жылдық мерейтойын атап өтті.
Салтанатты жиынға қатысқан аудан әкімінің орынбасары Сержан Дүйсебаев және аудандық мәслихаттың депутаты Дильмурат Омаров Неміс мәдени орталығын мерейтойымен құттықтап, ауданның мәдени дамуына лайықты үлес қосып жүрген бірқатар азаматтарға аудан әкімінің Алғыс хаты мен аудандық мәслихаттың Грамотасын табыс етті.
Айта кетерлігі, Неміс этно мәдени орталық жанынан вокал, хореография, би, қолөнер бұйымдарын жасайтын үйірмелері іске қосылып, аудан жастарын өнерге баулып келеді. Сондай-ақ, ұлттық мәдени орталық жанынан «Фея» клубы мен жексенбілік мектеп жұмыс жасайды. Жексенбілік мектеп оқушылары республикалық, халықаралық конкурстар мен фестивальдарда жеңімпаз атанып жүр.
Неміс ұлттық мәдени орталығының мамандары ауданның қоғамдық өмірінен тыс қалмай, береке-бірлікке бастау болып, көпұлтты халқымыздың ынтымағын байланыстыруға зор үлес қосып отыр. Қоғамдық-саяси тұрақтылықты, халықтар арасындағы достық пен өзара түсіністікті нығайтып келеді.
© Didarbek.kz