Арыс қаласының ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен Аққала, Жиделі, Көкжиде және Байырқұм елді мекендерінің тұрғындары мен №11 балабақша қызметкерлері арасында «Әлеуметтік желілердің пайдасы мен зияны» және «Дін саласындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету» тақырыбында кездесу өтті.
Жиынға ішкі саясат бөлімінің бас маманы Б.Абуов, Түркістан облысының дін істері басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің теолог маманы А.Дүйсен және «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің теолог маманы Н.Рыстай қатысты.
Сөз барысында дінтанушылар қазіргі таңда тәуелсіз мемлекетімізді дамушы және дамыған елдерден ерекшелігі, ол – қоғамдағы діннің нығаюы мен елдегі діни ахуалдың тұрақты болуын, соңғы жылдары еліміздің діни ахуалына талдау жасау барысында, халқымыздың сексен пайызға жуығы асыл дініміз исламды ұстанып, дінге бет бұрып жатқандығы және олардың басым бөлігін жастар құрайтыны белгілі болғанын айтып өтті. Шара барысында дәстүрлі дінімізбен мүлдем үйлеспейтін кейбір сан алуан пікірлер мен ұстанымдар салдарынан туындайтын түрлі келеңсіз жәйіттер алаңдататынын тілге тиек етті.
Қазіргі таңда, тәуелсіз мемлекетіміздің дамуына және дамыған елдердің қатарында болуына елдегі діни ахуалдың тұрақты болуы тікелей әсер етеді. Сондықтан, дәстүрлі дінімізбен мүлдем үйлеспейтін кейбір сан алуан пікірлер мен ұстанымдардан аулақ болу қажет. Сондықтан, Арыс қаласында өткен кездеуде мамандар еліміздің жарқын болашағын қалаушы – жас ұрпақтың санасын улап жатқан жат ағымдардың мән-мағынасын, әсер ету жолдары мен тигізер зияндарын ашып көрсетіп, олардың негізгі мақсаттарын атап өтті.
«Дәстүрлі дінге қайшы ағымдарды қоғамда деструктивті немесе теріс пиғылды діни ағымдар деп атайды. Яғни, «деструктивті» деген сөз латын тілінен «құлату», «қалыптасқан жүйені бұзу» деген мағынаны білдіреді. Жалпы айтсақ, діннің атын жамылған жат ағымдардың, топтардың мүшелері діни сауаты төмен, әлеуметтік тұрмысы нашар жастарымызды өз қармақтарына түсіру үшін өздерін ақиқат жолындағы шынайы діндарлар етіп көрсетіп, Отанына, отбасына және ата-бабамыз ғасырлар бойы дәріптеген дәстүрлі дінімізге, қалыптасқан салт-дәстүрімізге күдік келтіріп, қарсы қояды. Тіпті, өздерінің істеген істерін және сөйлеген насихат сөздерін дәлелдеу мақсатында Қасиетті Құран мен хадистерден мысал келтіріп, жастардың санасын улап, жат идеологиясын таратады. Бүгінде, асыл дінімізбен мүлдем жанаспайтын жат ағымдар жетегінде кеткен қаншама қандастарымыз өз жақындарынан, достарынан теріс айналып жатқаны баршаға мәлім. Мұндай түрлі жат ағымдардың жетегіне ерген жас азаматтарымыз балаларына тиісті медициналық екпе ектіруден бас тартып, мектептегі сабақтарын тастап, мектеп жасындағы ұл-қыздардың музыка тыңдауына – қарсылық білдіріп, мемлекеттік әнұранды тыңдауды және туға құрмет көрсетуді харам дейтіндер де бар. Осындай бір ағымдардың теріс пиғылды уағыздарының салдарынан еліміздегі кейбір ұл-қыздарымыз отбасы мүшелерінен, үй-меншіктерінен айырылып, түрлі психикалық ауруларға шалдығып, өз-өзіне қол салып, әр түрлі жағымсыз жағдайларға тап болып жатқандарын да жоққа шығаруға болмайды», — дейді теолог мамандар.
Кез келген мемлекет діни саясатты да қатар алып жүреді. Дін – әрбір азаматтың ішкі сенімі. Оған қол сұғуға ешкімнің қақысы жоқ. Алайда, зайырлы мемлекет қалыптастыруда өзіндік қағидаттар мен заңнама аясынан шығу – заңға қайшы. Мәселен, діни саясаттың басты бағыты – ұлтаралық келісімді сақтау, экстремизм мен терроризм қаупіне қарсы күресу, зайырлылық қағидаттарды негізге алу.
Десек те, бүгінде дінді желеу етіп, ұлттық дәстүр құндылықтарынан бас тарту ерекше сипат алғаны жасырын емес. Әсіресе, оң мен солды айыра білмейтін жастар түрлі жат ағымның жетегіне еріп, адасып та жүр. Бұл олардың бойына әбден сіңісіп кетпей тұрғанда алдын алып, тура жолға салу – қоғамның міндеті. «Дін – мемлекеттен» бөлек десек те, мемлекет пен діни саясаттың тоғысатын жері де осы. Екеуі де ел бірлігі мен тұтастығын сақтай отырып, діни алауыздықты тудырмауға үндейді.
Адамзат пайда болғалы адамгершілік құндылық пен сенім де қатар жүрді. Әр адам қай дінді ұстанып, қай дінге сенетінін өзі шешеді. Әу баста жерге, күнге, аспанға табынған адамзат қоғам ілгері дамыған сайын, өркениетке қадам басты. Сенім мен иманның жүректе екенін білгенде ғана жер бетінде адами құндылықты бәрінен биік қойып, жоғары бағалайтын заман туды.
Елімізде діни саясатты жүргізетін заңнамалық құжат бар. Онда бәрі егжей-тегжейлі жазылған да. Атап айтқанда, адамның ар-ождан бостандығы, діни сенімі, құқығы жайында Ата заңнан бөлек, «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңда, сондай-ақ «Экстремизмге қарсы іс-қимыл» туралы заңдық құжатта да кеңірек тәптіштелген. Одан бөлек елдегі діни тұтастық пен бірлікті нығайту бағытында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен Дін істері комитетінің атқаратын шаруасы шаш-етектен.
Қазақстанда қызмет етіп келетін кейбір діни бірлестіктерді арнайы тексеруден өткізіп, жұмысын қадағалау да маңызды. Себебі, дінді желеу етіп, деструктивті мақсатқа пайдаланып жататын жағдаяттар да жоқ емес. Бүгінде елімізді ғана емес, бүкіл әлем терроризм мен экстремизмге қарсы күресті күшейткен. Неге десек, бұл тұтас мемлекеттің, ұлттың қауіпсіздігіне нұқсан келтіретін өзекті мәселе. Қайсыбір мемлекетті алсаңыз да, бұдан ешкім қорғалмаған.
Әртүрлі сыртқы және ішкі жаудың бірлесіп әрекет етуінен туындайтын мұндай қайғылы оқиғалардың дені азаматтық қоғам мен өркениеттің дамуын тежейді. Сондықтан қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін бір үстелдің басында жиналып, конфессияаралық диалог жүргізудің оң нәтиже беретінін елімізде талай мәрте өткізілген діндер өкілдерінің басқосуы дәлел болды. Кез келген зайырлылықты мансұқ ететін қоғам ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін әрдайым ақпараттық-түсіндіру жұмыстары арқылы біліп, ақ-қарасын ажырата алады. Дегенмен, адамгершілік құндылық пен патриоттық рухты көтеруге байланысты ағартушылық, танымдық жұмысты тоқтатуға болмайтынына көз жеткізіп келеміз.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда нақты мақсатқа жету үшін саяси-экономикалық реформа жасау жеткіліксіз екенін айтқан болатын. Яғни, ең бастысы әр азаматтың сана-сезімін жаңғырту маңызды. Бұл тұрғыда халықтың дүниетанымы және өмірлік ұстанымдары өзгеруге тиіс. Президент айтқандай пиғыл өзгермесе, ештеңе де өзгермейді.
«Біз қазір халықаралық ахуалдың бұрын-соңды болмаған деңгейде шиеленіскеніне куә болып отырмыз. Кейбір ірі елдер өзіне қажетті күн тәртібін басқаларға таңуға, оларды өз талабына икемдеуге тырысуда. Бір-біріне мүлдем қайшы келетін түрлі идеялар мен ұстанымдар қақтығысы белең алды. Бұл қақтығыс геосаясатта немесе экономикада ғана болып жатқан жоқ. Тіпті, мәдениет пен руханиятты, құндылықтар жүйесін, басқаша айтқанда, идеология саласын да шарпуда. Мұның бәрі тұтас мемлекеттердің және халықтардың қауіпсіздігіне кесірін тигізуі мүмкін. Халықаралық ахуалдың беталысы көңіл көншітпейді. Сондықтан Қазақстан Республикасы бұрын-соңды болмаған деңгейде біртұтас болуы керек. Бүгінгі таңда елді дамытуға кедергі келтіретін нәрсенің бәрінен арылып, құндылықтарымызды нығайта түсуіміз қажет. Сонда ғана ұлттың жаңа сапасын қалыптастырамыз, сан ғасырлық мемлекеттілігіміздің тұғырын бекемдейміз. Олай болмаса, даму көшінің соңында қалып, ақырында құрдымға кетеміз. Өміршең, келешегі зор идеологиялар мемлекет пен қоғамның ортақ ізденісінің арқасында ғана пайда болады. Біз дәстүрлі құндылықтарымызды қазіргі мәдени үрдістермен үйлестіруіміз керек.», — деді Президент.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Әділетті Қазақстанды адал азаматтар құратынын айтқан болатын. Яғни, елімізде жаңа қоғамдық этика қалыптасуы керек. Онда елдің бірлігі және тұрақтылығы, азаматтардың өзара тілектестігі, әділдік, заң мен тәртіп, сенім және жауапкершілік сияқты құндылықтар үстемдік құруы қажет екенін мәлімдеген. Төлеби ауданында өткен кездесуде де мамандар жастарға осы бағытқа бейімделіп, өмірдің жарқын жолынан адастыратын деструктивті ағымдардан аулақ болуға шақырды.
Қазіргі таңда, елімізде уәкілетті мемлекеттік органдардың деструктивті ағымдарға қарсы белсенді күрестері мен алдын алу шаралары нәтижесінде көптеген радикалды сайттарға тосқауыл қойылып жатыр, сондай-ақ еліміздің түрлі оқу орындарында жасөспірімдердің діни сауатын арттыратын арнайы ақпараттық-насихаттау жұмыстары мен оқу-ағартушылық сабақтары да өткізілуде. Әр қилы деструктивтік ағымдардың салт-дәстүрімізге, дінімізге және бейбітшілігімізге тигізетін зардаптары жайлы тиісті органдар мен дін өкілдерінің қатысуымен республикалық және аймақтық деңгейдегі іс-шараларда қолға алынған.
Кездесу барысында тұрғындарға арнайы бейнеролик көрсетіліп, бүктемелер таратылды.
Ақпараттық-түсіндіру тобының мақсаты да жастардың бойына ізгілік, имандылық, отансүйгіштік, қайырымдылық, кішіпейілділік, адалдық секілді қасиеттерді сіңіру. Сондай-ақ саналы ұрпақ тәрбиелеуде отбасы маңызды рөл атқарады дейді мамандар. Демек, «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дегендей, баланы балабақшадан бастап тұлға ретінде қалыптастыруға, мектеп қабырғасында тілімізді, мәдениетімізді қастерлеуге, жоғарғы оқу орындарында ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуге үйрету маңызды. Елдің ынтымағы мен бірлігін сақтап, бейбіт өмір сүру — ең үлкен бақыт деген теолог мамандары кездесу соңында жастар тарапынан қойылған сұрақтарға да жауап берді.