Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Әлеумет » Дін мәселелерін зерттеу орталығы Бабайқорғанда түсіндірме жұмыстарын жүргізді

Дін мәселелерін зерттеу орталығы Бабайқорғанда түсіндірме жұмыстарын жүргізді

Сауран ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен Бабайқорған ауылдық округі әкімдігінің қызметкерлерімен кездесу болып өтті, деп жазады didarbek.kz.

Кездесуге Сауран ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы Н.Тажыбеков, бөлім мамандары, Түркістан облысы дін істері басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ бөлім басшысы, теолог Ж. Жорабек, Сауран ауданының бас имамы Б.Акауов және әкімдік қызметкерлері қатысты.

Жиында Түркістан облысы дін істері басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ бөлім басшысы, теолог Ж. Жорабек мемлекеттік саясатты жүргізу барысында ешкім діні бойынша ерекшелікке ұрынбайтындығын және артықшылық алмауы тиіс екендігін түсіндірді. Мемлекет қандайда бір діни салттарға қарсы емес, тек ол мемлекеттің идеологиясына, конституциясына қайшы келмеуі туралы сөз қозғалды.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексі 8-бабының тармақшасына сәйкес: Мемлекеттік қызметшілер әріптестерімен қызметтік қарым-қатынаста: әріптестеріне өзінің діни нанымдарын таңбауға, қол астындағы қызметшілерді қоғамдық және діни бірлестіктердің, басқа да коммерциялық емес ұйымдардың қызметіне қатысуға мәжбүрлемеуге тиіс. (Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы № 153 Жарлығы) түсіндірілді.

Мемлекеттік қызмет қоғам өмірінде, оның тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету және қоғамдық мүдделерді қанағаттандыру үшін ерекше рөл атқарады. Қоғам мемлекеттік қызметшілер өзінің лауазымдық өкілеттіктерін адал және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес орындайды деп сенеді. Мемлекеттік қызмет атқару қоғам мен мемлекет тарапынан ерекше сенім білдіру болып табылады және мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебіне жоғары талаптар қояды.

Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексі (бұдан әрі – Кодекс) қоғамның мемлекеттік органдарға сенімін нығайтуға, мемлекеттік қызметте өзара қарым – қатынастардың жоғары мәдениетін қалыптастыруға, сондай-ақ мемлекеттік қызметшілердің әдепсіз мінез-құлық жағдайларының алдын алуға бағытталған мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп стандарттарын белгілейтін құқықтық құжат болып табылады.

Атап айтқанда, Кодексте мемлекеттік қызметшілерге:

қарапайым болу, жалпы қабылданған моральдық-этикалық нормаларды сақтау;

мемлекет мүдделеріне және азаматтардың құқықтарына нұқсан келтіретін әрекеттерге қарсы тұру;

азаматтармен қарым-қатынаста әдептілік таныту, дөрекілік, жөнсіздік және орынсыз мінез-құлық фактілеріне жол бермеу, өзінің іс-әрекетімен және мінез-құлқымен сынға себепкер болмау;

азаматтардың көз алдында мемлекеттік органдардың абыройы мен беделін түсіретін іс-әрекеттер жасауға жол бермеу;

жеке сипаттағы мәселелерді шешу кезінде мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, мемлекеттік қызметшілер мен өзге де адамдардың қызметіне ықпал ету үшін қызметтік жағдайын, сондай-ақ онымен байланысты мүмкіндіктерді қоғамдық және діни бірлестіктердің, басқа да коммерциялық емес ұйымдардың мүдделерінде, оның ішінде оларға өзінің көзқарасын насихаттау үшін пайдаланбау;

мемлекеттік меншіктің сақталуын қамтамасыз ету, мемлекеттік мүлікті тек нысаналы мақсаты бойынша, лауазымдық міндеттерін және рұқсат етілген қызмет түрлерін орындау үшін пайдалану көзделген.

Кодекс қызметтік қатынастардағы мінез-құлық стандарттарын да айқындайды.

Мемлекеттік қызметшілер әріптестерімен қызметтік қарым-қатынаста:

ұжымда іскерлік және жанашыр өзара қарым-қатынас пен сындарлы ынтымақтастықты орнату мен нығайтуға ықпал етуге;

басқа мемлекеттік қызметшілер тарапынан қызметтік әдеп нормаларын бұзудың жолын кесуге не оған жол бермеу жөнінде өзге де шараларды қабылдауға;

ұжымда әріптестерінің ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін жеке және кәсіби қасиеттерін талқылаудан тартынуға;

өзінің мінез-құлқымен бейтараптықтың, әділдіктің, риясыздықтың, жеке адамның ар-намысы мен қадір-қасиетіне құрметпен қараудың үлгісі болуға;

қызметшілердің ар-намысы мен қадір-қасиетін кемсітушіліктің және оған қолсұғушылықтың кез келген нысандарын болдырмайтын қолайлы моральдық-психологиялық ахуал жасауға бағытталған шаралар қабылдауға;

жалпыға бірдей қабылданған моральдық-әдептілік нормаларға үйлеспейтін әрекеттер жасауға мәжбүрлемеуге;

әріптестеріне қатысты негізсіз айыптауларға, дөрекілік, қадір-қасиетін кемсіту, әдепсіздік және бейәдеп мінез-құлық фактілеріне жол бермеуге;

әріптестеріне өзінің діни нанымдарын таңбауға, қол астындағы қызметшілерді қоғамдық және діни бірлестіктердің, басқа да коммерциялық емес ұйымдардың қызметіне қатысуға мәжбүрлемеуге тиіс.

Кодекс сонымен қатар көпшілік алдында сөйлеуге байланысты мінез-құлық стандарттарын белгілейді.

Атап айтқанда, мемлекеттік қызметшілер мемлекеттік саясат және қызметтік жұмыс мәселелері жөніндегі өз пікірін, егер ол мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарына сәйкес келмесе, жариялауға рұқсат етілмеген қызметтік ақпаратты ашатын болса және мемлекеттің лауазымды адамдарының, мемлекеттік басқару органдарының, басқа да мемлекеттік қызметшілердің атына әдепсіз сөздерді қамтитын болса, көпшілік алдында білдірмеуге тиіс.

Мемлекеттік қызметшілер қызметтен тыс уақытта қоғамдық имандылыққа қолсұғумен ұштасатын қоғамға жат мінез-құлық жағдайларына жол бермеуге тиіс.

Қазіргі уақытта халқының басым бөлігін мұсылмандар құрайтын елімізде христиан және басқа дін өкілдері ешбір қысым көрместен, мұсылмандармен бейбіт қарым-қатынаста араласып, ымыраластықта өмір сүруде. Еліміздің әр қаласында олар өздерінің діни бірлестіктерін құрып, құлшылық үйлерін тұрғызып, ешқандай кедергісіз ғибадаттарын жасап жатыр. Осындай кезде өзін мұсылманмын деп есептейтін адамды бес уақыт намаз оқымағаны үшін ғана кәпір деп айыптап, мал-мүлкін өзіне адал қылған жат діни ағым ұстанушыларының әрекеті ислам дінімен еш байланыспайтынын ескерте кеткен орынды. Адами құндылықтары жоғалған және өздерін ғана ақиқатты ұстанушылар ретінде есептейтін олар нағыз исламның өзге дін өкілі болса да адам өміріне құрметпен қарайтынын білмесі анық.

Ислам діні яһудилер мен христиандарға қатысты «Әһлі кітап», яғни кітап иелері деп атайды. Олардың қыздарына үйленуге рұқсат. Тіпті олардың тамақтарын да (Ислам діні бойынша анық арам етілген тамақтардан басқа) жеуге болады. Бұл туралы Құран Кәрімде Алла Тағала: «Бүгін сендерге жақсы нәрселер халал етілді. Кітап берілгендердің (христиан, яһуди) тамағы (бауыздағандары) халал етілді. Сендердің тамақтарың оларға да халал етілді. Және мүміндерден абыройлы әйелдермен әрі сендерден бұрын Кітап берілгендерден (христиан, яһуди) де абыройлы әйелдермен мәһірлерін беріп, бой суытушы, астыртын көңілдес болмай үйленулерің халал етілді», –  деген («Мәида» сүресі, 5-аят).

Біздің елімізде әрбiр адамның наным-сенім бостандығына, азаматтардың діни сеніміне деген құрмет ерекше. Еліміздің кез келген азаматы дiндердiң мәдени және тарихи құндылығы мен конфессияаралық келiсiмнiң маңыздылығын, дiни төзiмдiлiк пен азаматтардың дiни нанымдарын шын құрметтейді. Ал 2011 жылы 11 қазанда қабылданған Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңы азаматтардың дiни сенiм бостандығына кепiлдiк береді. Елімізде белгілі бір міндетті немесе ресми діннің болмауы – азаматтардың діни сенім еркіндігін қамтамасыз етеді. Яғни, республиканың әрбір азаматы өз бетінше әрі ешкімнің мәжбүрлеуінсіз қай дінді болса да таңдау еркіндігіне ие деген сөз.

Біздің мемлекетіміз әлем елдері арасында діни толеранттылық идеясын таратып, халықтар мен діндер арасындағы келісім мен түсіністікке толық қол жеткізуге болатынын дәлелдеді. Сонымен қатар, Қазақстан халқы Ассамблеясының ХІ сессиясында мұсылмандық – «Құрбан айт мерекесі» және православиялық – «Рождество мерекесін» 2001 жылдың 13 желтоқсанында қабылданған «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» Заңына сәйкес ресми мерекелердің қатарына қосылуы – халықаралық деңгейде мойындалған Қазақстан қоғамындағы рухани келісім мен өзара түсіністіктің дамуының айқын дәлелі. Белгілі исламтанушы Ерболат Жүсіп өзінің бір мақаласында: «Ислам барша адамзатқа әділдікті үлгі, зұлымдықты харам етеді. Өзара жәрдем беру, мейірімді де рахымды, бауырмашыл болу – оның ұлық тәлімдерінен. Ислам діні ақыл мен парасатты жоғары қоя отырып, өзгенің де ой-пікіріне құрметпен қарайды. Адамды бір ғана сенімге арқандап, оған қатаң көзқарастарды таңбайды, оған ешкімді мәжбүрлемейді. Құран Кәрімде: «Дінде зорлық жоқ» («Бақара» сүресі, 256-аят) делінген. Бұл – дініміздің ұстанымы, адамзатқа көрсеткен жолы, Алла Тағаланың нығметін қадірлеу, салиқалы мақсат қоюына көмектесу деп бағамдаймыз. Жаратушы Иеміз әлемдегі барлық іс-шаралардың ақ-қарасын ажыратып бергеннен кейін адам баласының қай жолды таңдауын өз еркіне салады», – дейді.

Бүгінде қазақ қоғамы осы дін талаптарының үдесінен шығып, дін өкілдері арасындағы достық пен ынтымақтың үлгісін паш етіп отыр. Дінаралық диалог пен конфессияаралық келісімнің отаны – Қазақстан деп ауыз толтырып айтуға негіз бар. Оның жарқын бір үлгісі – мемлекет тарапынан дін саласында жүргізіліп жатқан жұмыстар. Бүгінгі таңда елімізде 18 конфессияға бөлінген 3800-ге жуық діни бірлестіктер жұмыс істеп тұр. Бұл деректердің барлығы Қазақстанда дінаралық түсіністік салтанат құрғандығын және мемлекет тарапынан діни бірлестіктерге барынша қолайлы жағдайлар жасалынғанын көрсетке керек. Қай ұлттың немесе діннің өкілі болса да ешкімнің заң бұзуына, заңнан аттауына тыйым салынады. Қазақстандық заңнама аясында қай дінге сенемін, қай сенімді ұстанамын десе өз еркі. Бұл ашық та толерантты қоғамның айқын белгісі.

Қазақстан – зайырлы мемлекет және діни бірлестіктердің мемлекеттен бөлінуі Қазақстан Республикасының ар-ождан және дін бостандығы принциптері, азаматтардың тең құқығы бар демократиялық, зайырлы және әлеуметтік мемлекет құруға бейілділігін растайтынын, сондай-ақ әртүрлі діни бірлестіктегі азаматтардың тең құқықтарын, мемлекеттің діни бірлестіктердің ішкі істеріне араласпау принципін және халықаралық қоғамдастық қабылдаған басқа да негізгі нормаларды білдіреді. Қазақстандағы евангел сеніміндегі христиандар одағының төрағасы Юрий Шумаев еліміздегі діни бірлестіктердің ұстанымы мен мәртебесіндегі оң өзгерістер мен діндарлардың құқықтарын қамтамасыз ету туралы пікірін білдірді:

— Еліміздің демократиялық қоғамының дамуы мен нығаюы барысында басқа да жаһандық реформалармен қатар мемлекет пен діни бірлестіктер арасындағы қарым-қатынаста, түрлі діндер мен конфессиялар өкілдері арасындағы қарым-қатынаста да өзгерістер орын алуда. Қазақстан Республикасының Конституциясына және 1992 жылы қабылданған Қазақстан Республикасының «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» Заңына сәйкес діндарларға өз дінін еркін ұстануға мүмкіндік берілді. Дін саласындағы қатынастарды реттейтін құқықтық база мен заңнамалық база Қазақстандағы діни бірлестіктердің жағдайын өзгерткен маңызды факторға айналды, — деп есептейді ол.

Елімізде бірлік, бейбітшілік пен еркіндік атмосферасын қалыптастыру, діни бірлестіктердің мемлекеттік ведомстволар мен органдар өкілдерімен, түрлі діни конфессиялар, қоғамдық ұйымдар және қоғам өкілдерімен перспективалы жемісті өзара іс-қимылы үшін мемлекетіміздің маңызды мақсаттары діни қызмет саласындағы қатынастарды дамыту және жетілдіру болып табылады. Бүгіннің өзінде Алматыда діндер көшбасшыларының конфессияаралық клубы өтіп жатыр. Діни бірлестіктер мен олардың жетекшілері грамоталармен және алғыс хаттармен марапатталады. Мемлекеттің протестанттық шіркеулерге деген көзқарасы Қазақстанның көптеген өңірлерінде қайырымдылық шаралары, бұқаралық ақпарат құралдарының ескертулері, азық-түлік себеттерін бірлесіп жеткізу және т.б. шаралардың арқасында түбегейлі жаңа деңгейге көтерілген. Бұл үрдіс тұрақты түрде жалғасады деген үміттеміз.

Дін саласындағы қатынастарды, сондай-ақ республикадағы соңғы жылдардағы діни процестерді реттейтін Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне талдау жасау діни бірлестіктердің жағдайы мен мәртебесінде, сондай-ақ Қазақстандағы діндарлардың құқықтарын, олардың қызметін қамтамасыз етуде айтарлықтай оң өзгерістер туралы айтуға негіз береді.

Толық азаматтық қоғам құру мақсатында еліміздің саясаты конституциялық қағидат – дінді мемлекеттен бөлу, ар-ождан және діни сенім бостандығы, барлық азаматтар мен діни бірлестіктердің заң алдында тең құқықтары қағидаттарын орындауға бағытталған. Діни бірлестіктер жетекшілері мен мемлекеттік органдар арасында қалыптасқан жылы да сенімді қарым-қатынастар елдегі көңіл-күй мен жалпы рухани ахуалға игі ықпал етуде. Бүгінде Қазақстан діни сенім бостандығының, барлық діндер мен конфессиялардың бірлігі, бейбітшілік пен келісімнің халықаралық деңгейіне жету жолында, сонымен қатар біздің көпұлтты қоғамымыз көптеген конфессиялар өкілдерінің достығы мен толеранттылығының, ынтымағы мен өзара құрметінің үлгісін көрсетуде.

 

Пікір жазу