Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен Түркістан облысы әкімдігі жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссия отырысы өтті, деп жазады didarbek.kz.
Жиынға Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Мұрат Төлеубаев, барлық құзырлы орган бастықтары, облыс әкімінің орынбасарлары және басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдері қатысты. Мәжілістің күн тәртібінде 5 мәселе қаралып, оны шешу жолдары талқыланды.
Комиссия отырысында облыстың ауыл шаруашылығы саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жүргізілген сыртқы талдау қорытындысы айтылып, саладағы жемқорлықтың алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар баяндалды. Сондай-ақ ұзаққа созылған құрылыс нысандары және инфрақұрылым бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтылды. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдер картасына енгізілген жылу электр станциялары мен жылыту қазандықтары бойынша өзекті мәселелер, апатты жағдайлардың алдын-алу жұмыстары туралы және сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және жер сілкінісіне төзімділік бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндалды. Білім беру ұйымдарындағы есеп-қисаптағы сыбайластықты жою бойынша бірыңғай цифрлық есептеу жүйесін автоматтандырудың пилоттық жобасы аясында іске асырылып жатқан жұмыстар баяндалды.
Түркістан облысының әкімі ауыл шаруашылығы саласындағы субсидия беру кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу бойынша нақты шаралар қабылдауды, заңсыз берілген субсидияларды мемлекетке қайтару жұмыстарын жүргізуді, анықталған кемшіліктерді жоюды және алдағы уақытта жол бермеу мақсатында жүйелі шаралар қабылдауды тапсырды.
Түркістан облысының агроөнеркәсіптік кешені – жалпы өңірлік өнімнің 20 %-ын құрайды. Облыста 80 мыңнан астам агроқұрылым жұмыс істейді, бұл –республикалық көрсеткіштің 33%-ы. Жыл сайын 30 мыңға жуық агроқұрылымға мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Өткен жылы 9 бюджеттік бағдарлама бойынша 37 млрд. теңге қаржы бөлінсе, биылғы жылға 39,8 млрд. теңге қаржы қарастырылған.
Келесі мәселеге қатысты облыс әкімі Дархан Сатыбалды құрылысы тоқтап қалған әр нысан бойынша жұмыстарды аяқтау үшін арнайы жол картасын әзірлеуді және құрылыс нысандарын мерзіміне сәйкес сапалы аяқтап, пайдалануға беруді тапсырды.
Сонымен қатар Кентау қаласында ЖЭО бойынша да тақты тапсырмалар берді. Қазіргі таңда онда екі қазандықтың қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Осы жылдың соңына дейін қосымша 4 қазандыққа қайта жаңғырту жұмыстарын сапалы аяқтау қажет. Өңір басшысы №5 жылу энерго орталығының қайта құру жұмыстарына резервтен қаражат бөлу бойынша тиісті жұмыстар жүргізуді жүктеді.
Күн тәртібіндегі төртінші мәселе бойынша облыс әкімі жер сілкінісі болған жағдайда бекітілген алгоритмге сәйкес нақты шаралар жүргізуді тапсырды. Жер сілкінісінің нақты қауіптілігін анықтау үшін сейсмикалық аудандастыру картасын әзірлеуді, төтенше жағдай болған кезде іс-қимыл ережелерін түсіндіру бағытындағы жұмысты жандандыруды міндеттеді.
Білім саласындағы жемқорлықтың алдын алу бойынша жаңа бағытта жұмыс жасауды тапсырған облыс әкімі цифрлық есептеу жүйесін автоматтандыру бағытындағы жұмысты жандандыруды, білім саласында қордаланған мәселелерді шешу үшін кезең-кезеңге бөлінген іс-шаралар жоспарын бекітуді қадап айтты.
– Сыбайлас жемқорлықпен жан-жақты күресу мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Бүгінгі мәжілісте қозғалған өзекті мәселелер сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың белсенділігін арттыратынына сенім білдіремін. Бағынысты қызметкерлердің сыбайлас жемқорлығы үшін жауаптылық тікелей бірінші басшыға жүктелген. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында өз ұжымдарыңызда тұрақты түрде қажетті шараларды қабылдауларыңыз қажет, – деді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – мемлекетіміздің бірден-бір қолға алған факторларының бірі. Оның алдын алу үшін көптеген іс-шаралар қолданылып, атқарылған жұмыс аз емес. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде: «Өкінішке қарай, сыбайлас жемқорлық әлі де біздің қоғамның ауыр дерті болып отыр. Сыбайлас жемқорлық мемлекеттердің көпшілігінде бар. Қазақстан да одан сырт қалған жоқ. Онымен қалай күресіп жатыр немесе қалай әшкерелеп отыр – ол басқа мәселе», деп атап өтті. Қазіргі таңда сыбайлас жемқорлық ауқымдылығына ғана байланысты ерекшеленеді.
Сыбайлас жемқорлықпен күрес – қоғам талабы. Мінсіз қоғам – жемқорлықсыз қоғам, салауатты өмір – парақорларсыз өмір, мықты мемлекет – жемқорларсыз мемлекет. Еліміз елу елдің қатарына ену үшін аяқ басқанда айналамызды ашкөз алаяқтардан аластап, қоғамды тазарту – азаматтық міндетіміз. Қазақстан Президенті сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес еліміздің стратегиялық дамуының негізгі басымдықтарының бірі екенін айтты. Бұл бағытта бірқатар маңызды міндет атқарылған, атап айтқанда, Қазақстан халықаралық ГРЕКО ұйымына мүше болды, қарамағындағы қызметкердің сыбайлас жемқорлыққа қатысы анықталған жағдайда оның басшысының қызметінен босатылуы заңмен бекітілді, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін заңнамамен сараптау жұмыстары күшейтілді.
«Сыбайлас жемқорлықтың себебі мен шарттарын жоймай онымен күресу, бұл – жел диірменмен алысу. Халық әлдебір шенеуніктің немесе басшының жай жауапкершілікке тартылғанын көріп қана қоймай, ол жұмыс істеген мемлекеттік мекемеде енді мұндай жағдайдың қайталанбайтынын дәлелдейтін түбегейлі өзгерістердің орын алғанына куә болуы керек. Әзірге мен мұндай кешенді және түбегейлі жұмысты көріп отырған жоқпын. Шенеуніктер шеңбер жасап, бірінен кейін бірі ауысып жатыр. Ал жүйелі проблемалар шешілмеген күйі тұр», деді Қасым-Жомарт Тоқаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөнінде кеңесте сөйлеген сөзінде.
Сонымен қатар сыбайлас жемқорлықпен пәрменді күресу үшін халықтың құқықтық сауатсыздығын жоятын, құқықты түсіндіру жұмысының деңгейі мен сапасын арттыру керектігінің маңызы зор. Халық өз құқығын, өздеріне қарсы қандай да бір құқыққа қайшы іс-әрекет жасалған жағдайда қандай іс-қимыл қолдану керектігінің нақты жолдарын толық білулері қажет. Конституциялық тәртіпті қорғау, сыбайлас жемқорлықпен күрес аясында тиімді, бірыңғай жалпы мемлекеттік саясат жүргізу, мемлекет пен азаматтардың өмір сүруінің барлық салаларында сыбайлас жемқорлық пен оның көріністері деңгейін төмендету, қоғамның мемлекетке және оның институттарына сенімін нығайту бүгінгі күндегі басты мақсат болып отыр.
Осы мақсаттағы жұмыстарды жүйелі жүргізуге тағы бір серпін ретінде «Қазақстан Республикасында қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту және құқық қорғау қызметін одан әрі жетілдіру жөніндегі қосымша шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы қолданысқа енгізілген. Бұл Жарлық еліміздегі құқық қорғау органдары қызметтерін жетілдіруге бағыттала отырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекеттермен олардың пайда болуының алдын-алуда жүйелі, әрі тұрақты шаралар атқаруды қамтамасыз етеді. Сыбайлас жемқорлық тек құқық бұзушылық емес. Бұл мемлекеттің тиімділігіне деген сенімді төмендетеді және ұлттық қауіпсіздікке тікелей қатер төндіреді. Сондықтан мемлекет пен қоғам сыбайлас жемқорлыққа қарсы бірігіп, әрекет етуі керек.
Біздің мемлекетіміз, басқа да көптеген мемлекеттер сияқты, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оны болдырмау мақсатында қарқынды жұмыс жүргізуде. Қазіргі уақытта, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі негізгі принциптерін айқындап, сыбайлас жемқорлыққа байланысты құқық бұзушылықтың түрлерiн, сондай-ақ міндеттемелік шарттарын белгілеп, сыбайлас жемқорлыққа байланысты құқық бұзушылықтың алдын алу, анықтау, жолын кесу және ашу, олардың зардаптарын жою және кiнәлiлердi жауапқа тарту арқылы сыбайлас жемқорлық қарсы күрес туралы заң азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, сыбайлас жемқорлық көрiнiстерiнен туындайтын қауiп-қатерден Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, мемлекеттік функцияларды орындайтын мемлекеттік органдар, лауазымды тұлғалар және оларға теңестірілген тұлғалардың тиімді қызметін қамтамасыз етуге бағытталған.