Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Әлеумет » Сауран ауданы көлемінде дін саласындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету бойынша жиын өтті

Сауран ауданы көлемінде дін саласындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету бойынша жиын өтті

Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров аудан аумағындағы Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасына қарасты имамдармен кездесіп, пікір алмасты. Ауданның бас имамы Бауыржан Ақауов бүгінгі таңда аудан бойынша діни ахуал жайлы кеңінен баяндап өтті.

Сауран ауданында Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасына қарасты — 37 мешіт, 16-намазхана жұмыс істейді. 37 мешітте 56 діни қызметкер жұмыс жасайды. Кездесуде ауданның бас имамы ауданға қарасты барлық мешіттер мен намазханалардың құжаттарын заңдастырылып жатқанын, мешіттерге бейне бақылау камераларын қою бағытында атқарылып жатқан жұмыстарын атап өтті.

 Аудан көлемінде дін саласындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету бойынша аудандық ақпараттық-түсіндірме жұмыс тобы жұмыс жасайды. Жергілікті ақпараттық-түсіндірме тобының мүшелері мен облыстық «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің дінтанушы, теолог мамандары жат діни ағымдардың қауіптілігі, тиым салынған діни экстремистік ұйымдар жөнінде мектептерде, арнаулы оқу орындарында, мекемелерде, елді мекен тұрғындары арасында жыл басынан бері 35 кездесу ұйымдастырылып, оған 1200-ден астам адам қамтылған.

«Ел бірлігі — бәріміздің де басты мұратымыз. Ең бастысы, көп ұлтты Қазақстандағы ұлтаралық, дінаралық келісім мен татулық — халқымыздың әл-ауқатының жақсаруының, ел экономикасының өркендеуінің басты кепілі. Қай заманда болмасын сан қилы кезеңдерді бастан өткерген еліміз қиындықтарды бірлесіп жеңіп отырған. Бірін бірі сабыр сақтауға шақырып, «Бірлік бар жерде – тірлік бар» деп ынтымақ бірлігін бекіте түскен. Демек тындырымды тірліктің, дамудың да, бейбітшіліктің де бастауы бірлік екені сөзсіз», — деді аудан әкімі.

 Аудан әкімі имамдарға мешітке келетін жамағатқа, түрлі деңгейдегі астарда елді бірлікке, ынтымаққа шақыруда жүйелі жұмыс жүргізу керектігін атап өтті. Осы орайда, дін өкілдерінің қоғам алдындағы міндеттері, жамағатты жақсылыққа шақырып, жамандықтан қайтарып, қоғамдық істерде белсенділік таныту керектігі айтылды. Кездесу соңында аудан әкімі Мақсат Таңғатаров дін өкілдері тарапынан айтылған барлық ұсыныстарына қолдау көрсететінін жеткізді.

Түркістан облысында халық санының басым бөлігі Ислам дінін дәстүрлі түрде ұстанады деп айтуға болады. Сондықтан да саны жағынан ең басым діни бірлестік Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасы болып табылады. Республика бойынша 18 конфессияны қамтитын 3877 діни бірлестік тіркелген. Елімізде жалпы ҚМДБ қарасты 2744 діни бірлестік болса, соның ішінде Түркістан облысында 765 мешітте 1112 дін қызметкері жұмыс атқарады. Олардың 18% ғана жоғары білімді. Ал 29% орта арнаулы (медресе) және қалған 53% діни сауат ашу курстарында білім алумен шектелген. Халық тығыз шоғырланған және ұлттық құрамы әр алуан өңір үшін білімді де білікті имамдар қашан да қажет.

 Түркістан облысында ресми тіркелген 1 миссионер бар.  Еліміздің дін саласындағы негізгі мәселелері дәл қазіргі таңда құқықтық, ұйымдастырушылық тұрғыдан бір қалыпқа салынды десек болады. Солардың ең негізгісі қоғам арасында түрлі бүліктер шығарып, отбасылық және туысқандық қарым-қатынастың үзілуіне, мешіттерде имамдарымызға бағынбайтын, ұлттық құндылықтарымызды дұрыс емес деп, мансұқтап жүрген ағым өкілдеріне заң шеңберінде, құқықтық тұрғыдан ықпал ету мәселесі кемшін.

Діни білім алу мәселесі де қай уақыт болмасын күн тәртібінен түспеген тақырып. Елімізде 13 діни оқу жұмыс атқарады, оның ішінде Ислам бағытында – 11  (1-«Нұр-Мүбарак» университеті, 5-медресе колледжі, 4-медресе, ҚМДБ жанындағы Имамдардың біліктілігін арттыру бойынша 1-ислам институты), Христиандық бағытта — 2 (1 — Алматы православие семинариясы және 1 – Қарағанды қаласындағы «Мария — ШіркеуАна» епархияаралық жоғары діни семинариясы). Білім алушылардың жалпы саны – 4378 адам. Сонымен қатар елімізде ЖОО-да арнайы дін саласы бойынша Астана қаласындағы Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ, Алматы қаласындағы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ университеті, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті исламтанушы, дінтану, теология салалары бойынша мамандар дайындауда. Алайда, еліміздегі мешіттердің 4/1 Түркістан облысында орналасқандықтан, тиісінше кадр тапшылығы да сезіледі.

Облысымызда алғаш Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде теология факультетінің ашылуы дін саласындағы маңызды жаңалықтардың бірі болды. Теология саласындағы жоғары кәсіби мамандарды дайындайтын арнайы бөлім ретінде қосылды. Факультетте Оқытушы-профессорлар құрамы 15 адамнан тұрады. Халықаралық Қазақ-түрік университеті 1991 жылы Түркістанда Елбасы Н.Назарбаевтың Жарлығымен ашылған. Білім ордасынан отыз жылдың ішінде 80 мыңдай түлек түлеп ұшты.

Қорыта келе облыс аумағында терроризм актілеріне ден қою, сонымен қатар, терроризм салдарын барынша азайту және (немесе) жою дайындығының деңгейі бойынша да  тұрақты жұмыстар жүргізіліп тұрады.  Атап айтқанда, әлеуметтік желілерде (фейсбук, инстаграм) парақшаларында теріс діни ағым жолдарын алдын-алу мақсатындағы материалдар, жергілікті баспа беттерінде мақалалар шығарылып отырады.  Орталық мамандарының ұсынған үгіт-насихат материалдары облыстық қала, аудандардың жергілікті  БАҚ беттерінде жарыққа шығарылуда. Түркістан облысындағы діни жағдай тұрақты деп айта аламыз.

Кез келген елдің тілегі де, арманы да халқының бейбітшілігі мен бірлігін сақтау екені сөзсіз. Өйткені, бейбіт өмір – бақыт, береке, бірлік әкелумен қатар болашаққа өрлеу мен өркендеуге жол ашады. Дана халқымыз «Байлық байлық емес, бірлік – байлық» деп бекер айтпаса керек.

Бұқара халық әрдайым тыныштықта, мәңгілік бейбіт өмір сүруді армандайды. Ал, ұрпағының амандығы – келешегінің кемелдігін білдіреді. Өткен тарихқа көз салсақ, адамзат небір сұрапыл соғыстардан көз ашпады. Қаншама елдер соғыс зардабынан құлдырап, азып-тозды. Талай жазықсыз жандар сол зұлматтың зардабын шекті. Мұның барлығы бейбітшілік кеткен жерді берекесіздік жайлайтындығын тайға таңба басқандай етіп анық көрсетуде. Бірлікті сақтау, соғыс отын тұтатпау, бейбітшілік үшін күресу – қазіргі ХХІ ғасырдың да ең өзекті мәселелерінің бірі деп айтуға болады.

Сауатты да саналы, парасатты елдің ұрпағы өткеніне көз жіберіп, ата-бабасының жолынан сабақ алары ақиқат. Сонысымен тарихын бағамдап, келешегін кемелдей түседі. Біз де өткенімізге үңіле қарайықшы. Қазақ халқы да тағдырдың талай қатал сынын басынан кешті. Салдарынан жер бетінде ұлт ретінде жойылып кету қаупі әлсін-әлсін қайталанды. Соғыстар, көтерілістер, онан қалды ашаршылықтар мұның барлығы халықтың қырылып, азып-тозуына әкеп соқты. Әйтседе, «мың өліп, мың тірілген» бабаларымыз бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығаруының нәтижесінде бүгінгі бейбіт аспанға қол жеткізді.

Қай ұлт, қай ел болмасын бейбітшілікті, бірлікті, ашық аспан мен бақытты, терезесі тең, керегесі кең елдер қатарында болуды аңсайды. Өйткені, татулық пен келісім, бейбітшілдік пен тұрақтылық бар елді бақыт өзі іздеп келеді. Қабан (Қабылиса) жырауда:

Бақыт қайда барасың?

Көршімен болған бірлігі,

Тағат, ғибадат тірлігі

Ұйымшыл елге барамын, – деп жырлаған екен. Бабаларымыздың мұндай жырлары талай санаға сәуле құйып, түсінген жанға үлкен үгіт болатыны сөзсіз.

Иә, адамдар арасында бірлік болса, олар ынтымақта, тату-тәтті өмір сүреді. Өзара сыйласып, ұйымшылдық көрсеткен кезде ғана бірлікке қол жеткізуге болады. Халқының қамын жеген Әлихан Бөкейханов: «Қазақ баласы бірігіп, тізе қосып іс қылса – халықтық мақсат сонда орындалады. Бостандыққа апаратын жалғыз жол – ұлттық ынтымақ қана» – деп ынтымақ-бірлікке үндеген. Ал, ынтымақ-бірлікке апаратын жол халықтың өзара тату болуы.

Дана халқымыз: «Татулық табылмас бақыт», «Жолдасы көптің – олжасы көп» – деп тектен-тек айтпаса керек. Хакім Абай атамыз: «Татулықтан артық жолдас жоқ» – деген.Бейбітшілікте, есендікте өмір сүруге ұмтылу қазақ халқының қанына сіңген асыл қасиеттерінің бірі екені сөзсіз. Мемлекет басшысының: «Қазақ халқы сан ғасырлар бойы өзінің егемендігі мен тәуелсіздігі үшін күресіп келді. Өзінің ең жақсы қасиеттерінің: қатер төнген сәтте бірігіп, ұйымдаса білуінің, сондай-ақ басқа халықтармен бейбітшілік, келісім мен тату көршілік жағдайында тұруға деген ынта-ықыласының арқасында ол тарих тасқынының астында қалып қоймай, өзінің мемлекеттігін қалпына келтіре алды», – деген сөзі кешегі мен бүгінгі тарихымызды ұштастырып тұр. Тіпті қазақ жеріне табан тигізген әлем саяхатшылары, ғалымдар, дипломаттар естеліктерінде қазақ халқының қонақжай, сабырлы, ежелден бейбітшілік пен ынтымақ сүйгіш, өз бетінше ешкімге ұрынбаған, соғыс ашпаған ел екенін сүйсіне жазған.

Тәуелсіздікке қол жеткен тұстан бері де бұл қасиеттерден айнымаған халқымыз ел егемендігіне де үлесін қосып келеді. Бүгінде азат ел атанған, өзін әлемге ынтымағы жарасқан ел екендігін мойындата білген Қазақстан – ғаламдық татулықты сақтау мен нығайту ісінде өзге елдерге үлгі екені жасырын емес.«Бірлігі бар елдің белін ешкім сындырмас» дейді ұлы халқымыз. Расында халықтың ынтымағы мен ауызбірлігін сақтау әрқашанда маңызды болып қала бермек. Кешегі бабалар өмірі де мұны бізге сабақ етеді.

Бала Төле би жасы жүзге келіп отырған Әнет бабамен кездесіп ынтымақ, ел бірлігі жөнінде әңгіме өрбітеді. Төле: «Қалай еткенде бірлік болады, оның күші қандай болмақ?» дегенді сұрайды. Сонда Әнет баба әуелі жауап айтпас бұрын бір бума солқылдақ шыбық алдырады.

– Балам, мынаны сындырып көрші?

Төле буылған шыбықты олай-бұлай иіп сындыра алмайды.

– Енді сол шыбықты біртіндеп сындыршы?

Төле ортасынан буылған шыбықты шешіп, біртіндеп оп-оңай сындырып береді. Әнет баба:

– Бұдан не түсіндің, балам? – дейді.

Сонда Төле бала:

– Түсіндім, баба! Бұл мысалыңыздың мәнісі: ынтымағы, бірлігі мықты елді жау да, дау да ала алмайды. «Саяқ жүрген таяқ жейді» демекші, бірлігі, ынтымағы жоқты жау да, дау да оп-оңай алады дегеніңіз ғой.

– Бәрекелді, балам, дұрыс таптың. Ел билеу үшін алдымен елді ауызбірлікке, ынтымаққа шақыра біл. «Бақ қайда барасың, ынтымаққа барамын» дегеннің мәнісі осы, – депті Әнет баба.

Ел ынтымағын орнатып, бірлікті сақтауға дініміз қалай қарайды?! Қазақ халқы да ежелден ислам дінінің болмысына сай ғұмыр кешіп келеді. Араб тілінен алынған «Ислам» сөзі – амандық, есендік, мойынсұну, бағыну деген мағыналарды қамти отырып, «бейбітшілік» діні дегенді білдіреді. Құранда «бейбітшілік» деген мағынаны білдіретін «сәлам» сөзі көптеген аяттарда кездеседі. Ал қасиетті кітабымыз Құран адамзат баласына ынтымақ пен бейбітшілікті насихаттап қоймай, бүкіл әлемді татулыққа, достыққа, әділдікке шақырумен келеді. Алла Тағаланың 99 көркем есімдерінің бірі де – «әс-Сәләм». «Есендік беруші», «Өзінің жаратқан мақұлықтарына амандық беруші» деген мағыналарды қамтиды.

Олай болса, Алланың ақиқи діні ислам адам өмірінің бейбітшілік пен тыныштықта болуын қалайды. Тіпті, соңғы Елшісі Мұхаммед барша үмметін бақытты өмір сүруге үндеді. Құран мұны былайша қуаттайды: «Расында, Біз сені барша әлемдерге рақым шуағы етіп жібердік», – делінген («Әнбия» сүресі, 107-аят). Мұсылман баласының бір-бірін көргенде қол алып, құшақ жая сәлемдесуінің өзі бауырластықты, бірлік пен бейбітшілікті меңзейді.

Қасиетті Құранда: «Алла құзырындағы дін, тек – Ислам ғана» («әл-Имран» сүресі, 19-аят) делінеді. Аталған аят исламның жер бетінде бейбітшілік пен тыныштықты орнату үшін жіберілген соңғы дін екенін көрсетуде. Шынында ислам бейбітшілікке үндейді. Ал мұсылман баласы сол бейбітшілікті өзінің іс-әрекетімен, пайым-парасатымен, көркем әдебімен көрсете түседі. Міне, сонау ықылым заманнан мұсылманшылықты ту еткен халқымыз, өмір болмысында татулыққа бекем болған. Дініне берік болып, өзара бөлінбеген, бірігіп ел бола білген.

Ал қоғамнан, жамағаттан бөлінушілік жайында мынадай ескерту жасаған: «Сендерге бірге болуларыңды өсиет етемін. Бөлініп шығудан өте қатты сақ болыңдар. Себебі, шайтан жеке дара өмір сүрген кісіге жақын болады. Бірге болған екі адамнан алыс тұрады. Кімде-кім жәннаттың қақ ортасында өмір сүргісі келсе, көпшілікпен бірге болуға мән берсін» (Тирмизи, Фитан 7).

«Мұсылман қоғамынан бір қарыс болса да бөлінушілікке түскен кісі – мойнындағы ислам жібін үзгенмен тең» (Тирмизи, Әдеп 78). «Жамағаттан (көпшіліктен) бөлінбеңіздер. Мынаны біліп қойыңыздар, көпшіліктен бөлінгенді бөрі жейді» (Әбу Дәуід). «Алланың жәрдемі көпшілікпен бірге» (Әбу Дәуід). «Жамағатта (бірлік пен ынтымақта) рақымдылық бар, ал бөлінушілікте азап бар» (Тирмизи, Фитан 7).

Жаратушы Алла Тағала қоғамның тыныштығын бұзатын бүлік пен іріткі салушылыққа қатаң түрде тыйым салады. Аятта: «Алла бүлік шығарушыларды сүймейді» («Мәйдә» сүресі, 64-аят) делінген. Тағы бір хадисте: «Кімде-кім бағынудан бас тартып, жамағаттан бөлініп кетсе әрі сол кеткен күйінде өлетін болса, онда ол надандық өліммен өлген болып есептеледі», – дейді. Шындығында, ислам – мейірім, сыпайылық, көркемдік және бірлік діні.

Мұсылман баласы қандай жағдайда болмасын сабырлы болу керек. Бүліктен әрдайым өзін аулақ ұстауы қажет. Құранда Алла Тағала былай дейді: «Егер сабырлы және тақуа болсаңдар, олардың (яғни дұшпандардың) арам ойлары сендерге еш зиян тигізбейді» («Әли-Имран» сүресі, 120-аят).

Ислам жеке тұлғаның, отбасының, қоғамның, қала берді бүкіл ғаламның бақыты мен бейбітшілігін қалайтын дін. Үлкендерге құрмет көрсету, кішілерге мейірімді болу, ата-анаға бойсұнып, туған-туысқандармен жақсы қарым-қатынасты нығайту, әсіресе басшыға бағыну дініміздің нақ әмірі. Ал, оны орындаған кісі кіші отаны болған отбасының бақытын қамтамасыз етеді. Өзіне, отбасына пайдалы болған әрбір жан өзі өмір кешіп жатқан алтын ұясы отанының бейбітшілігін сақтай түседі. Отанының амандығын қалаған адам әлемнің бейбітшілігін тілері сөзсіз ақиқат.

Ислам дінін ұстанған адамға «мұсылман» деп айтамыз. Мұсылман өзінің атына заты сай бейбітшілдікті, тыныштықты, дінаралық татулықты, ұлтаралық достықты қоршаған ортаға іс жүзінде көрсетіп, жая білген тұлға. Пайғамбарымыз (ﷺ) хадисінде:«Нағыз мұсылман өзге мұсылмандар оның тілі мен қолынан зиян көрмеген адам» деп айтқан. Демек, нағыз мұсылман – қоғамдағы өзге адамдарға зиян тигізбей, мемлекеттің тыныштығын басты назарда ұстайтын адам.

Ардақты Пайғамбарымыздың өнегелі өміріне үңілсек, ынтымақ пен бірліктің, мұсылман қоғамының тыныштығы үшін «Худайбия» оқиғасында көптеген әділетсіз, мұсылмандық пен адамгершілікке қайшы келетін мүшріктердің шарттарына көніп, келіссөз жасасты. Аллаға шүкір, исламға негізделген қазақы болмысымыз да, дәстүріміз де, мәдениетіміз де ынтымақ пен бірлікті қашан да жоғары қояды. Ынтымақ пен бірлік бақыттың бастауы. Бірлігі жарасқан елдің берекесі артатаны әмбеге аян.

Ата-баба арманы болған Мәңгілік елге айналу ісін жүзеге асыруды мақсаттаған Елбасымыз: «Мәңгілік Ел – жалпы қазақстандық ортақ шаңырағымыздың ұлттық идеясы», – деп болашақтың бағытын да айқындап берді. Халқымызда «Ынтымақсыз елді – ұрысы билейді. Ынтымақты елді – дұрысы билейді» деген қанатты сөз бар. Елін ынтымаққа жетелеген Елбасымыздың да арманы қазақ халқын «Мәңгілік елге» айналдыру. Әрине, ол оңай шаруа емес екенін бәріміз мойындаймыз. Әйтсе де, «Саусақ бірікпей, ине ілікпейді» демекші, баршамыз бір шаңырақ иесіндей жұдырықша жұмылар болсақ, бейбітшілікті әлемге талай паш етеріміз белгілі. Бүгінгі еліміздің бейбітшілігі мен бірлігі – біздің ортақ еңбегіміздің нәтижесі ғана емес, ол келер ұрпаққа өнеге болып қала беретін тарихи шындық.

Қандай қиын кезеңдерде де қыран тамырлы қазақ бөлінген емес, бір-біріне арқа сүйегендіктен аман қалып, дінін, тілін сақтап қалды. Сондықтан қазақ қай тұста болмасын «Бірлік болмай тірлік болмас», «Бірлік түбі – береке», «Алтау ала болса – ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса – төбедегі келеді», «Ел ішінде дау көбейсе, ел сыртында жау тұрар» деп түйіндеп отырған. Данышпан Абай: «Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос», – деп адамды, ұлттың қадірін, елінің қасиетін тануға үндеді. Себебі бірлігі кеткен елден береке қашатынын түсінді.

«Бірлігі бар ел озады, бірлігі жоқ ел тозады». Бұл – тарихи заңдылық. Сондықтан, қазақ елінің бірлігі – мемлекетіміздің кілті. Қандай мемлекет болмасын оны  еш уақытта сырттан жау алмайды. Қазақ әлсіресе, алауыздықтан әлсіреген. Қуатты, іргелі ел болса, бірліктің арқасында «мойындыны идіріп, тізеліні бүктірді». Ең алдымен ел арасында бірлік, ынтымақ, сабыр мен парасат, байсалдылық керек. Отбасының берекесі шаңырағының тыныштығымен және отбасындағы татулықпен келген. Мем­лекет те сол сияқты. Ендеше, жастың да, қайсыбір жасамыстың да елге қатысты байсалды да өміршең ұстанымда болуына көп болып ықпал еткеніміз абзал.

Елін жанындай сүйген Ақтамберді жырау кейінгі ұрпағын «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруға» шақырып тереңнен толғайды.

«Балаларыма өсиет:

Қылмаңыздар кепиет,

Бірлігіңнен айрылма,

Бірлікте бар қасиет», – дейді. «Айнала алмай ат өлетін, айыра алмай жат өлетін» жұртқа айналу – ата-бабаларымыздың асыл арманы болатын. Бұл ұлтымның ұланымын деген әр қазақтың қол қайратымен, жүрек қуатымен келетін, көз тіккен асыл межеміз болса керекті.

Қазақта «Отаны бірдің – тілегі бір, тілегі бірдің жүрегі бір» – деген қанатты сөз бар. Жүзі басқа болса да жүрегі бір, тілі басқа болса да тілегі бір, діні басқа болса да Отаны бір қаншама ұлттар мен ұлыстарды біріктіріп, азаматтық, бейбітшілік пен конфессияаралық келісімді сақтап, татулық пен сенімділікті серік етудің арқасында бүгінде мемлекетіміз өркендеп, ілгері қадам басып келеді.

Осы орайда ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының «Ислам – тәуелсіз еліміздің рухани тірегі» атты мақаласында: «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы да өзінің сан-салалы қызметін Мемлекет басшысының ішкі-сыртқы салиқалы саясатына қолдау білдіре отырып, көп ұлтты, көп конфессиялы еліміздің ынтымағы мен бірлігін күшейте түсуге бағыттап келеді. Өйткені, дін адамдары қашанда бейбітшілік, әділдік, имандылық туын көтерушілер қатарынан табылуы тиіс. Алла Тағала адам баласына бейбітшілік пен әділдікті сый етті. Олай болса, Жаратушы Иеміздің теңдессіз сыйын, бағасын біліп, қастерлеуге тиіспіз» – деген болатын.

«Ынтымақ болмай іс оңбас» дейтін бабамыздан қалған сөз бар. Шындығында, бүгінгідей қатерлер аяқ астынан туындап жататын алмағайып заманда береке мен бірлік, татулық пен достық ауадай қажет. Өйткені, Тәуелсіздіктің тірегі — тұрақтылық. Осы тұста Ататүріктің «Үйде тыныш болса, сыртта да тыныш» деген сөзі де еске оралады. Ендеше бірлік, татулық арқылы тұрақтылық қамтылып, ол Тәуелсіздігімізді берік ете түсері сөзсіз. Шындығында, Тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі сан салалы істері, тұтастай жеткен жетістіктері тек бірліктің, ынтымақ пен тыныштық арқылы келетін тұрақтылықтың арқасында ғана орын алды.

Жылдар бойына жалғасып келе жатқан дінаралық, ұлтаралық қақтығыстар бойынша әлемдік дипломатияның небір озық үлгілері де отты нүктелердің шоғын сөндіре алмай отырғанына әлем жұртшылығы куә. Ендеше, осындай дамуға кері әсер беретін құбылыстарды сараласақ, бірлігі, ынтымақтастығы жарасқан елде ғана тіршілік қайнап, тұрақтылық сақталып, болашақ дамуы да баянды болмақ.

Қазақстандық ұлтаралық татулық үлгісі де осыған негізделген. Ендеше, Кеңес Одағынан қалып, қызыл империямен бірге құрдымға кетпеген, керісінше жаңа мемлекетте жаңаша түлеп, ұлттар арасындағы ыстық ықыластықты дәріптеуге бет алған Мамыр мерекесін жаңғыртудың түпкі мәнісі осы — бірліктің, ынтымақ пен берекенің игілігіне шақыру деп білген ләзім.

Ақыр соңында еліміздегі татулық пен бірліктің басқаға емес, ең алдымен қазақтың өзіне керектігін Мемлекет басшысы ұдайы көтеріп келеді. Мемлекет басшысының айтуынша, қазақстандық қоғамда ешкімнің де этностық артықшылығы жоқ және бәрі де Заң алдында тең. Барлық қазақстандықтар — бір туған жердің балалары. «Біз бәріміз — біртұтас Қазақстан халқының әртүрлі және бірдей балаларымыз. Біздің бәрімізді бір мәселе толғандырады — бүкіл Қазақстан халқының әл-ауқаты. Біздің бәріміздің мақсатымыз бір — біздің ортақ Отанымыздың өркендеуі. Бұл біздің ортақ табысымыз, ортақ мақтанышымыз. Бұл осы жылдар бойына Мемлекет басшысы ретінде мен жүргізіп келген, жүргізіп отырған және жүргізе беретін саясат. Тұрақтылық пен келісім — әрбір әкімнің, әрбір басшының, әрбір азаматтың күн сайынғы жұмысы!» — дейді ол.

Түптеп келгенде Мәңгілік Елге айналуды мақсат тұтатын ұлт — ең алдымен бірлігі жарасқан ұлт болуы керек! Ал Мәңгілік Елдің түпкілікті идеясына бірлік пен ынтымақ арқылы ғана қол жеткізе алатынымыз анық. Сондықтан да, Мемлекет басшысы: «Қазақтың ынтымағы мен бірлігі мықты болмайынша, келешекте мемлекеттің тұтастық келбетін сақтау мүмкін емес» деп кесіп айтқан болатын. Яғни, бірлік арқылы мемлекеттің мәңгілігі мен тұтастығын сақтау — бұл мемлекет басшысы айқындаған қазақстандық ұстаным.

Пікір жазу