Оңтүстік Қазақстан облысы биыл Ұлыстың ұлы күнін сонау Нұқ пайғамбардың кемесі тоқтаған қасиетті Қазығұрт тауының баурайында қарсы алды. Ауқымды ұйымдастырылған шараға 40-тан астам киіз үй тігіліп, 700-ге жуық жәдігерлерден жасақталған арнайы көрме жиналған жұрттың назарына ұсынылды. Көне тарихымыз бен дәстүрімізден сыр шертетін театрландырылған қойылымдар мен мерекелік концерттер тойдың шырайын аша түсті. Барлығы 1500 өнерпаз өнерін ортаға салған қойылымдардың біріне 550 адам мен 500 ат жұмылдырылды. Жарты миллионға жуық жылқы жерді дүркіреткен кезде, жиналған жұрттың делебесі еріксіз қозып кеткенін байқадық. Артынша көкке қарай 500 көгершін ұшырылып, ауқымды шараның сәнін келтірді. Кемеқалған нысанының қазығы да сол күні қағылып, мыңдаған адам соның куәсі болды.
Наурыз мерекесі өте жақсы ұйымдастырылғаны қалың көптің көңілін біршама көтеріп тастады. Алайда, «адамның аласы ішінде» дегендей, тойға келіп, дастарханыңды тіліп, шырқын бұзуға бейім бірлі-жарым баз-біреулердің кездесіп тұратыны өкінішті-ақ. Өзі осы игіліктердің басы-қасында жүруге жарамайтын кей мысықтілеу пенделер жақсы істің өңін теріске айналдырып, мыңдаған адамның еңбегін жоққа шығару әрекеттерін бастап та жіберді. Мәселен, осынау дүбірлі той тарқар-тарқамас оны сын нысанасына алып, «сынықтан сылтау іздеп», ондағы жиналып үлгермей қалып кеткен күл-қоқыс қалдықтарын тілге тиек еткен азаматтардың көздері салтанатты шараның игіліктерін қалай көрмей қалды? Әлде «көрмес түйені де көрместің» керін келтірді ме?
Жоқ, күл-қоқыстың түйірі де ол алқапта қалып кеткен жоқ. Жиналды, тау етегі тазаланды. Қазығұрт тауының бөктерінде әз-Наурыз мерекесінен кейін жаппай тазалық жұмыстары жүргізілді. Қазір ол жерде тойдың еш ізі байқалмайды. Бұған Қазығұрт ауданының арнайы техникасы мен тұрғын үй – коммуналдық шаруашылық қызметкерлері жұмылдырылды. Тазалау жұмыстарын аудан әкімі Төлеген Телғараевтың өзі назарынан тыс қалдырмай, қадағалап отырды. Осынау игі істерге «Бәрекелді!» дейтін кезіміз болар ма екен?!.
Ә.Ә.