Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Көкейтесті » КӨНЕ ҚАЛАНЫҢ ҚАЗБА ЖҰМЫСТАРЫ – 02

КӨНЕ ҚАЛАНЫҢ ҚАЗБА ЖҰМЫСТАРЫ – 02

Біз барғанда, төбенің басында он шақты адам қызу жұмыс үстінде екен. Мұнда Ә.Марғұлан атындағы археология институтының және М.Әуезов атындағы ОҚМУ-нің ғылыми қызметкерлері 1 қыркүйектен бері қазба жұмысын жүргізіп жатыр. Бірі топырақ бетін жәймендеп аршып жатса, енді бірі қазылған топырақты арбамен әрірек апарып, төгіп жатыр. Ал әнебір жерде шағын үстел, орындыққа жайғасқан бір үлкен кісі қағаз бетіне бірнәрсе түсіріп отыр. Екінші қолын жарақаттап, байлап алған екен десек, өзі бір қолынан айырылған екен. Ақ шашты ақсақалдың ұлты – орыс. Қоңыр кепкісін басына қайырып киіп, жұмысына берілген қарт жылы шыраймен амандасты. Жөн біліскен соң, қазба жұмыстарына қатысты сұхбатты іліп әкетті. Ақсақалдың аты-жөні – Александр Глященко. Облыстық ескерткіштерді күзету орталығында жарты ғасырға жуық қызмет істеп, зейнеткерлікке шыққан. Ол дәл қазір ескі қалашықтың Қоқан хандығы кезеңіндегі қорғандарын аршу жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтады. Оның айтуынша, Шымкенттің 2200 жылдық тарихы бар екенін, ол осы Ескі қалашықтағы археологиялық зерттеулер мен табылған көне жәдігерлер негізінде нақтыланып отырғанын белгілі ғалым, тарихшы, Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының директоры Бауыржан Байтанаев әлдеқашан айтып қойған. Ұсыныстарын да қоса жеткізген.

Деректерге сүйенген ғалымдар Шымкент Қазақстандағы ең ежелгі қала дейді. Яғни, Орта Азиядағы Афрасиаб, Бұхара секілді шаһарлармен шамалас. Бірнеше құрлықтан келген ғалымдар да Шымкенттің 2 мың жылдан асатын тарихы барына келіссе де, мұны ресми түрде бекіту қажет деп отыр. Яғни, оны ЮНЕСКО мақұлдауы тиіс екен.

Б.Байтанаевтың «Шымкенттiң 2200 жылдығы мемлекеттiк деңгейде тойлануы керек» деп жүргені бүгін емес. Азия, Еуропа елдеріндегідей, көне, киелі жерлер мен мұралардан-ақ айтарлықтай табыс табуға бізде де мүмкіндік көп. Ендігі басты мәселе – ескі шаһарды аспан асты мұражайына айналдырып, қаланың археологиялық картасын жасау. Осыны ескерген облыс әкімі Жансейіт Түймебаев пен қала әкімі өткен жылы көне қала аумағын аралап көріп, Шымкенттің негізі осында қаланғанын, кез келген елде көне қала аумағы қоршалып, туристерді тартатын орталық ететінін де атап өтті. Мысалы, Бакуде көне қалашықта қырыққа жуық галерея бөлімдері жұмыс істейді екен.

Осылайша облыс және қала басшылығы мамандарға маңызды міндеттер жүктеген-ді. Бұдан соң тарихи-мәдени мұраларды сақтау мен қорғау жұмыстары жүйелі жүргізілуі тиіс. Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің сектор меңгерушісі Раушан Айғазиеваның айтуынша, ескерткіштерге кешенді ғылыми-зерттеу жұмыстарын (археологиялық, сәулеттік, реконструктивтік және реновациялық) жүргізу негізінде шетелдік туризм инфрақұрылымына қосатындай етіп, ашық аспан астындағы мұражайға айналдыру мүмкіндігі бар.

Аталған бағыттағы жұмыстарды іске асыру үшін бірінші кезекте ЮНЕСКО-ның Дүниежүзiлiк Мәдени және Табиғи Мұра тізіміне енгізуге ескерткіштердің номинациялық деректемесі дайындалған.

Әйгерім Бегімбет

Пікір жазу