Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйек күнгі Қазақстан халқына «Әділетті мемлекет. Біртұтас Ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етудің маңыздылығы жайында өте өзекті мәселелерді көтерді. Осы тұрғыдан келгенде Жолдау ерекше деп топшылауға болады. Мемлекет басшысы өз жолдауында жастар саясатына қатысты бірқатар маңызды мәселелерге де тоқталып өтті.
Жастар – қоғамның үлкен қозғаушы күші, мемлекеттің дамуына серпін беретін қоғамның бір бөлігі. Сондықтан жастар мәселесі мемлекеттің басты назарында. Оларға мемлекет тарапынан көрсетілер қолдау да ерекше. Біршама уақыт бұрын елімізде «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жастар саясаты туралы» тұжырымдама бекітілген болатын. Осы заңнамалық құжат бүгінде жастар мәселесін шешетін негізгі құжат болып, қызмет етіп келеді.
Жастарға айрықша көңіл бөлген мемлекет қана саяси және экономикалық табысқа жетіп, жастардың инновациялық әлеуетін тиімді қолдана білген мемлекет стратегиялық артықшылыққа ие болады. Осы орайда, елімізде жастардың біліктілігі мен білімін ел дамуы үшін қолдану жұмыстары да жолға қойылып келеді. Мемлекет тарапынан жастар мен жас отбасылардың экономикалық ахуалын жақсарту мен табыс деңгейін көтеру, ұзақ мерзімді несие берудің кезеңдік жүйесін енгізу, басқа да экономикалық көмек түрлері арқылы білім алу мүмкіндігін кеңейту, іскерлік белсенділігін арттыру, тұрғын жайы мен үй шаруашылығын толыққанды жабдықтау үшін құқықтық, ұйымдастырушылық жағдай жасалуда. Соның бір дәлелі, жоғарыда атап өткендей, жастарды қолдау орталығы болса, екіншіден, арнайы мемлекеттік бағдарламалар арқылы қолдауды атап өтуге болады. Мысал ретінде еліміздегі жас азаматтар мен жас отбасыларды жеңілдікті ипотекалық несиелеу, жас мамандарды жұмыспен қамтудағы жеңілдіктер, ауыл жастарына берілетін көпсалалы квота, ауылға барған жастарға көтерме көмектерді тізіп шығуға болады. Және мұндай, мемлекет тарапынан жасалатын қамқорлықтар жыл өткен сайын артып келеді.
Жастардың жұмыспен қамтылуы да мемлекетіміз үшін басты назарда. «Дипломмен – ауылға», «Бизнестің жол картасы», «Жұмыспен қамту-2020» және тағы басқа бағдарламалардың сәтті жүзеге асқанын атап өтуге болады. «Жас келсе іске» демекші, жастардың лауазымды орындардан табылуы да олардың еліміздің дамуы жолында өз орны барын және соны тиімді қолданып отырғанымызды байқатады. Жаңғыру арқылы жаңа әлемге бет түзеген елімізде жастар мемлекеттегі басты қозғаушы күшке айналып отыр. Маңыздысы осы.
Елімізде білімді, білікті жастар қалыптастыруды көздеген мемлекетіміз «Болашақ» бағдарламасы арқылы жастарды шетелде оқытуға ден қойды. Ешбір елде жоқ бұл бағдарламаның алғашқы түлектері қазір еліміздің дамуы жолында жемісті еңбек етіп жүр. Дамыған елдердің артықшылығын үйреніп, бойларына сіңіріп, елге әкеліп, өз еліміздің игілігі жолында пайдалануды көздеген білімді, озық технологиямен қаруланған, ойы азат жастарымыз бәсекеге қабілеттілігін аңғартуда. Жастарды қолдау мемлекеттің болашағына жағдай жасау екені сөзсіз.