Республикада алғашқы рет өткізілген «Жігіт сұлтаны» конкурсында бас бәйгені жеңіп аламын деген ойы жоқ бұ жігіт «Көктөбе» ауылында көптен қалмай «Атамекен» деген атағы дардай, қаржысы жоқ фирма құрып, директоры болып шіреніп жүргенде Темірланда облыстық «Жігіт сұлтаны» байқауы өтетінін естиді.
Тамашалауға барар ма еді, бармас па еді, қызық болғанда жігіт таппай жаны қысылған досы Ғалымжан – аудандық спорт, туризм және жастар ісі басқармасының төрағасы Ғалымжан Зиябеков «қатысшы» деп өтініп келген. Аудан намысы үшін.
Дос көңілін қимай «көре салайын» деді.
Құрмаш − Құрманәлі Жалқыбай тегін жігіт емес еді. Нар жігітке керек өнердің Тастанбектің баласынан айналып өткені жоқ.
Он жасынан ат құлағында ойнап өсті. Студент кезінде бокс, грек-рим күресі және волейбол үйірмесіне қатысқан. Ән жазады, суырып-салмалығы және бар. Домбыра, баян, гитара, мандолин және ұрмалы аспапта бір адам ойнаса, Тастанбектің ұлы ойнасын. Бір сыдырғы дауысы бар. Сосын ғой Ғалымжан достың жабысып жүргені. Бас жүлде леңгірлік Оңалбай Шыналбековке бұйырды, бірінші орын жеңімпаздан кем өнер көрсетпеген Құрмаштікі.
«Ал, енді, екеуің республикалық «Жігіт сұлтаны» байқауында облыстың намысын қорғайсыңдар», деді сол кездегі облыстық спорт, туризм және жастар ісі басқармасының бастығы, бүгінде Парламент Сенатының депутаты Әли Бектаев.
Бұл 1995 жыл болатын.
Облыс қаржыландыруды ауданға итерді, ал аудан жол кіреден артық ештеңе бөліп бере алмаған.
Тағы да амал тапқан бапкері әрі досы, бастығы Ғалымжан.
− «Жігіт сұлтаны» өтетін Көкшетауда көкөніс жоқ. Давай, Шымкенттен арзан жеміс-жидек апарып сатып, ақша шығарамыз.
Солай болды. Шымкенттен аттанған делегацияның құрамында бұлар да жүктерін артты.
Обалы не керек, көкшеліктер төбелеріне қойып күтіп алды. Шымкенттіктерге тіккен үйлерінде мейман күтуге шымкенттік келіндерін қойыпты. Ішіп-жеу қырғын болса да артық ақша қалта теспейтін еді. Ғалымжан базарда, Құрмаш дайындықта табақ тартқанда жиналған қауымға арнау айтып тынысын ашып алды. Қазылар да мәз. Ғалымжан екеуі ақылдасып бұл жерден абыройлы кетуді ойлады. Тым құрыса бірінші кезеңнен сүрінбей кету ойда бар. Республиканың сұлтандарынан бақ асыру қиындау-ау деп түйген. Күндізгі көрсетулерден соң өзгелері демалса, бұл екеуі талдап әлек.
Спорттық ойында жеребе бойынша Құрмашқа тиген арғымақты төрешілер өзгеге беріп жіберді. Іштей күйзелсе де астына тартылған атпен теңге ілудің ыңғайын байқады да, жаттығудан сырттап өзін-өзі қайрады. Темекі тартып, ойға шомып жүрген Құрмашты көрген Ғалымжан бапкер күйіп жүр.
Жерден жеті теңгені де іліп алды Құрмаш. Аударыспақта қарсыласын ат артына салып жұлып алды. Күресте басым түсті. Алған ұпайын санаса өзгелерінен оқ бойы озық.
– Енді дем алайық, – деді Ғалымжан.
– Тым құрыса үшінші орын үшін күресейік, – деді Құрмаш. Жартылай финалда да Құрмаштың бағы жанып, финалға өткені байқалды.
– Үшінші орынға қанағат, қоя ғой, – деді Ғалымжан.
– Бірінші орын үшін күресіп көрейікші, − деді Құрмаш жарыс жалынына еріп.
Кейін білді ғой, «қоя ғой» деп досы мұны қайрай түседі екен.
Сахналық өнердің 12 түрі сарапқа салынды. Зерделік сын, ақындық, шешендік, сиқырлық өнер, таңғалдырарлық нөмір кездерінде көрермендер Темірланнан келген жігітке көбірек қошемет көрсетіп отырды. Шешендік өнерде қарсыластары Жиренше, Төле, Қазыбек, Әйтеке секілді ұлы билердің сөзін мәнерлеп айтса, Құрмаш Көкшетаудың тарихын өлеңмен өрнектеді.
Тағы бір сыннан өтіп орнына отырғаны сол еді, сахнаға оралдық жігіт көтеріліп, айтысқа шымкенттік Оңалбек Шыналбектовті шақырған. Ол шыға қоймады да, арқаланған ақын намысқа тиетіндей жыр төкті.
Сонда Құрмаш сахнаға қарғып шыққан. Әрі-беріден соң оралдық ақын қашып құтылғандай болды. Мұның өзі қазылардан бөлек, көрермендердің бас жүлдеге кімді лайықтап отырғандығын көрсетіп берді.
Солай болды.
Ауыздығымен алысқан асыл тұқымды тұлпар Құрмаштың астына тартылды.
Атбегі Оразқожа, талай одақтық жарыста қарсыластарына жүлде бермеген шабандоз «мынау нағыз тұлпар» деп аузының суы ақты.
«Жақсы болды, – деді Ғалымжан. – Базарға шығарып сатып, ауылға жеткенше тойлап барамыз. Ақша болса таусылды». Бірақ, тұлпар сатылмады. Құрмаш тұлпарына халық ақыны, көкшетаулық қарт қыран Көкен Шәкеевті қолтықтап мінгізді. Шеттеп жүрген қарт ақын қатты қуанды. Шымкенттіктердің билетін өткізіп, бір күн той жасап күтті. Түсінігі мол Құрмаш баласына сол кезде анау-мынаудың қолына түсе бермейтін шетелдік тері күртке кигізді, делегация басшысы Батырғазы Серғазиевқа шапан жапты.
Астындағы тұлпарын халық құрметтеген ақсақалға мінгізген Құрмаш − Құрманәлі Жылқыбай сау-саламат Шымкентінде жүріп жатыр.
− Сол кезіңді сағынатын шығарсың, – дейміз бір кездері республикада таңдаулы болған жігітке.
− Сағынам, – дейді Құрмаш. – Ғалымжандар бір қызық оқиға айтқан. Мен өнер көрсетіп жатқанда бір үріп ауызға салғандай әдемі қыз: «мына жігіт менікі», депті құрбыларына. Сол қарындасқа рахметімді айта алмай қалдым.
P.S. Көкшетауда алғашқы «Жігіт сұлтаны» байқауында бас жүлдені жеңіп алып, тұлпарын халық ақыны Көкен Шәкеевке мінгізіп кеткен қазақтың ақберен жігіті бүгінде Ордабасы ауданының мәдениет бөлімін басқарады.
Үйіне келген қонаққа жалғыз атын жетектетіп жіберетін баяғы сақы қазақтардың сарқыты сияқты қалпынан еш айнымаған Құрмашты көргенде осы оқиға еске түсе береді.
Бақтияр ТАЙЖАН,
Оңтүстік Қазақстан облысы