Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Облыс жаңалықтары » КҮНБАҒЫС – ЕГЕ БІЛГЕНГЕ ЕН ТАБЫС!

КҮНБАҒЫС – ЕГЕ БІЛГЕНГЕ ЕН ТАБЫС!

​Биыл шардаралық шаруалар жылда егіп жүрген дақылдардан бөлек, күнбағыс егуді бастаған болатын, – деп хабарлайды Didarbek.kz тілшісі Шардара Ауданы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Бұл дақылды егуді Жаушықұм ауылдық округіндегі «Иіржар-агро» ЖШС-інің диқандары қолға алған еді. Олар иелігіндегі 370 гектар алқапқа тамшылатып суару әдісімен күнбағыстың «Карчек» деп аталатын сортын орналастырды. Сапалы тұқымды Қытайдан алдырған. Түрік азаматтарымен бірлесіп жұмыс жасап жатқан серіктестік диқандары алажаздай күнбағыс дақылын күтіп, баптап, қыркүйек айының басында оруға кірісті.
Возможно, это изображение комбайн и трава
​«Иіржар-агро» серіктестігіне ат басын бұрып барғанымызда қызу еңбектің үстінен түстік. Қырманда күнбағыс дәні дегеніңіз тау болып үйіліп жатыр. Оншақты жігіттер кептірілген дәнді арнайы технологияның көмегімен електен өткізіп, сұрыптап, дайын өнімді қапқа салып, жинап қоюда.
​«Иіржар-агро» ЖШС-інің басшысы Оразалы Шыршықбаев жұмыс барысын түсіндіріп берді.
​–Біз бұған дейін мақта дақылын өсірумен шұғылданып келдік. Бірақ, соңғы жылдары шитті мақтаның бағасы төмендеп, немесе маңдай термен тапқан өнімді өткізудің машақаты молайып, еткен еңбек еш болатын жағдайға жеттік. Содан соң ойланып-толғанып, елеп-екшеп осы күнбағысты өсіріп көруге тәуекел еттік. Бұл саланың ұңғыл-шұңғылын жетік білетін түрік елінің азаматы Мұзаппар Илдариммен келісіп, Шардараға келуге көндірдік. Осылайша жұмыс бастадық. Егінді орудан алдын өнімге дефолиация жасап, комбайнмен арнайы дәрі сеуіп шықтық. Бұл әдіс күнбағысты қуартып қана қоймастан кептіріп шығады екен. Комбайнмен орылып, кептірілген дәнді арнайы техника ары қарай електен өткізіп жатыр. Гектар түсімі қазірге екі тоннадан айналып жатыр деп топшылап отырмыз. Ал, шығын мен табысты бүге-шігесіне дейін есептегеніміз жоқ. Орақты бітіріп, дәнді қамбаға түсіріп, оны нарыққа шығарған соң барып нақты есебін айтқанымыз жөн шығар, – дейді аңқылдаап қалған Оразалы ағамыз.
Возможно, это изображение ростки
​Серіктестік төрағасының айтуынша дайын өнімді Ресей мен Түркияға шығаруды жоспарлап отыр. Сұраныс болса өзіміздің ішкі нарыққа да шығарамыз дейді.
​–Аудан әкімі Арман Қарсыбаевқа рахмет, жұмыс басталғалы келіп жағдайымызды сұрап отырды. «Қандай жәрдем болса да қолдауға әзірміз» деп бізге жанашырлық танытып отырғанына ризамыз. Әкімнің ұсынысымен маңайымыздағы басқа да шаруаларды күнбағыс егуге үгіттеп, өзімізге тарттық. Соның нәтижесінде майда шаруашылықтар өзара ақылдаса келе, бірігіп, 220 гектар жерге күнбағыс, 60 гектар жерге жүгері дақылдарын екті. Тамшылатып суару деген бірінші кезекте суды үнемдесе, екіншіден гектар түсімін жай кездегіге қарағанда бірнеше есеге арттырады. Әрі ауылшаруашылығы саласын әртараптандыру болып табылады. Біз сонау Сырдариядан 4 насос арқылы 2 шақырым жерден су тартып шығардық. Су келетін каналдар әбден тозығы жетіп ескірген екен. Осы каналдарды аудан басшылығы жөндеуден өткізуге жәрдем береміз деп отыр. Каналдар реттелсе су ысырап болмай, біздің шығын да азаяр еді, – дейді Оразалы Шыршықбаев.
Возможно, это изображение 2 человека
​Қапқа түсіп жатқан күнбағыс дәндерін көрген адамның көзі тояды. Қара ала түсті, үлкендігі саусақтай-саусақтай келетін шемішкеңіз дүкендегі күнделікті пәлен теңгеге сатып алып жүрген пістеден еш айырмасы жоқ. Осы дақылды егуге батыл түрде кіріскен «Иіржар-агро» диқандарының ізденімпаздығы мен еңбекқорлығына сүйсінесің. Заман ағымына сай жаңа инновациялық техникамен тың дақылды өсіруге құлшыныс танытып, жаңа егіс түріне бетбұрыс жасап отырған Оразалы Шыршықбаев сынды азаматтардың істеріне сәттілік тілейміз. Пістешілерге «Қырмандарыңызға береке толсын» деген тілегімізді айттық.
​Әділ ӘБДІРАМАНОВ, Шардара ауданы.
© Didarbek.kz

Пікір жазу