Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, белгілі ғалым, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Болаттемір Алтаев тарихи және саяси тақырыптарда қалам тербеп жүрген ұлтжанды азаматтарымыздың бірі. Порталымыздың басшысы Б.Алтаевқа арнайы жолығып, сұхбат жүргізген еді. Сол сұхбатымызды оқырман назарына ұсынамыз.
Ә.Ә.: Қазақстан халқының ұлы мерекесі Тәуелсіздіктің 25 жылдық мейрамын өткен жылы тойладық. Тәуелсіздік арқасында Қазақстанның жеткен жетістіктері жөнінде баспасөзде, теледидарда, конференцияларда жан-жақты айтылды. Тәуелсіздік салтанаты елімізге не сыйлады – осы жөнінде қысқа, нақты айтсаңыз.
Б.Алтаев: Тәуелсіздік елімізге Бостандық, Еркіндік сыйлады. Тәуелсіздік кең мағанасында дүние жүзіне Қазақ Елінің бар екенін паш етті. БҰҰ-ның маңдайшасында Қазақстан мемлекетінің Туы желбіреді. Тәуелсіздік ел ауқымында кешегі патшалық Ресей мен Кеңес дәуірінде еңсесі түскен қазақтарға кеудесін жоғары көтертіп, елдің иесі екенін көрсетті. Мұрындарын жоғары ұстап, тілімізді, ділімізді менсінбеген еліміздегі әртүрлі ұлт өкілдерінің есін жинатып қазақ халқын құрметтеуге үйретті.
Ә.Ә.: Нақты тамаша пікір айттыңыз. Әлбетте мемлекетіміздің тәуелсіздігіне жол салған Елбасы Н.Назарбаевтың еңбегі ұшан-теңіз. Әсіресе қазір халықаралық деңгейдегі конференцияларда, баспасөзде, теледидарда Елбасымыз Н.Назарбаевтың тікелей ұйытқы болуымен құрылған Еуразия Одағы туралы сан қыр жағынан айтылды. Еуразиялық Одақ бізге не береді, тарихи бастауын қайдан алады – сол турасында әңгіме өрбітсек!
Б.Алтаев: Ғылымда алғаш Еуразия ұғымын Аустрия геологы Э.Зюсс енгізген. Еуропа және Азия елдерін байланыстыратын Еуразия кеңістігінде Қазақ елі батыс пен шығысты байланыстыратын негізгі буын. Әлемнің жаһандану үрдісінде осы Еуразиялық Одақ мәселесін Елбасы Н.Назарбаев алғаш 1994 жылы Мәскеу мемлекеттік университетінде мәлімдеген еді. Әрине, «Еуразияшылдық идея қайдан пайда болды? Шығу, даму тарихы қайда жатыр?» деген мәселе қызықтыратыны рас.
1920 жылдарда Еуропаға эмиграцияға кеткен Н.С.Трубецкой, П.Н.Савицкий, Г.В.Вернадский, Э.Хара-Даван сияқты, т.б ойшылдардың еңбектерінде Еуразиялық идеялар айтыла бастады. Еуразияшыл орыс ойшылдары Ресейді батысқа қарсы қояды. Өйткені, сол уақытта батыс елдері Ресей елін менсінбей кеткен болатын. Көшпелі мемлекет, яки Шыңғыс хан тарихы батыс елдерінің мүйізін сындыруда Ресейге үлгі болады деген ғой. Батыс елдерін де Шыңғыс хан есін жинатқанын да жоққа шығармауымыз керек. Батыс елдерінен Моңғол мемлекетінің астанасы Қарақорымға елшілер келе бастады.
Ә.Ә.: Қалмақ тарихшысы Э.Хара-Даванның 1929 жылы Белградта басылған «Чингисхан как полководец и его наследие» атты еңбегінің жаңа басылымын дүкеннен сатып алып оқығаным бар. Шыңғыс ханның тарихы сол еңбекте шындық тұрғысынан жақсы жазылған. Елбасы Н.Назарбаев ұсынып отырған Еуразияшылдық идеяның ерекшелігі неде деп ойлайсыз?
Б.Алтаев: Елбасы Н.Назарбаев Еуразияшылдық доктринаны теориядан шынайы болмысқа қадам басуды қарастырады. Қазақстандық Еуразияшыл идея – Батыстан алыстауға емес, керісінше олармен терең қарым-қатынас орнатуға ұмтылу. 2008-жылы еліміздің қабылдаған «Еуропаға жол» бағдарламасы осының айғағы. Ұлт Көшбасшысы Н.Назарбаевтың ұсынған Еуразиялық идеясы жаңа қазақстандық Еуразияшылдық үлгі. КСРО мемлекеті ыдырағаннан кейін құрылған ТМД мемлекеттерінің басшылары Елбасы ұсынған жаңа одақты құруға дайын болмады. 20 жылдан соң Қазақстан, Ресей, Белоруссия елдері Еуразиялық Экономикалық Одақты құрды. Қазір бұл одақтың құрамына Армения, Қырғызстан мемлекеттері еніп отыр. Әлбетте Еуразиялық одақ бәсекеге қәбілетті әлемдік экономикалық бірлестіктің біріне айналуы тиіс.
Ә.Ә.: Еуразиялық Одақ па, әлде Экономикалық Одақ па – қайсысы құрылды?
Б.Алтаев: Елбасы Н.Назарбаевтың мынандай бір ұлағатты сөзі бар: «Алдымен экономика, содан соң – саясат». Әуелі одақтың ішкі экономикасын күшейтсе, одан арысын көре жатады ғой. Еуразиялық одақты құру барысында Президент Н.Назарбаев мемлекеттің мүддесін әр уақытта бірінші орынға қояды.
Еуразиялық одақты КСРО-ға қайта оралу емес, интеграциялық қайта жаңғыру деп түсінген жөн. Әлем халқының 75 пайызы, әлемдік энергетика қорларын 4,3-і осы Еуразия құрлығында жатыр. 1990 жылдардың ортасында әлемдік геосаясаттың Еуразиялық шахмат тақтасында Қазақстан айтулы ойыншыға айналатындығы жөнінде Американың көрнекті мемлекет саясаткері Збигнев Бжезинскийдің айтқаны бар еді. Елбасы Н.Назарбаевтың ұйытқы болуымен құрылған Еуразиялық одақ жаһандық әлем жүйесінде өз орнын тауып күшейетін болса, онда ағылшын ғалымы Х.Маккиндердің: «Хартлендті (жер жүрегі – Еуразия) кім өз бақылауына алса, сол бүкіл әлемді бақылайды» деп айтқан ойын жүзеге асырамыз.
Ә.Ә.: Хартленд яки Еуразия кеңістігінде Одаққа мүше Ресей еліміздің егемендігіне қауіп төндірмей ме? Ресей – аға баласы деп, яки шовинист Еуразияшыл Дугин сияқтылар бізге ақыл үйрететіні бар ғой.
Б.Алтаев: Еуразиялық одаққа мүше елдер бір-бірінің ішкі ісіне араласпау, мемлекеттік шекараларды мойындау, құрметтеу қағидаттарын басшылыққа алады. Одақтың геосаяси жағынан бірігу меніңше күн тәртібінде жоқ. Сондықтан да Ресей жағынан қауіп жоқ. Оның үстіне, Қазақстан Ресеймен мәңгі дос ел. Тарихтың қиын-қыстау кезеңде бұл екі ел бір-біріне көмек берген. Бұл жөнінде атақты тарихшы Л.Гумилев жақсы айтқан.
Ә.Ә.: Л.Гумилев осы жерде қандай пікірді айтып отыр?
Б.Алтаев: Л.Гумилев дербес халық ретінде орыстардың қалыптасып күшеюін Алтын Орда хандарының саясатымен байланыстырады. 1257 жылы батыста «Тевтондар» және «Семсерлілер» рыцарьлық-монахтық ордендер бірігіп, Ливон орденін, яғни «әскери-діни» мемлекет жасайды. Ливон мемлекетінің мақсаты – Прибалтика елдерін басып алып, Русь жеріне өту еді. Прибалтиканы қаратқан Еуропа рыцарьлары Русь жеріндегі Псков, Ям, Копорье қамал бекіністерін басып алып, Новгородқа қауіп төндірді. 1240 жылы жас князь Александр Ярославович швед королі Берг бастаған рыцарьларды Нева өзені бойында талқандайды. Осы жеңісі үшін ол Невский деген атаққа ие болады. 1242 жылы князь А.Невский Чуд көлінде неміс рыцарьларын талқандап Батысқа қуып тастады. Невскийдің бұл жеңістері уақытша еді. Өйткені Батыста күш-қуаты тасыған рыцарьлар көп болатын. Оның үстіне кейбір орыс князьдары мен боярлар партиясы арасында Ливон крестшілерін қолдайтын партия өкілдері де болды. Қалыптасқан ахуалды түсіне білген А.Невский Алтын Орда ханы Батумен одақ жасасты. Нәтижесінде осы одақтың көмегімен А.Невский Русь жерлерін батыс крестшілерінің шабуылынан аман алып қалды. А.Невский дүние салғаннан кейінде де Алтын Орда хандары Руське әскери көмегін беріп отырған. 1262 жылы жақсы қаруланған батыс крестшілері Новгородқа жақындағанда, орыс әскерлеріне моңғол-татардың 500 атты жасағы көмекке келеді. Моңғолдардың әскері келгенін есіткен бойда неміс рыцарьлары орыс жерлерін тастай қашады. Өзіңіз білесіз, моңғол-татар әскерлерінің құрамында түркі тайпалары, соның ішінде қазақтар да көп болған.
Ә.Ә.: Еуропа халқы моңғол-татарлардың қаупінен құтқара гөр деп монахтармен қосыла шіркеуде дұға оқығанын тарихтан оқығанымыз бар. Батыс крестшілерінің қауіпінен аман алып қалған А.Невскийдің Орда хандарымен жасаған саяси одағының Ресей үшін басқа да жақсы жақтары болған шығар.
Б.Алтаев: Русь князьдері өзінің идеологиялық, діни және саяси еркіндігін сақтады. Ордаға салық төлеп отырған орыс князьдары болашақ Русьтің біртұтас саяси бірігуіне қадам жасады. Сондықтан да, орыс православие шіркеуі Александр Невскийді қасиетті әулие деп жариялады.
Ә.Ә.: А.Невскийдің Бату ханмен одақ жасауы христиан дінін сатып кеткендік болып саналмай ма?
Б.Алтаев: Поляк ғалымы Уминский, неміс тарихшысы Амман және тағы басқа батыс ғалымдары А.Невскийдің осы іс-әрекетін айыптайтын еңбектер жазғаны рас. Батыс крестшілері Русь әскерлері моңғол-татарлармен шайқасып әлсіреген соң орыс жерлерін оңай басып аламыз деп ойлады. К.Маркс айтқан «мойнына крест таққан құзғындардың», яғни крестшілердің түпкі іс-әрекетіне А.Невский жол бермеді. Қанша діндес болса да, батыс елдерінде католик еместер азаматтық құқықтарынан айрылып кемістікке ұшыраған. Оның үстіне, крестшілер орыс жерінде адамдарды, бала-шағаны аяусыз өлтірген. Ал көшпелі болған моңғол-татар әскерлері бұндай жауыздыққа бармаған. Түркіден шыққан Шыңғыс ханның бүкіл саяси қызметі адамзат баласына прогресс әкелген жаңа құбылыс. ҚР Президенті Н.Назарбаевты Ресей Президенті В.Путин Еуразиялық Одаққа жол салған Кеден Одағының Әкесі деп атады. Және Еуразиялық интеграцияға негіз салғаны үшін А.Невский орденімен марапаттады. Сондықтан Еуразиялық одақ идеясын тарихи, этномәдени және әлеуметтік экономикалық алғы шарты ілгеріден болған деп айтуға болады.
Ә.Ә.: Сіз түркіден шыққан Шыңғыс хан деп айтып қалдыңыз. Ұлттық ғылым академиясының 70-жылдық мерейтойында Елбасы Н.Назарбаев: «Томирис пен Шыңғыс хан қазақ болған» деген әңгімелерді естігенде, менің ішім ашиды. Біздің басқа айтатын сөзіміз қалмаған ба?» – деп айтқаны бар еді. Осы мәселеге қарай қарайсыз?
Б.Алтаев: Әлемдік историяграфияда Шыңғыс хан моңғол болып мойындалған. Сондықтан қандай жағдай болса да, Шыңғыс ханды қазақ ете алмайсың. Өйткені XIII-ғасырда қазақ атауымен аталған халық жоқ. Моңғол ескі түркі тілінде «оң қол» деген мағынаны беретін хұндардың сөзі. Империя құрған моңғолдар атауын қазіргі Моңғол мемлекетінің атына қалдырған. Қазақстан жерінде Шыңғыстау деген ороним кездеседі. Бұл енді тарих болып қалады. 1999—жылы Алматы қаласынан көне түркілердің этникалық тарихын баяндайтын монографиямызда Шыңғыс ханды түркіден шыққан деп айтқанбыз. Түркі тайпаларының құрамында қазақтың ру-тайпасы кездеседі.
Ә.Ә.: Дегенмен, Елбасының айтқан осы бір сынынан қандай қорытынды жасауымыз керек?
Б.Алтаев: Әр дәуірдің Ұлы тұлғасы болады. XIII-ғасырда Еуразияның Ұлы тұлғасы болған Шыңғыс хан аттың үстінде құрылған империяны атпен басқара алмайтынын түсінді. Жазу-оқудан мүлдем хабары жоқ балаларын және моңғолдың зерек жастарын оқытуға күш салды. Елбасы Н.Назарбаев казір әлем елдері мойындаған харизмалық тұлға. Жаһандану үрдісінде қазақстандық жастар бәсекеге қәбілетті болу үшін Елбасымыз ғылымның алдыңғы технологиясын менгеруді міндеттеп отыр. Сонда ғана Қазақстан дамыған 30-елдің қатарына енеді.
Шындығында, әр ұлттың генетикалық коды болады. Шежіре, қандас-туыстық норма, дәстүр, наным-сенім тағы басқалар ұлттық кодты құрайды. Елбасы Назарбаевтың есімі Нұрсұлтанның құпия коды көне түркі тілінде Жоғарғы Басқолбасшы деген түсінікті береді
Ә.Ә.: Бұл бір қызық дүние болды ғой. Сіздің айтқан осы пікіріңізді түсіне алмай отырмын.
Б.Алтаев: Елбасы Н.Назарбаев дүниеге келер қарсаңында анасы Әлжанның көрген түсі көп нәрсені аңғартады. Әлжан анамыздың түсінде теңізден алып шыққан қаруы – көне моңғол билеушілерінің, қазақ хандары мен батырларының Рухтық көрінісі. Айталық, Еуропаны құлдықтан азат еткен ғұн тайпасының көсемі Аттилаға әлемдік биліктің символы семсер қылыштың табылуы, хұндардың империясын қайта дәуірлеткен Хален бабаның қолынан билік семсерінің болуы. Немесе қазақ хандары, батырлары ұстаған қасиетті семсерлерді айтуға болады. Қайсыбір ұлы істердің бастауында Тәңірдің қалауымен дүниеге келетін тұлғалар жүзеге асырады. Тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің құрылуының басында Елбасы Н.Назарбаев тұр. Қазіргі ғылым тілінде Н.Назарбаев – пассионар тұлға.
Ә.Ә.: Пассионар ұғымына кеңірек тоқталсақ…
Б.Алтаев: Пассионар дегеніміз дүмпу… Әрбір этнос тіршілік ету барысына әлеуметтік кеңістігін ұлғайтуға тырысады. Әлеуметтік кеңестікке космостан келетін энергияның әсерінен жарылыс тууы мүмкін. Жарылыс нәтижесінде ерекше пасиионар адамдар дүниеге келіп, олар соңынан халықты ертіп қарсыластарына тойтарыс береді. Алматыдағы 1986 жылғы желтоқсан оқиғасы осы әлеуметтік жарылыстың бірі болса керек. Желтоқсан оқиғасы кезіндегі қазақ жастарының дүмпуі кеңестік империяның ыдырауына жол салды. Республика басшылығына келген Нұрсұлтан Әбішұлы Москваның қазақ жерін билеп-төстеуіне қарсы шыға бастады, қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесі жолында күресті. 1991-жылы республика басшысы Н.Назарбаев КСРО құрамында болған мемлекеттердің басшыларын Алматы қаласында жинап, империяны қайтпас сапарға аттандырды. Президентіміздің осы саяси ерік-жігері арқасында КСРО империясы Алматы қаласында жойылды деген пікірді батыс тарихшылары өз кезінде жазған болатын. Елбасы Н.Назарбаев желтоқсан жастарын бастап кете бердім деген пікірі еліміздің тәуелсіздікке жол салуының алғышарты ретінде айтқан болатын. Дүмпудің нәтижесінде дүниеге келген тұлғалар дүниені өзгертуде ерекше күреседі.
Ә.Ә.: Баспасөзде, теледидарда Еуразияшыл орыс философы А.Дугин насихаттап жүрген Еуразияшылдық идеяның айырмашылығы бар ма?
Б.Алтаев: Ресей философы, саясаттанушысы А.Дугин православиеге негізделген орыс шовинизмін насихаттайтын Еуразияшыл идеяны көксейді. Қазақстандықтарға «Еуразияшылдық» ұлттық идеяны ұсынып жүр ғой.
Ә.Ә.: Мүмкін А.Дугин Қазақстанның ұлттық идеясы жоқ деп Ресей туының астына жиналуды айтып жүрген шығар.
Б.Алтаев: А.Дугин ұсынған идеядан қауіптенудің қажеті жоқ. Қазақстанда тұратын барлық ұлттар үшін қазақстандық патриотизмнің негізі қаланған. Ол – Мәңгілік Ел идеясы. Бұл идеяны баянды ететін бірнеше бағдарламалар бар. Айталық, соның бірі Елбасы Н.Назарбаев ұсынған «Нұрлы Жол» бағларламасы.
Ә.Ә.: Өңіріміздің ресми газетінде қазақ еліне қытай қаупі, халықаралық Жібек жолының маңызы туралы мақала шықты. Ілгеріде айтылатын «қара қытай қаптаса, сары орыс әкеңдей көрінер» деген қауіп Қазақстанға әсер ете ала ма?
Б.Алтаев: Елбасы Н.Назарбаев Қазақстан экономикасына Қытай ықпалы артады деген қауіпті «фантомдық үрей» деп атағаны бар. Ілгеріден-ақ бабаларымыз құрған мемлекет Қытай елімен еркін саудасын жүргізе берген. Нәтижесінде Жібек жолы бойында саудасы, мәдениеті дамыған қалалар бой көтерді. Халқы көп болса да, Қытай жерімізді басып алуға ұмтылған жоқ. Әрине XV-ғасырдағы Ұлы гегографиялық ашылымдардың салдарынан сауда мәдениетінің өркениетіне үлес қосқан «Жібек жолы» өз маңызын жоғалтты. Қазіргі таңда транзиттік «Жібек жолы» магистралын пайдалануға беру кезек күттірмес мәселе. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» транзиттік жол тасымалынан еліміздің бюджетіне миллиардтаған доллар табыс түседі. Сондай-ақ қосымша жұмыс орындары ашылады. Сондықтан, бұл халықаралық жолдың Қазақстан үшін маңызы зор. Қытай елі «Бір белдеу – бір жол» бағдарламасын жүзеге асыруға ынталы. Олар батыс Қытай аймағын қарқынды дамытып, Еуразия кеңістігінде жетекші рөлге ұмтылысын да ескеру қажет. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше Қазақстанның әлемге ықпал ететін күшті валютасы бар. Ол – азық-түлік. Қазір әлем елдерінде азық-түлік тапшылығы сезілуде. Үстіміздегі жылдың 31 қаңтарында Елбасының Қазақстан халқына «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында мемлекет басшысы Қазақстан аграрлық сектордың экономикалық жаңа драйверін жасақтап, Еуразияның «нан кәрзеңкесіне» айналу керек деп айтты ғой. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше Ресей мемлекетімен бірлескен жобалар жасап, бір фарватерде болса, Қазақстанның ұтары көп.
Ә.Ә.: Қазақстанда өтетін EXPO – 2017 көрмесі елімізге қаншалықты маңызды?
Б.Алтаев: Мен бір қызық нәрсе айтайын. 1958-жылы Бельгия астанасы Брюссельде ЕХРО көрмесі өткен еді. Бельгия баспасөзі №1 павильон деп атаған КСРО мемлекеті көрмеге алғаш қатысқан болатын. Қазақстан алып империя КСРО-ның құрамындағы 15 республиканың бірі. Қазақстанның ұлттық күндерінің павильонда ашылу салтанатына орай қазақша сөйлеген Қазақстан үкіметін басқарған Д.Қонаев қазақ халқының достық сәлемін жеткізген. 2012-жылы Қазақстан Бельгияның Льеж қаласымен бәсекеге түсіп, ЕХРО – 2017 көрмесін өткізу құқығын жеңіп алды. 1958-жылы Тәңірдің қолдауымен Д.Қонаев қазақша жеткізген сәлемінің биік мәртебесін Елбасы Н.Назарбаев кешегі КСРО құрамындағы 15 республиканың ішінде алғаш Қазақстанда ЕХРО – 2017 көрмесінің өтуіне қол жеткізді. Халықаралық осы көрменің Қазақстанда өтуі – Еуразиялық аймақтың қарқынды дамуына септігін тигізеді. Жалпыұлттық жеңіс болған ЕХРО – 2017 көрмесі ҚР Президенті Н.Назарбаевтың халықаралық беделінің жоғары екендігін байқатты.
Ә.Ә.: Өңірге өткен жылы оныншы әкім болып Жансейіт Түймебаев тағайындалды. Зиялы қауым өкілі ретінде осы тағайындауға байланысты сіздің көзқарасыңызды білсек.
Б.Алтаев: Елбасы Н.Назарбаев қай өңірге болса да өзіне сенген, мемлекеттік саясатты жүргізетін адамдарды басшылыққа жібереді. Өткенде бір газеттен Ж.Түймебаевтың мамандығы «филолог», шаруашылық маманы емес деген пікірді оқып қалдым. Өзіңіз айтқандай, Түймебаев өңірде билікке келген оныншы әкім. Футбол әлемінде ұлттық командасын жеңіске жеткізген футболшылар №10-шы жейдемен өнер көрсеткен. Сол футболшылар жартылай қорғаныста да, шабуыл шебінде де жақсы өнер көрсеткен.
Ә.Ә.: Шынында да, әлемнің үздік футболшылары Пеле, Марадона, Зико, Платини, Месси, тағы басқалар осы №10-шы жейдемен өнер көрсеткеніне бүкіл әлем куә.
Б.Алтаев: Олай болса, өңір басшысы Ж.Түймебаев футбол алаңындағы жартылай қорғаушы, шабуылшы сияқты өз жұмысын үйлестіруге тура келеді. Осының айғағы – облыс әкімінің қала, аудан активтерімен кездесулерінде басшыларды мемлекеттік менеджментті игеруге шақыру. Ж.Түймебаевтың қолға алған жұмыстарының бірі – идеология мәселесіне үлкен көңіл бөлуі. Жалпы алғанда, оның қазақстандық патриотизмді қалыптастыру бағытындағы ерен еңбегі Мәңгілік Ел идеясының өміршеңдігіне жол салады. Демек «қуатты өңір болса, қуатты Қазақстанға», яғни жаңарған Қазақстанға қадам басамыз.
Ә.Ә.: Үстіміздегі жылдың қаңтар, ақпан айларында Астанада Сирия мәселесі бойынша келіссөздер өтті. Осы Сирия дағдарысын шешуде Қазақстанның рөлі қандай деп ойлайсыз.
Б.Алтаев: Сирия мемлекеті біздің елімізге тарихи-мәдени құндылығымен ілгеріден белгілі.Сирияның астанасы Дамаск қаласында Отырардан шыққан ұлы ғұлама Әбунәсір Әл-Фараби қызмет етіп, сонда жерленген. Қазақстан Сирия халқына 700 мың доллардан астам қаржы бөліп, 500 тонна азық-түлік көмегін көрсеткен. Келіссөз алаңын ұсынған «Астана процесі» Сирия соғысын тоқтатуға қадам жасады. Бір-біріне қару кезенген тараптардың бір үстелдің басында бас қосуы – жақсылықтың көрінісі деп айтуға болады. Астананың диалог алаңына айналуы – Қазақстанның халықаралық саясаттағы беделі мен салмағын арттырды. БҰҰ Бас хатшысының Сирия бойынша арнайы елшісі Стеффан де Мистура «Астана процесі» қорытындысында қабылданған құжатты «жай қағаз емес, адамдарды құтқару туралы құжат» деп баға беруі көп нәрсені аңғартады. Елбасы Н.Назарбаевтың мұсылман әлеміндегі беделінің өте жоғары екендігін Сирия дағдарысын реттеудегі «Астана процесі» дәлел бола алады.
Ә.Ә.: Көптеген мәселелердің бетін ашып алғандаймыз. Сұхбат барысындағы білдірген көзқарастарыңыз бен ұтымды ой-пікірлеріңіз оқырмандарға ой салары сөзсіз. Әңгімеңізге айтар алғысымыз шексіз! Аман болыңыз!..
Сұхбаттасқан Әсет Әссанди
(Материалды көшіріп басқан жағдайда сілтеме жасау міндетті)