Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Шымкент » ОНЛАЙН САУДАДАҒЫ АЛДЫН АЛА ТӨЛЕМДЕР: АЛАЯҚТАРДЫҢ АРБАУЫНА ТҮСІП ҚАЛМАҢЫЗ

ОНЛАЙН САУДАДАҒЫ АЛДЫН АЛА ТӨЛЕМДЕР: АЛАЯҚТАРДЫҢ АРБАУЫНА ТҮСІП ҚАЛМАҢЫЗ

Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметінде Шымкент қаласы полиция Департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Ергешов Серік Жүрсінбайұлының қатысуымен «Өңірдегі интернет-алаяқтыққа қарсы күрес жөніндегі шаралар туралы» тақырыбында баспасөз конференциясы өтті.

Алаяқтардың әрекетін тоқтату және алдын алу мақсатында құқық қорғау органдары белсенді жұмыс атқаруда. Мәселен, аудандық құрылымдарға күнделікті алдын алу шараларын жүргізу тапсырылып, олардың нәтижесі қатаң бақылауға алынған. Сонымен қатар, 2024 жылдың 22 қазанынан бастап, «Шымкент реклама» ЖШС-мен бірлесіп, қаланың барлық LED экрандарында күніне 300 рет «Тоқта, интернет-алаяқтық!» тақырыбында бейнероликтер көрсетілуде.
Әлеуметтік желілерде де ауқымды ақпараттық жұмыстар жүргізілуде: 600-ден астам ескерту суреті, 100-ден астам бейнеролик және 300-ден астам парақша жарияланды. Сонымен қатар, бұқаралық ақпарат құралдарында 369 мақала жарық көріп, оның 12-сі республикалық басылымдарда жарияланған.
Цифрлық технологиялардың дамуы қылмыстық әрекеттердің де күрделене түсуіне әсер етіп, интернет алаяқтары азаматтардың қаражаттарын жымқыру үшін жаңа амалдарды қолданып келеді. Елімізде жиі кездесіп жатқан алаяқтық әдістерінің қатарында банк немесе құқық қорғау органдарының қызметкері ретінде өздерін таныстырып, азаматтардың жеке мәліметтерін иемдену әрекеттері бар. Алаяқтар, мысалы, SIM-карта мерзімін ұзартуды сылтауратып, жеке деректерді алып, сол арқылы бөтен атқа онлайн несие рәсімдейді.
Алаяқтықтың тағы бір түрі — алдын ала төлем жасау арқылы интернет саудасы кезінде жоқ тауарды сатуды көздейтін схемалар. Олардың негізгі нысандары — Kolesa.kz, OLX.kz, Krisha.kz секілді платформалар мен Instagram желісіндегі жалған дүкендер.
Алаяқтар азаматтарға тауарлық несиені төмен пайызбен ақшаға айналдыруды ұсыну арқылы да алдайды. Азаматтар өз атына рәсімделген тауарларды алаяқтарға беріп, алаяқтар тауарды сатып пайда көреді де, азаматтар қаржылық шығынға ұшырайды.
Сондай-ақ, WhatsApp арқылы сілтемелер тарату тәсілі де кеңінен таралған. Вирустық сілтемелер арқылы алаяқтар қолданушылардың аккаунттарын бұзып, жақындарынан ақша сұрайтын жалған хабарламалар жібереді. Тіпті туыстарыңыздың дауысын өзгертіп, жол апаты немесе құқық қорғау органдарымен байланысты мәселелерге ұшырады деп, мәселені шешу үшін ақша талап ету жағдайлары да кездесуде.
Құқық қорғау органдары алаяқтықтан сақтануға шақырады және азаматтарға күмәнді ұсыныстарға сақ болуды ескертеді!

Пікір жазу