Сайрам ауданының әкімі Арман Сәбитовтің төрағалығымен ауыл тұрғындарының табысын арттыруға арналған «Ауыл Аманаты» жобасының 2024 жылғы жоспарын талқылау бойынша жиын өтті. Жиынға тиісті сала басшылары, бірқатар ауылдық округ әкімдері, Сайрам аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі өкілдері мен өндірістік кооператив басшылары қатысты.
Басқосуда аудан әкімінің орынбасары Шухратулла Убайдуллаев аталған тақырып төңірегінде баяндама жасады. Атап айтқанда, Сайрам ауданы бойынша «Ауыл Аманаты» бағдарламасы аясында 2024 жылға пилоттық жобаға қатысу үшін арнайы скриниг жүргізіліп, нәтижесімен Манкент, Қарамұрт, Қарасу және Арыс ауылдық округтері ұсынылғанын жеткізді.
Бұдан бөлек, олардың бекітілген бағыттарына тоқталды. Яғни, Манкент ауылында «Таза Өнім 2024» атауымен (балық, құс және тұрғындардың өз кәсібін ашу), Арыс ауылында «Арыс Бизнес Агро» (өсімдік, мақсары майын шығару, балық шаруашылығын дамыту), Қарамұрт ауылында «Қарамұрт Жаныс Агро» (сүтті қайта өңдеу, балық шаруашылығын дамыту), Қарасу ауылында «Аят-Агро Соm» (өсімдік, консерві өнімдерін дайындау, балық шаруашылығын дамыту) кооперативтері құрылған.
Кездесу барысында аталмыш жоба арқылы өз кәсібін ашуды көздеген тұрғындар туындаған сауалдарын қойып, мамандар тарапынан толыққанды жауаптар берілді.
Жиынды қорытындылаған аудан басшысы жауапты мамандар мен тиісті ауыл округ әкімдеріне жобаны іске асыру бойынша бірқатар тапсырмалар жүктеді. Кооператив басшыларын қажетті қаржымен және құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды жүйелі жүргізу керектігін айтты.
Бұл жоба президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылдың 26 қарашасындағы ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы негізінде іске қосылған. 2022 жылы «Ауыл аманаты» жобасын кеңінен насихаттау жұмыстары белсенді жүргізілді. «Amanat» партиясы жанынан құрылған мобильді топтар еліміздің әр өңірін аралап, шалғай ауылдардың тұрғындарына дейін жобаның негізгі шарттары мен мүмкіндіктерін түсіндірді. Жалпы айтқанда, 250 мыңнан астам адам бағдарламаның шарттары туралы толық ақпарат алған болатын.
«AMANAT» партиясы ауыл халқының еңбек табысын арттыру мақсатында бастапқыда пилоттық жоба ретінде қолға алынған жоба бүгінде ел көлімінде жүзеге асып келді. Халықтың жартысынан астамы ауылдық жерде тұратын сайрамдықтар үшін бұл жобаның маңызы зор.
«Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасы ауыл шаруашылығын дамытуға, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған маңызды бастама. Бұл жоба ел тұрғындарын агробизнеске тарту және ауылдық жерлердегі кәсіпкерлікті қолдауды көздейді.
Мемлекет басшысы өз Жолдауында халықтың көкейінде жүрген өзекті мәселелер бойынша нақты тапсырмалар берген болатын. Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді жан-жақты қолдау, ел тұрғындарын аграрлық бизнеске барынша тарту, азық-түлік қауіпсіздігі және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға байланысты мәселелерді шешу мақсатында жобаланып, жүзеге асырылып жатқан «Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасына барша бұқара қатты мүдделілік танытып отыр.
«Ауыл аманаты» жобасының басты мақсаты – ауылды жерлердегі халықтың табысын арттыру. Бағдарлама 2023-2025 жылдарға арналған, несиелер биылғы жылдан бастап беріле бастады. Жоба аясында қандай жеңілдіктер қарастырылған? Бағдарлама бойынша ауыл тұрғындары өз бизнесін дамытуға немесе кооператив құрамында жеңілдетілген несие ала алады, сондай-ақ техниканы лизингке рәсімдеуге болады. Қарыз алу шарттары да өте тиімді, себебі ондағы пайыздық мөлшерлеме әлдеқайда төмен. Несие/шағын несие мерзімі – 5 жыл, ал мал шаруашылығы және ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру саласындағы жобалар бойынша – 7 жылға дейін. Несиенің, шағын несиенің ең жоғары сомасы қолданыстағы заңнама бойынша айқындалады. Номиналды сыйақы мөлшерлемесі – 2,5 пайыз. Мұндай несиенің халыққа пайдалы екендігі сөзсіз. Мәселен, ауыл тұрғындарының бүгінде бірде-бір коммерциялық банктен мұндай шарттармен несие алу мүмкіндігі жоқ. Әлемдегі инфляцияны ескеретін болсақ, 2,5 пайыздық несие – өте тиімді. Ауылда қандай да бір өндіріс ашып, оны дамыту үшін аталған жоба – үлкен мүмкіндік. Тағы бір айта кетерлігі, «Ауыл аманаты» аясында несие алған азаматтарға негізгі борыш пен сыйақыны өтеу бойынша 1,5-2 жыл жеңілдік кезеңі де қарастырылған.
Қаражатты ісін жаңа бастаған және жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлер, зейнеткерлік жасқа толмаған жұмыскерлер, жеке кәсіпкер ретінде тауарларды өндіру немесе өткізу, жұмыстарды орындау және қызметтер көрсету жөніндегі қызметті дербес жүзеге асыратын тұлғалар, отбасылық кәсіпкерлікте ақы төленбейтін қызметті жүзеге асыратын тұлғалар, қосалқы шаруашылықтың мүшелері, табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен өндірістік кооперативтердің мүшелері ала алады.
Шағын несие алу үшін өтінім беруші жеке кәсіпкер болып тіркелуі керек. Сондай-ақ салық органдарында тіркеудің болуы, басқа несиелер бойынша мерзімі өткен жарнаның, мемлекеттік кірістер органдарында берешектің болмауы талап етіледі.
Несие алушыда ауыл шаруашылығын жүргізу үшін жер телімі, қора және басқа да қажетті жағдайлардың болуы шарт, сондай-ақ ауылшаруашылық өндірістік кооперативіне мүшелікке кіру және жоба аясындағы өндірген өнімін өндірістік кооперативке өткізу талап етіледі. Бағдарламаның қалай жүзеге асырылатыны және несиелеудің шарттарына назар аударар болсақ, ең бірінші кезекте жеке қосалқы шаруашылықтарды кооперативтер негізінде дамытуға басымдылық беріліп жатқаны байқалады. Бұл ретте алынған өнімнің сапасын, салмағын арттыратын өңдеу саласына қатысты жылыжайлар, сүт, ет өндірісі, құс және балық шаруашылығы секілді жобалар, өсімдік шаруашылығын, мал шаруашылығын дамыту, ауыл шаруашылығы кооперативтерін жабдықтау және басқа бағыттағы бизнес жобаларды қаржыландыруға ерекше мән беріліп отыр.
Несие алу үшін ауыл тұрғындары алдымен жергілікті әкімдіктеріне өтінім білдіруі қажет. Бұл жобаның ауылдық жерлерде жаңа жұмыс орындарын құруға, мал мен құстың санын көбейтуге, шағын кәсіпкерлікті ашу арқылы халықтың табысын арттыруға және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге септігі тиеді. Бағдарламада уақыт шектеуі жоқ. Шартта көрсетілгендей, несие алушы кем дегенде бір жыл сол жергілікті ауылдың тұрғылықты азаматы болуы керек. Егер кепіл болмаған жағдайда туыстардың кепілін пайдалануға болады. Шағын несиелер халыққа сенім білдірілген өкіл арқылы беріледі. Қаржының мақсатты жұмсалуы қатты қадағаланатын болады.
Бағдарлама адамдардың тұрақты табыс жолына түсуіне бағытталған. Кәсіп ашуға немесе істі дұрыс жүргізуге мамандануға ауылдық округ әкімдері көмектеседі.
Қашанда қағажу көріп жүретін ауыл тұрғындары жаңа жобаға үлкен үміт артып отыр. Қолынан іс келетін, дөңгелетіп отырған шаруасы бар көптеген кәсіпкер, фермерлер бұл бастамаға барынша мүдделілік танытуда. Олар қаржылай қолдау болса, ауыл-аймақта өз кәсібін бастауға немесе осыған дейін шұғылданып келген шағын кәсіптерінің аясын кеңейтіп, талапқа сай дамыта алатынына бек сенімді.
Жоба ауыл тұрғындарына өз кәсібін ашуға немесе қолданыстағы бизнесті кеңейтуге көмектесуге арналған, бұл ауылды жерлердегі экономикалық белсенділікті арттырып, ауылдық аймақтардың дамуына елеулі үлес қосады.
«Ауыл Аманаты» жобасының негізгі қаржыландыру бағыттары:
1) өңдеу саласына қатысты жобалар;
2) өсімдік шаруашылығын дамыту;
3) ауыл шаруашылығы коперативтерін жабдықтау;
4) мал шаруашылығын дамыту;
5) басқа бағыттағы бизнес жобалар.
Несиенің негізгі шарттары:
1) шағын несие мерзімі 5 жылға дейін; мал шаруашылығындағы жобалар үшін 7 жылға дейін;
2) шағын несиенің ең жоғарғы сомасы — ауылдық елді мекендер мен шағын қалаларда 2,5 АЕК, яғни (8.6 миллион теңге), зәкірлік кооперация – шағын және орта шаруа (фермерлік) қожалықтары және/немесе ауыл шаруашылығы кооперативтері үшін 8 мың АЕК (27.6 миллион теңге) дейін;
3) сыйақы мөлшері жылына 2,5 пайыздан аспайды.
Несие талаптары:
1) несие алушы жеке кәсіпкер ретінде тіркеуде болуы тиіс;
2) басқа несиелері бойынша мерзімі өткен жарналар болмауы керек;
3) мемлекеттік кірістер органдарында берешек болмауы тиіс;
4) кепілмен қамтамасыз ету;
5) зейнет жасына жетпеген;
6) ауыл шаруашылығын жүргізу үшін қажетті жағдайдың (жер телімі, қораның) болуы қажет.