Бүгінде жайылым тапшылығы әр өңірде кездесетін өзекті мәселеге айналған. Сайрам ауданында жайылымдарды қайтару жұмыстары қарқынды жүруде. Елді мекендердегі жергілікті халықтың шаруашылығындағы мал басына қажетті ортақ жайылымның тапшылығын жою – басты назарда.
Мемлекет басшысы тарапынан берілген тапсырманы орындау мақсатында пайдаланылмай жатқан және жеке меншікке заңсыз берілген ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, шалғайдағы маусымдық жайылымдарды ұйымдастыру мақсатында босалқы жердегі жайылымдарды шалғайдағы жайылымға бекіту бойынша тиісті іс-шаралар атқарылуда.
Сайрам ауданында 31 462 гектар жайылым жер бар. Аудан аумағындағы төрт түлік малдың жайылымдық жерлермен қамтылу деңгейін есептегенде, қажетті жайылым көлемі 693,4 мың гектарды құрайды (мал басына қажетті жайылым көлемі -693,4 мың гектар. Өріске шығатын әр мал басына 9 гектар деп есептелді, 77048 х 9=693 432 га).
Аудан бойынша барлығы 9971 га жайылым жер қайтарылуы тиіс. Оның 5264 га жер учаскесі (2022ж.-722 га, 2023ж.- 4184 га, 2024 ж-358 га) ортақ жайылымға қайтарылды, 3457 га жайылымды қайтаруға сотқа дейінгі келісім рәсімдеу үшін жер иелеріне хабарлама берілді. Ауданда ағымдағы жылға 500 гектар гектар жайылымдық жерді мемлекетке қайтару міндеті қойылған. Аудандық жер қатынастары бөлімінің мәліметіне сәйкес, ортақ жайылым жыл басынан бері 358 гектар жайылымдық жермен толықты.
Жалпы, Сайрам ауданының барлық жер көлемі 114761 гектарды құрайды. Барлық ауыл шаруашылығы алқаптарының жиынтығы — 76820 гектар, оның ішінде егістік жерлер — 51862 гектар, оның ішінде суармалы егістік — 15466 гектар, көп жылдық ағашты өсімдіктер — 2110 гектар, аудан аумағындағы жайылымдар — 22090 гектар, шалғайдағы (аудан аумағынан тыс жерлерде пайдаланылатын жайылымдық) жерлер — 8234 гектар.
Жер санаттары бойынша тоқталсақ, ауыл шаруашылығы алқаптарының жиынтығы — 76820 гектар, ал елді мекендердің жерлері — 22342 гектар. Өнеркәсіп, көлік байланыс, қорғаныс және ауыл шаруашылығы емес, басқа мақсаттарда пайдаланатын жерлер — 1940 гектар. Орман қорының жерлері — 243 гектар. Су қорының жерлері — 1028 гектар. Арнаулы жер қорының жерлері — 12388 гектар.
Сайрам ауданының шаруалары мал шаруашылығы өнімдерімен тек облысты емес, еліміздің басқа өңірлерін, шекаралас мемлекеттерді қамтып отыр.
Өнеркәсіп саласында 41,1 млрд.теңгенің өнімі өндіріліп, нақты көлем индексі 108,7 пайызды құрады. Өндірілген өнімнің 32,8 миллиард теңгесі өңдеу өнеркәсібінде өндірілген.
Шағын кәсіпкерлікте 20 147 белсенді субъектілерімен 115,6 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, қызметтер көрсетілген. Былтырғы жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 1,5 есеге артқан.
2024 жылдың 9 айында «Бизнестің жол картасы 2025″ /»Ұлттық жобаның» 2-ші бағыты аясында 55 кәсіпкерге 5,8 миллиард теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсетілген. Ал, жаңа бизнес идеяларды іске асыруға 155 мемлекеттік грант берілді (жоспар 130 адам).
Жалпы, Сайрам ауданы — Түркістан облысындағы ең ірі аудандардың бірі болып саналады. Аудан орталығы — Ақсукент. 1928 жылы құрылған. Жерінің аумағы: 1,1 мың шаршы шақырым (облыстың 0,9%). Тұрғын саны 2024 жылдың 9 айында 239 мыңнан астам халық бар,бұл жалпы облыс халқының 11%-ын құрайды (2023 жылғы статистика бойынша 231,9 мың адам).
Ақсу өзенінің бойына орналасқан, жүз жылдан астам тарихы бар барлық автомобиль және темір жолдары осы орталықта түйіседі. Аудан Шымкент қаласының айналасын сақина тәрізді орай қоршап жатыр. Ауданның шығысында Машат өзені, орталығында Ақсу өзені, ал солтүстігінде Арыс өзені ағып өтеді.