Шымкент қаласының қылмыстылық жағдайы соңғы бірнеше жылда тұрақты өсу динамикасымен сипатталады. Оның негізгі себептері – халық пен құзырлы органдардың арасында қылмыстылықты құрықтауға бағытталған тығыз байланыстың болмауы, тұрғындарды қоғамдық тәртіпті сақтауға жұмылдыру жұмыстарының жүйесіздігімен жұмыссыздықпен күрес бағытында атқарушы органдардың іс-шараларының жеткіліксіздігі. Сонымен қатар, Жергілікті полиция қызметі мен ішкі істер органдарының қылмысты болдырмауға, анықтауға, ал орын алған құқық бұзушылықтардың ізін суытпай ашуға бағытталған профилактикалық іс-шараларының нәтижесіздігі болып отыр.
Қаладағы қоғамдық тәртіптің сақталуына әсер ететін тағы бір мәселе – жалға берілетін пәтерлердің салықтық есепке тіркелмеуі. Жергілікті полиция кіріс департаментіне жалға берілетін пәтер иелерінің кәсіпкер ретінде тіркелгені (тіркелмегені) туралы сұрау хаттар жолдаумен ғана шектелген. Мысалы, жалға берілетін пәтерлер шоғырланған мөлтек аудандарда қоғамдық тәртіп пен тұрғындардың тыныштығы жиі бұзылады, тіпті аморальді сипаттағы іс-әрекеттер де орын алып отыр.
Қоғамдық тәртіптің бұзылуына тәулік бойы және түнгі уақытта жұмыс істейтін кафелер мен клубтар да өз үлестерін қосуда. Олардың иелері тарапынан қоғамдық тәртіпті сақтау шараларына жете көңіл бөлінбеуде. Себебі, жергілікті полиция тыныштық бұзғаны үшін ғана хаттама толтырып, ауыр немесе аса ауыр қылмыс оқиғалары орын алған жағдайда да осындай демалыс орындарының қызметін уақытша тоқтату мәселесін көтермеген. Ал, жауапкершілік болмаған жерде, заңды құрметтеу де болмайтыны белгілі.
Қалыптасқан жағдайды түбегейлі өзгерту мақсатында, облыстық прокуратура өткен жылғы тамыз айынан бастап жүйені сауықтыру, жұмысты өзгеше жандандыру туралы шешім қабылдаған. «Шымкент – қауіпсіз қала» жобасы жасақталып, оған жергілікті атқарушы органдар, жергілікті полиция қызметі, ішкі істер және басқа да құзырлы органдар жұмылдырылды.
Ғұлама ғалым Энштейннің: «Біркелкі әрекеттер қорытындысымен өзгеше нәтиже күту – бассыздық», – деген қанатты сөзі бар. Сондықтан, жоба аясында қалыптасқан тәсілдерді қайта қарап, осал тұстарды анықтап, қаладағы қылмыстық жағдайды сауықтырудың оңтайлы, жаңа әдістерін енгізе бастадық. Қала тұрғындарымен тығыз қарым-қатынас орнаттық, халық арасында ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын кеңінен ұйымдастырдық. Осал тұстарды анықтап, негізгі күштерді қажеттілігіне бағыттап, жоба қатысушыларына жүктелген шараларға жауапкершілікпен кірісу міндеттелді. Нәтижесінде, биылғы жылдың 1-ші тоқсан қорытындысымен қаладағы қылмыстылық 20%-ға төмендеді.
Облыс прокуратурасы жоба қатысушыларына криминогендік ахуалды жақсарту мақсатында тұрғындарды қоғамдық қауіпсіздікті қорғауға әлеуметтік жобалар арқылы кеңінен жұмылдыруды ұсынды. Қазіргі таңда 200 тұрғын жұмыспен қамту орталығы арқылы полицияның қоғамдық көмекшілері ретінде учаскелік бекеттерге бөлінді. Жоба аясында жергілікті полиция қызметінің 12 бағалау өлшемінің тұжырымдамасы дайындалып, наурыз айында облыстық мәслихаттың шешімімен бекітілді.
Прокуратураның бастамасымен тұрғындармен 70-тен аса кездесулер ұйымдастырылып, сапалы дайындалған түсіндіру жұмыстарының қорытындысымен әлеуметтік желіде «Бірлік болмай, тірлік болмас» ортақ топтары құрылды, қаладағы көп қабатты үйлер мен көшелердің үй жүргізушілері, жергілікті полиция қызметі, әкімдік, прокуратура органдары арасында тиісті ақпарат алмасу ұйымдастырылды.
Қазір кез-келген аулада, көшеде орын алған деректер бойынша топқа жолданған хабарламаны құзырлы органдар өңдеп, шара көруі жүйеге айналған. Қала тұрғындарының құзырлы органдарға жазған арыздарын қабылдау және оның созбалаңдыққа салынбай қаралуына ерекше назар аударылып, мұқият тексерілуіне қол жеткізе бастады.
Қылмыспен күресудегі өзекті мәселелердің бірі, ол – жұмыссыздық. Мәліметтерге сәйкес, қылмыстың 86% жұмыссыздар жасайды, ал қылмыстық жауапкершілікке тартылғандардың жас шамасының көбі 25-39 аралығындағы жұмыссыз, орта білімді тұлғалар. Яғни, «тепсе, темір үзеді», – дейтіндей еңбекке қабілетті жастағы өз еліміздің азаматтары. Ал, жұмыспен қамту орталығында тек 19 991 адам жұмыссыз ретінде тіркелген.
Елбасының биылғы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауына сәйкес, еңбек нарығын да жаңғырту қажет. Ол үшін жаппай техникалық кәсіптерді меңгеру, мемлекет тарапынан оларды тегін оқытып, жұмысшы мамандарды даярлаумен қатар, шағын және орта кәсіпкерлікті өркендетуге және қосымша жұмыс орындарын ашуға, жұмыссыздар санын мейлінше азайтуға назар аудару қажет.
Сонымен қатар, қылмыстылық ахуалы нашар аудандарда жергілікті полиция қызметінің жұмысын жандандырып, құқық тәртібін сақтауды қамтамасыз етуді бұлжымас қағидаға айналдыру керек. Тұрғылықты жерінде тіркеуге қою туралы заң талаптарына сәйкес қала аумағына әртүрлі себептермен уақытша тұруға келген халықты тіркеуге алуды үнемі жүргізу – іздеуде жүрген қылмыскерлерді, борышкерлерді, тіпті бөтен пиғылдағы тұлғаларды да дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді.
Осы және тағы да басқа өзекті мәселелер облыстық прокуратураның Үйлестіру кеңесінде қаралып, жоба бойынша қосымша іс-шаралар жоспары бекітілді. Үйлестіру кеңесінің жұмысына облыстық және қалалық мәслихаттың депуттатары, облыстық қоғамдық кеңес мүшелері, бұқаралық ақпарат өкілдері қатысты.
Қоғаммен арадағы байланыс нығая түссе, қылмыстылық пен құқық бұзушылыққа мүлдем төзбеушілік қағидасына жаңа серпін беретініне сеніміміз жоғары.
А.Қожахметов,
Оңтүстік Қазақстан облысы прокурорының орынбасары