Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде «Ұлт тарихындағы Орбұлақ шайқасы: Ұлы жеңістің ақиқаты және маңызы» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті. Бұл Қазақ мемлекеттілігінің тұтастығын сақтаудағы айрықша орын алатын Орбұлақ шайқасы жайлы халықаралық деңгейдегі ғылыми жиынның өңірде алғаш рет өтуі.
Пленарлық мәжіліске қатысқан модераторлар: Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры З.Қабылдинов пен «Жеті жарғы және Қожаберген жырау» халықаралық қайырымдылық қорының төрағасы Б.Тұрғараев.Сондай-ақ, Самарқанд мемлекеттік университетінің профессоры Э.Мусурманов, И.Арабаев атындағы Қырғыз мемлекеттік университетінің ректоры Т.Абдырахманов, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің профессоры А.Айталы, филология ғылымдарының докторы М.Мырзахметов және елімізге белгілі ақын-жазушылар мен журналистер қатысты.
Жиында алғашқы болып сөз алған Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Ж.Түймебаев Орбұлақ шайқасының маңызына тоқталды.
Ғылыми-теориялық конференцияда Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры З.Қабылдинов «Орбұлақ шайқасының әлемдік тарихи маңызы» атты баяндама жасады. Сондай-ақ, «Ардагерлер ұйымы» төрағасының бірінші орынбасары Ө.Озғанбаев «Орбұлақ шайқасындағы Ұлы жеңіс және рухани жаңғыру тарихи сабақтастығы», Самарқанд мемлекеттік университетінің профессор Э.Мусурманов «Самарқанд – Регистан әлемдік өркенниеттің алтын қазынасы. Жалаңтөс Баһадүрдің ерлік еңбегінің тарихи маңызы», И.Арабаев атындағы Қырғыз мемлекеттік университетінің ректоры Т.Абдырахманов «Қазақ-Қырғыз халқының ортақ жауға қарсы тұрып күресуінің тарихи маңызы. Қос батырлар Көтен мен Табай» тақырыбында баяндама жасады.
Айта кетейік, Орбұлақ шайқасы – қазақ халқының Жоңғар шапқыншылығына қарсы азаттық соғысындағы алғашқы бетбұрысты оқиғалардың бірі. Бұл шайқас 1643 жылдың жазында Қазақ хандығының қолын басқарған Жәңгір Хан мен жоңғар қолын басқарған Батыр Қонтайшы арасында өткен.
Асхат Әссанди дің фоторепортажы