Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Ауыл жаңалықтары » Тарихы терең Отырар

Тарихы терең Отырар

Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Отырар ауданында жұмыс сапарымен болып, «Отырар төбе» қалашығында арнайы мамандармен бас қосты. Түркістан қаласының дамуы бойынша келген сәулетшілер мен археолог, тарихшылар сынды өз саласының білгірлері жиналған Отырар қалашығындағы басқосуда аймақ басшысы кезінде көне шаһардың агломерациясы мықты болғанын айтты. «Отырар қалашығына келе жатқанда бірнеше төбелер бар. Олардың бәріне зерттеу жүргізілуі керек. Кезінде Отырар үлкен қала болса, соның айналасындағы ауылдар оған қызмет жасаған. Мысалы, «Алтынтөбе» деген жерде осы шаһарға қажетті тиындарды, ақшаларды, әйелдерге әшекей бұйымдарын басқан. Одан кейін «Жаман төбе» деген жерде малды сойып етін жіберіп отырған. «Шақты төбе» дейді.

Мұнан соң, жұмысшы топ Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-мұражайын аралады. Ондағы күрделі жөндеуден өткен экспозиция залының жұмыстарымен танысты. Отырар қалашығы б.з.б I ғасырға жатады. Шаһардың аумағы ұзындығы мен еніне қарай шамамен бір күндік жер болған. Яғни, Отырар сол кезде 200 гектардай жерді алып жатыр. Қаланың мәдени орталықтарында кездесетін өрттің іздері бұл қала бір рет емес, бірнеше рет шабуылдарға ұшырағандығын көрсетеді.

«Мәдени мұра» және «Ежелгі Отырарды жаңғырту» мемлекеттік бағдарламалары аясында 2004-2007 жылдары Отырар қалашығының XIV ғасырдың жұма мешіті, XVI ғасырдың тұрғын үй орамы, XI-XII ғасырлардың тұрғын жайлары, қабырғалар, орталық қақпа және «Дарваза-и суфи», стратиграфиялық шурф, XIV ғасырдың моншасы сынды бірқатар ескерткіштері зерттеліп, оларды консервациялау және музейлендіру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілген.

 

Бүгінгі күні Отырар ауданының 50 мыңнан астам тұрғыны бар. Ал ежелгі қаланы көруге жылына одан екі есе көп турист келеді. Туристерге қолайлы жағдай туғызу мақсатында аудандық бюджет есебінен «Арыстанбаб» кесенесі мен «Отырар төбе» қалашығы аралығындағы 1,7 шақырым аралықты абаттандыру жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп, сараптама қорытындылары алынды.

Пікір жазу