Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Ауыл жаңалықтары » ЕҢБЕКҚОР ЕЛДІҢ ЫРЫСЫ МОЛ!

ЕҢБЕКҚОР ЕЛДІҢ ЫРЫСЫ МОЛ!

Құрметті түркістандықтар!
Қадірменді «Қауын фест» облыстық фестивалінің қадірменді қонақтары!
Елі еңбекқор, диқаны мырза, жері шүйгін, мақтаның отаны саналған Мырзашөл өңіріне асығыңыздар!
24 тамыз күні Жетісай ауданының орталығы Жетісай қаласында Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевтың бастамасымен тұңғыш рет облыстық фестиваль бастау алғалы тұр.
Аталған шараның мақсаты – бақша дақылдарынан өндірілетін өнім түрлерін дамыту арқылы кәсіпкерлік дағдыларын қалыптастыру. Яғни диқандардың өзара тәжірибе алмасуына жағдай жасап, бақша өнімдерін терең өңдеуге қол жеткізу. Қауын-қарбызды қалдықсыз яғни терең өңдеуге бет бұрыс жасау.
Жасыратыны жоқ, бүгінде ауданымызда өндірілген бақша дақылдарының оның ішінде қауын-қарбыздардың 50 пайызға жуығы жарамсыз жағдайда егістік алқаптарында шіріп, керексіз жағдайда қалып қоюда. Оның өзіндік себептері де жоқ емес. Бірінші себеп – мырзашөлдік диқандар әлі күнге қауын-қарбызды өндіріп, сатумен ғана айналысып келеді. Яғни қауын-қарбыздың отанында бақша өнімдерін қайта өңдеу саласына тиісті деңгейде мән беріліп отырған жоқ. Екінші себеп – қауын қақ, қауын құрт жасау секілді диқаншылық әдіс-тәсілдер ел арасында ұмыт қалып барады.
Диқандардың алты айғы есіл еңбектері еш кетпеуі үшін Жетісай аудан әкімдігі алдағы жылдары қауын мен қарбызды қайта өңдейтін шағын кәсіпорындар ашуды жоспарлап отыр. Осы мақсатта біз биыл Алматы қаласындағы тамақ өнеркәсібін дамыту интитутымен тығыз қарым-қатынас орнатып, қауын-қарбыздан 10 түрлі өнім өндіруге болатынына көз жеткіздік. Ертеңге шараға сол білім ордасымен бірлесе әзірлеген пастерленген 2500 дана тосабын, тәттілігі тіл үйірер қақтарын сіздердің назарларыңызға ұсынатын боламыз. Сондай-ақ, осы фестивалге аталған білім ордасының ғалымдар мен мамандарын да арнайы шақыртып отырмыз.
Жетісай ауданының агро саладағы жетістіктері мен жаңашылдықтары да жылдан жылға жақсарып келеді. Биылдың өзінде ауданымызда 77 мың 274,6 гектарға егіс егілді.
Биыл ауданымызда 15019 гектар жерге бақша өнімдері егілді. Әзірдің өзінде алынған өнім көлемі 425076,2 тоннаға жуықтаған. Оның ішінде 8621 гектарға қауын егілсе, гектарына 269,3 центнерден өнім жиналуда. Қазірдің өзінде диқандар қауыннан 251181 тонна өнім жинап үлгерген. Бұл көлем күннен күнге артпаса, кемімейді. Өйткені қауын жинау науқаны әлі де жалғасуда.
Ал қарбызға келсек, биыл жетісайлық диқандар 6397,8 гектарға қарбыз ексе, өнімділігі гектарына 270 центнерге дейін артқан. Бүгінге дейін ауданымызда 172862,2 тонна қарбыз өнімі жиналып, арысы Еуропа, берісі Ресей елдеріне жөнелтілуде. Соның нәтижесінде мырзашөлдіктер қауын-қарбыз өсіруде Орта Азияда көшбасында келеді. Бүкiл республикаға «ақ алтын» өсiрумен танылған бұрынғы іріленген Мақтаарал ауданының шаруалары соңғы 10 жылда қауын-қарбыз егумен түпкілікті айналысуда. Мұндағы диқандар шамамен жылына 650-700 мың тоннадан астам қауын-қарбыз жинайды. Соның шамамен 450 мың тоннадайы экспортқа жол тартады. Мырзашөлдіктердің қауын-қарбыз өсіруді жетік меңгергені соншалық, мұнда бақша дақылдарының экспортқа жарамды неше түрлі сұрыптары өсіріледі. Бұл да болса диқандардың сұранысқа қарай икемделіп алғанының көрінісі.
Ендеше, «Қауын фест» облыстық фестивалі дала диқандарының тынысын ашып, мәртебесін көтеріп, ұмыт болып бара жатқан егіншілік үрдістерді қайта жаңғыртуға, бағбандарды қауын мен қарбызды терең өңдеу саласына бейімдеуге жаңа серпін береді деп сенемін.
Келіңіздер, көріңіздер!

Ізгі ниетпен
Жетісай ауданының әкімі
Жамантай Бейсенбаев

Пікір жазу