Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Ауыл жаңалықтары » ТҮРКІСТАНДА ÓZGEEPIC ЗАМАНАУИ ӨНЕР КЕҢІСТІГІ АШЫЛДЫ

ТҮРКІСТАНДА ÓZGEEPIC ЗАМАНАУИ ӨНЕР КЕҢІСТІГІ АШЫЛДЫ

Бүгін Түркістан қаласындағы «Khanshaiym Plaza» ойын-сауық орталығында ÓzgeEpic creative hub филиалы ашылды.
Заманауи өнер кеңістігінің ашылу салтанатында ақын, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Мақпал Мыса жалынды жастардың шығармашылық бастамаларына, жетістіктеріне тоқталып, жүрекжарды лебізін білдірді.
Шара аясында фотожурналист Әйгерім Бегімбет, журналист Жанерке Хұмар, фотограф-дизайнер Шыңғыс Әбдіразақтың «Түркістан әйелдері» мен «Тіршілік» атты фотокөрмесі өткізіліп, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетімен өзара ынтымақтастық меморандумына қол қойылды.
Бұдан бөлек, ÓzgeEpic creative hub қабырғасында бүгіннен бастап, музыка, театр, дизайн, анимация, фотоөнер, көрме, жәрмеңке, айтыс, стенд ап, драматургия бағытындағы сан алуан жобалар жүзеге асырылмақ. Бұған қоса, балалар театры құрылып, дизайн және фотоөнер курстары ұйымдастырылады. Креатив хаб Қазақстан мәдениетінің озық өкілдерін тарта отырып, жергілікті өнер қауымдастықтарын қалыптастыруға қызмет етеді.
Сондай-ақ, Түркістан жастарының заманауи қазақ мәдениетін дамытудағы орнын айшықтайды. Түркістанның туристік әлеуетін арттыруға үлес қосып, қаланың халықаралық түристік орталық ретіндегі мәртебесін мәдени жобалары арқылы жандандыра түспек.
«ÓzgeEpic creative hub Алматы қаласында 2019 жылдан бастап ешқандай қаржылай қолдаусыз жұмыс істеп келе жатыр. Біз жастарға мүмкіндік беру және мәдениеттің жаңа үлгісін ұсыну бағытында кино, анимация, креативті білім, музыка, театр, медиа, көрме және IT салалары бойынша жұмыс істейміз. Жоспарға сәйкес еліміздің ірі қалаларында өз филиалдарымызды ашуды жөн көрдік. Сонымен бірінші нүктемізді Түркістан қаласынан бастадық. Себебі бізді қолдайтын азаматтар Түркістан қаласынан ниет білдіріп, «Khanshaiym Plaza»-ның басшыларымен серіктес болу ұсынылды. Біз жаңа мәдениеттің үлгілерін жасап жатқан алғашқылармыз деп айта аламыз», — деді ÓzgeEpic creative hub директоры Тоғжан Құрманжанқызы.
Айта кетсек, ÓzgeEpic — халықаралық деңгейде заманауи бәсекеге қабілетті қазақстандық өнерді дамыту, қоғамның мәдени санасының деңгейін арттыру, дарынды жастарды анықтау және қолдау мақсатында қызмет атқаратын кеңістік. ÓzgeEpic ұжымы құрылған сәттен бастап бірқатар жобаларды жүзеге асырған. Олардың ішінде алғашқы Қазақстандық стриминг сервисі, 3 халықаралық анимациялық фестиваль, 20-дан астам LIVE концерт, 30 спектакль, 15 әдеби кештер де бар.

Пікір жазу