Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Ауыл жаңалықтары » ТҮРКІСТАНДА ДУЛАТ ИСАБЕКОВТЫҢ 80 ЖЫЛДЫҒЫ АТАП ӨТІЛДІ

ТҮРКІСТАНДА ДУЛАТ ИСАБЕКОВТЫҢ 80 ЖЫЛДЫҒЫ АТАП ӨТІЛДІ

Түркістанда жазушы, драматург, «Қазақстанның Еңбек ері» Дулат Исабековтың 80 жылдығына арналған салтанатты іс-шаралар өтті. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды мен өңір жұртшылығы және оқырман қауым қаламгерге құрмет көрсетіп, шығармашылығын жоғары бағалады. Мерейтой барысында Д.Исабековтың өмірі мен шығармашылығына арналған кітап көрмесі ұйымдастырылды.
Салтанатты іс-шара Түркістан музыкалық драма театрында мерейтой иесінің «Бөрте» спектаклімен жалғасын тапты.
Спектакль алдында облыс әкімі Дархан Сатыбалды даңқты қаламгерді мерейтойымен құттықтап, құрмет көрсетті.
– Сізді 80 жасқа толған мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймын! Осы мерейлі сәтті Түркістан төрінде атап өтіп жатқанымызға қуаныштымыз. Сіз әдебиетте ғана емес, публицистика, драмматургия салаларында өз жолыңызды қалыптастыра алдыңыз. Туған жеріңіз – Қасиетті Түркістан өңіріне келіп, мерейтойыңызды жалғастыру – біз үшін үлкен мәртебе. Жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанға рухани және тарихи астана мәртебесін беру ұсынысын айтты. Осы бағытта жұмыс жүріп жатыр. Түркістан – Қазақ хандығының астанасы болған ұлы шаһар. Тарихи шешімдер осы қалада қабылданған. Біздің Түркістанды дамытудағы басты мақсатымыз – өңірді Түркі әлемінің рухани-мәдени орталығына айналдыру. Бұл мақсатты жүзеге асыруда өзіңіздей қаламгерлердің, осындай іс-шаралардың қосар үлесі мол, – деді облыс әкімі
Дулат Исабеков көрермендер мен облыс тұрғындарына ризашылығын білдіріп, алғысын айтты.
– Шетелдердегі әдеби жиындарда, қойылымдарымның премьераларында қазақ әдебиеті, тарихы, мәдениеті туралы ой қозғап жүремін. Бүгінде «Бөрте» спектаклі халықаралық деңгейде танылып отыр. Бүгін өздеріңізбен қауышып отырғаныма қуаныштымын. Еліміз аман болып, руханиятымыз дами берсін, – деді жазушы.
Тарихи туындыны тамашалауға тек Түркістан облысы ғана емес, өзге өңірлерден де көрермендер арнайы келген екен. Қойылымның тереңіне сүңгіген көрермен түркістандық актерлардың өнеріне ризашылықтарын білдірді. Алдағы уақытта «Бөрте» АҚШ мемлекетінің театрларында да ұсынылады деп жоспарланып отыр.

Пікір жазу