Есеп беретін мемлекет. Бұл — әлемнің ең дамыған отыз елінің қатарына енуді көздейтін бес институттық реформаның бір бағыты. Мұндағы мақсат — халыққа қай жағынан болсын есеп беретін мемлекетті қалыптастыру. Түркістанда сот төрағаларының қатысуымен алғашқы жартыжылдықта қорытынды жасалып, есептері тыңдалды.
Бұл туралы облыстық «On’tu’stik» телеарнасына сілтеме жасаған «didarbek.kz» хабарлайды.
Жиынға Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотының төрағасы, әкімшілік және кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттарының төрағалары қатысты. Олар қоғамдық ортада орын алған қылмыстық құқықбұзушылыққа тоқталып, алдын алу шаралары туралы әңгіме етті. Қаралған қылмыстық сот істеріне тоқталды.
Қасым Қалмағамбетов – Түркістан облысы бойынша мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотының төрағасы: Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған аудан аралық сот есеп беріп олтыр. Алты айда 51 қылмыстық іс түсіп, 74 адамға қатысты 36 үкім шығарылды.
Айта кету керек, соңғы жылдары сот жүйесі мен судьялардың мәртебесін арттыру, сот жүйесінің тәуелсіздігін күшейту жөнінде көптеген нақты заңдар қабылданды. «100 нақты қадам» ұлт жоспарында да сот жүйесін одан әрі жетілдіру жағы жіті көрсетілді. Жиында сот төрағалары осы бағытта атқарылған істерді баяндады.
Абдуали Қосмұратов Түркістан қаласы мамандандырылған тергеу сотының төрағасы міндетін атқарушы: Қазіргі кезде біз осы бағдарламалар бойынша қатысып, сот үрдісіне айналдырдық. Шымкент қаласында орналасқан түзу мекемесіне адамдарды алдырмай, осы жерден компьютерден қарап жатырмыз.
Әділ шешім мен әділетті үкім шығару — әр судьяның қасиетті парызы. Ол қара қылды қақ жарған әділ болса, дауласушылар төреліктің дұрыстығына күмән келтірмейді. Сот төрелігінің әділдігі кемел елдің болмысын көрсетеді. Ендеше мемлекет атынан сөйлейтін судьялардың кәсіби біліктілігі ғана емес, адамгершілік, моральдік қасиеттері де мол болуы керек. Жиын барысында осы мәселе жіті назарда болды.