Әдеп-ғұрып және салт-дәстүр орталығында Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында тұсауы кесілген «Дәстүрім – асыл қазынам» энциклопедиялық жинағы мен «Ұлттық киімдер» атты кітаптарынан үзінді.
Тымаққа салу
Ел арасында ай-күніне жетпеген бала жайында «Шала туып, тымаққа салып өсірген екен» деген сөздер жиі естіледі. Халықта, әдетте, шала туған сәбиді осылай өсіретін ғұрып бар. Оның себебі – шала туған сәби ұстауға, бесікке салуға келмейді. Ал тымақ – жылы әрі бөлеуге, ұстауға ыңғайлы. Және сәбидің неше күні кем болса, сонша күн керегенің әр басына ілініп қойылатындықтан, күн кереге басы арқылы есептеледі.
Мысалы: қырық күні кем болса, керегенің қырқыншы басынан бала тымақтан алынып, әдеттегідей жаңа туған баланың рәсімі жасала бастайды. Айталық, ат қою, бесікке салу, т.б. Егер бала қыста туса, тымақ қыстыратын жер, оның күнін есептеу жағы ойластырылады.
Азан шақырып ат қою
Жаңа туылған балаға ат қою өмірлік мән-маңызы бар, аса игілікті іс саналатындықтан, қазақ халқы балаға ат қоюға ерекше көңіл бөліп, әр дүние есігін ашқан перзенттің атын жалпақ жұрт сыйлап-қадірлейтін білікті, қадірлі кісілерге қойдыруға тырысады.
Әдетте баланың атын ел-жұрт көп жиналған шілдехана үстінде қояды. Онда атын қоятын баланы «Мына балаға ат қойып беріңіз» деп көп ортасында отырған білікті кісілердің біріне ұстатқанда, әжейлер оған бай-бақытты болсын деп шашу шашады.
Баланы қолына алған кісі оның құлағына: «Сенің атың ..!», деп үш рет дауыстайды да, баланың бетін ашып көпшілікке көрсетеді. Сыртта азан шақырылады. Міне, бұл «Ат қою» деп аталады. Тіліміздегі «пәленшенің азан шақырып қойған аты» деген содан қалған. Балаға азан шақырып ат қойған соң, үлкен кісілер ақ баталарын береді.
Қазақ дәстүрінде, мейлі, туа салып шетінеп кетсін, мейлі, ай-күні толмай, түсік болып түссін, адам бейнесін қалыптастыратын балаға ат қойып, жаназа шығарып жерлейді.
Қазақ халқының ат қою дағдысының өзіндік мән-мағынасы және ғылыми негізі бар, яғни қазақ халқының ат қоюына қарап оның таным-түсінігі, салт-санасы, арман-тілегі, сондай-ақ этикалық талғамы мен ұлттық болмысы өте анық байқалады.