Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » ОҚО жаңалықтары » МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУДІҢ ТИІМДІЛІГІН АРТТЫРУ – ХАЛЫҚТЫҢ СЕНІМІН АРТТЫРУ

МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУДІҢ ТИІМДІЛІГІН АРТТЫРУ – ХАЛЫҚТЫҢ СЕНІМІН АРТТЫРУ

Тәуелсіздік алған жылдар ішінде Елбасының сындарлы саясатының арқасында қоғам дамуыны­ң барлық­ саласында түбегейлі өзгерістер орын алып, көптеген жетістіктерге қол жеткіздік. Соның ішінде мемлекет­тік органдардың тиімді жүйесі мен құрылымы жасалып, мемлекет­ті басқарудың ұтымды үлгісі іске қосылды.

Мемлекеттік кадр саясатын қалып­тастырумен қатар халықтың мемле­кет­тік қызмет түрлеріне қолжетімділігін арттыр­у бағы­тында­ғы бастамалар жүзеге асырылуда. Әкімшілік реформаларды жүргізу барысында мемлекеттің алдындағы ең бірінші мақсат азаматтардың мүдделері мен заңды құқықтарын сақтай отырып, мемлекеттік қызметтің сапалы жаңа түрін жетілдіру жолдарын айқындау болып табылады.

Мәселен, Елбасы «Қазақстан – 2050» Стратегиясында: «Мемлекеттік қызмет көрсету – бұл еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіші екенін атап көрсетсе, жыл сайынғы Жолдауларында мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын арттыру арқылы азаматтардың мемлекеттік органдардың қызметіне деген сенімін көтеру маңыздылығына ерекше мән беріп, 2020 жылы мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің кемінде 90 пайызын электронды форматқа көшіру туралы тапсырма беріп, мемлекеттік көрсетілетін қызметтер сапасын арттыруға ерекше назар қойылған болатын.

Мұндай саясаттың еліміздің одан әрі өркендеуіне, халқымыздың әл-ауқатының артуына, сыбайлас жем­қорлық көріністері мен бюрократтық тосқауылдардың азаюына негіз болатыны сөзсіз.

Мемлекеттік қызмет көрсету барлық саланы, соның ішінде азамат дүниеге келген кезден бастап барлық өмір сүру кезеңінде мемлекеттік қызмет көрсету бойынша мемлекеттік органдармен тығыз байланыста болатындығы белгілі. Осының негізінде азаматтар мемлекеттің қызметіне толықтай тәуелді, яғни мемлекеттік қызмет көрсетуші органдардың басты мақсаты азаматтардың өмір сүруіне тиісті жағдай жасау болып отыр.

Шынында да, бүгінгі таңда мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасы – мемлекеттік органдардың жұмысын бағалаудың басты өлшемі болып отыр.

Қазіргідей ақпараттық ғасырдың жұртшылық үшін ең тиімді тұсы да мемлекет пен қоғам арасындағы байланысты одан сайын жақындастыруында болып отыр. Осылайша, мемлекеттік қызметтер көрсету үдерісін мейлінше оңтайландыруды, құжаттарды қараудың мерзімі мен тізбесін қысқартуды және адамның өзінің баруын қажетсінбейтін ақпараттық – мәліметтерді толық электрондық форматқа көшіру көзделуде. «Электрондық үкімет» веб-порталы қарапайым халық үшін тиімді, әрі қолжетімді болып отыр.

«Электрондық үкімет» – мемлекет атқаратын барлық қызметтер мен функцияларды электронды формат бойынша сапалы түрде жүзеге асыру дегенді білдіреді. Бұл жүйенің тиімділігі бірінші кезекте халықтың уақытын үнемдейді, мемлекеттік қызметтерге қатысты көптеген шаруаны үйде отырып-ақ шешуге мүмкіндік береді. Екіншіден, мемлекеттік қызметкерлердің жұмысындағы ашықтықты қамтамасыз ете отырып, сыбайлас жемқорлыққа тосқауыл қойылады. Үшіншіден, электрондық үкімет қоғамды қағазбастылықтан арылтады. Қазір кез келген тұлға өзіне қажетті құжатты үйлерінде отырып-ақ, рәсімдей алады. Осылайша, электронды ақпараттық қызмет алу өз тиімділігін дәлелдеп келеді.

Сонымен қатар, қазіргі таңда мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасы мен тиімділігін арттыруда, тұтынушыларға ыңғайлы қызмет көрсетуді қамтамасыз етуде мемлекеттік органдар тарапынан түрлі жобалар жүзеге асырылуда. Солардың бірі облыс әкімінің тапсырмасына орай, Түркістан қалалық әкімдігі тарапынан ашылған «Халықтық кеңсе» пилоттық жоба ретінде жыл басынан өз жұмысын бастады. Қазіргі таңда кеңседе бірнеше мекеменің мамандары азаматтардың өтініштерін «бір терезе» жүйесі бойынша қабылдап, 70-ке жуық мемлекеттік қызметтің түрін көрсетуде. Бұған қоса, кеңсеге келген азаматтар өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышында «e-gov» порталы арқылы көрсетілетін қызметтерге қол жеткізе алады. Мамандар көмегіне де жүгініп, электрондық форматта қызмет алуды үйренуге де мүмкіншілік бар.

Халықтық кеңседе тікелей көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді әрбір мекеменің есігін қақпай, бір жерден өтініш беріп, жауабын мерзімінен кешіктермей алуға және қайта айналып келмес үшін пошта арқылы жауабын азаматтарға қолма-қол жіберуде кеңсенің жұмыс регламентінде қарастырылған.

Осылайша жылдам өзгеріп жатқан заманда ыңғайлы және жеңіл тәсілмен соңғы технологияларды белсенді қолдана отырып мемлекеттің қоғам үшін барлық бағытта ұтқыр қарым-қатынас жасай білуі бұқара жұртшылықтың өміріне ғана емес, тұтастай елдік бәсекелестікке де өз әсерін тигізетіні сөзсіз. Халықтың сұраныс-талаптарын қанағаттандыру, оларға көрсетілетін қызметтер сапасын жақсарту да мемлекеттің қаншалықты ақпараттық технологияны игергендігін көрсетеді.

Мадина БАЙҒҰТ,

мемлекеттік қызмет көрсету мониторингі бөлімінің басшысы.

 

Пікір жазу