«Жер астынан жік шықты, қос құлағы тік шықты» дегендей, otyrar.kz сайтынан мына бір мақаланы оқып, көптен бері Фарида Шарафутдинованы жақсы танысам да, адами қасиеттерін құрметтесем де, кәдімгідей реніш пайда болды. Бұл не? Адасқандық па, алжығандық па? Соншама өліп-талып Ресейдің «георгий жолағын» мақтайтындай, оны Ұлы дала елі алдында ақтайтындай Фаридаға не көрінді? Бұрынғылар: «Алпыстан асқаннан ақыл сұрама!» – деуші еді, сол рас па екен-ай?!.
Иә, тарихты бұрмалауға болмайды! Ұлы Отан соғысы – ыдыраған Кеңес Одағынан қалған барлық тәуелсіз мемлекеттердің ортақ қасіреті. Оған әр отбасыдан қатыспаған адам болмаған шығар, сірә! Менің туған атам – Дидарбек Жетпісбайұлы да қанды майданда Отанды қорғаймын деп, жанын беріп келді. Артында жалғыз тұяғы – менің әкем Сандыбай ғана қалды. Сол себепті, ол соғыс та, Ұлы Жеңіс те, Жеңістің 75-жылдық мерекесі де мен үшін аса қастерлі. Бірақ, Фарида айтты екен деп, мен «георгий жолағына» жолаудан үзілді-кесілді бас тартамын. Өйткені, ол – ешқашан Жеңіс символы болған да емес, бола алмайды да!..
Ұлы Отан соғысында Жеңіске қол жеткізген алып Кеңес Одағында Жеңіс символы ретінде қызыл жолақ қолданылатын. Ал, елдің тұңғыш генералиссимусы И.Сталин мен «Жеңіс маршалы» Г.Жуков және кейінгі «бірінші хатшы» Н.Хрущев ешқандай жолақ тақпай-ақ, Жеңіс күнін атап өткен. Қызыл жолақтың өзі Л.Брежнев заманынан бері қарай ғана пайда болды. Онда да ол Рейхстагқа тігілген тумен түстес болған соң…
Енді мына суреттерге назар аударыңыздар! Елбасымыз Н.Назарбаев – Ұлы Жеңістің 74-жылдық мерекесіне орай Қызыл алаңдағы әскери шеруді тамашалауға былтыр барған шетелдік жалғыз мемлекет басшысы болғанын білеміз. Кеудесіне көз тастаңыздар: Мәскеудің төрінде, Ресей Президенті В.Путин мен Ресей Премьер-министрі Д.Медведевтің ортасында георгий жолағын емес, көк жолақты тағып, батыр бабаларымыз сияқты қасқайып келе жатыр. Оған Путин мен Медведев: «Ана жолақты тастап, мына жолақты тақсаңызшы!» – деп ұсынбады дейсіздер ме?..
Ал, мына суретте Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та Жеңіс күніне георгий жолағын емес, өз көк жолағымызды тағып шықты. Сонда Фариданікі не сандырақ?..
Ф.Шарафутдинова өз мақаласында атап өткен қаһармандарымыз Бауыржан Момышұлы да, Талғат Бигелдинов те, Әлия Молдағұлова да, Мәншүк Мәметова да, Сабыр Рахимов та – «георгий жолағын» өз кеуделеріне тағып, тайраңдап жүрген емес. Ресей Федерациясы Кеңес Одағынан еншісін алып шыққан соң пайда болған бұл күмәнді жолақтың бізге керегі не? Оны Ұлы Жеңіске сабақтастырып, жалғанға жол ашудың кімге қажеті болды екен? Елімізге баса көктеп кіріп келген фашистерді Қызыл Армия жауынгерлері қолдарына «георгий жолағын» емес, Қызыл ту ұстап тырқыратып қуған жоқ па? Егер Фарида Шарафутдиноваға өзге елдің символдары ерекше ұнайтын болса, елді бұзбай, бастан-аяқ өзі оранып алсын – оған ешкім ештеңе демейді! Ал, бізге бұндай шикі тұжырымдарын тартпасын және Тәуелсіз Қазақстанның жастарын жалған әңгімемен бұзбасын дегім келеді. Өйткені, қанша жерден данышпансып, ойдан шығарған қиялдарын өрбітсе де, бізге ұлы Жеңісті мирас қылған қаһарман аталарымыз бен апаларымыздан, ел басқарған көсемдерімізден, Тәуелсіз Қазақстанның Президенттерінен ақылды бола алмайды.
© Әсет Әссанди,
Ұлы Отан соғысының қанды майданында
жан берген жауынгердің немересі.