Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Құқық » Дауды медиация тәртібімен реттеу

Дауды медиация тәртібімен реттеу

Ел болған соң дау-дамайсыз болмайтыны анық. Бірақ сол жан-жалды ушықтырмай дер кезінде шешуге қол жеткізу жолдарын дамыту, бүгінгі күнде қай жиынның болса да басты тақырыбына айналып отыр. Сондықтан, еліміз бабалар өнегесін жаңғыртып, кез келген дауды келісіммен шешу жолдарына ерекше көңіл бөлуде. Ол мақсатта бірқатар заңға толықтырулар мен өзгерістер енгізілді.

2011 жылғы 28 қаңтарда «Медиация» туралы заң қабылданып, сотқа дейін немесе сот іс жүргізуі барысында дауды шешудің баламалы жолы ретінде «медиация» институты ұсынылған болатын. Содан кейін жаңа редакциядағы Азаматтық процесстік кодекс дауды бітімге келу арқылы шешудің бірнеше рәсімін бекітіп, жаңа құқықтық институттар пайда болды. Жаңа АПК-ның 17 тарауы түгелдей 174-182 тараптарды бейбіт келісімге шақыруға арналуының өзі оған көп мән берілгенін аңғартады.

Заңнама татуласу рәсімдерінің төрт түрін қарастырады: Сотта татуласу келісімін жасау; Медиация немесе соттық медиация тәртібімен дауды (дау-шарды) реттеу туралы келісімге келу; сондай-ақ екі тараптың адвокаттарының қатысуымен дауды партисипативтік рәсімдер арқылы реттеу. Бұған дейін тараптар арасындағы дауды бітімгершілік келісіммен бітіру тек медиаторлардың  құзырында болып келгені белгілі. Ал жаңа кодекс екі жақты келісімге келтірудің көкжиегін кеңейтіп, енді бұл істі атқаруды судья-медаторларға да, адвокаттарға да жүктеп отыр.

Татуластыру рәсімдерін жүзеге асыруда судьяның нақты міндеттері де заңнамамен нақтыланды. Дауды бейбіт жолмен реттеуге жәрдемдесуді азаматтық сот ісін жүргізудің бірден бір міндеті ретінде бекіте отырып, судьяға талап арызды қабылдаған күннен бастап тараптарды татуластыру үшін тиісті шараларды қолданып, істі қараудың барлық сатыларында талапты түсіндіру жүктеліп отыр.

Сот тәжірибесі көрсетіп отырғандай, дауды татуластыру рәсімдері арқылы шешу азаматтық іс жүргізудің субъектілеріне тиімді және оң тұстары жетіп артылады. Біріншіден, дауды татуластыру рәсімдері арқылы реттеу сот шешіміне қарағанда тараптардың бітімге келуіне ықпалды, екіншіден, көп жағдайларда дау тараптардың заң нормаларын дұрыс түсінбеуінен туындап жатады, ал сол нормаларды соттың тиісті түрде түсіндіруі аталған рәсімдерді жасауға ықпал етіп, дауласушы тарапты ымыраға келтірері сөзсіз, үшіншіден татуласу рәсімдері тараптар арасындағы дауға ортақ келісіммен соңғы нүкте қоюдың алғы шарты, ал сот шешімі бір тарапты ғана қанағаттандыра алуы мүмкін, төртіншіден, бұл соттың және тараптардың уақытын, қаржысын үнемдейді. Бұл ретте айта кетерлігі татуластыру рәсімдері арқылы шешімін тапқан іс бойынша төленген мемлекеттік баж салығы тараптарға қайтарылады. Тағы бір тиімділігі, сотпен бекітілген қандай да бір келісім ерікті түрде орындалмаған жағдайда, тараптар атқару парағы арқылы мәжбүрлі түрде орындату туралы мәселені көтеруге құқығы бар.

Мәселен, 2020 жылы Шымкент қаласы Абай аудандық сотымен 395 азаматтық іс медиация арқылы аяқталса, 2 іс партисипативтік келісіммен шешілген. Биылғы жылы да дауды осы рәсіммен шешудің тиімділігін келген тараптарға айтудан жалықпаймыз.

Жоғарыда атап өткендей татуластыру рәсімдері сотқа дейін де жүзеге асырылуы мүмкін. Дау бойынша қол жеткізілген ортақ шешімді тараптар медиатордың қатысуымен медиативті келісім арқылы, немесе екі тараптың адвокаттарының қатысуымен партисипативтік келісіммен рәсімдеуге толық құқылы. Ал осы келісімдердің орындалмауы туралы мәселе орын алса, бір тарап оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібімен сотқа талап арызбен жүгініп, келісім ауқымында тиісті талабын қоюға құқылы.

Өзара келісімге келу арқылы дауды реттеу бастапқы және апелляциялық, кассациялық сот талқылауларында судья кеңесі бөлмесіне кеткенге дейін жасалуы мүмкін. Тек екі жаққа тиімді мәміле басқа тұлғалардың мүддесі мен заң талабына қайшы келмеуі тиіс.

Қәзіргі уақытта «Билер кеңесі», «татуластыру орталықтары» құрылып, істі «татуластырушы судьяның» қатысуымен Қазақстан Республикасының «Медиация» туралы заңын қолданып, істерді бітімгершілікпен аяқтауда. Өңірлерде соттан тыс татуластыру орталықтары ашылуда. Келушілер бұл жерде медиаторлардың, психологтардың, конфликтологтардың, адвокаттардың, нотариустар мен сот орындаушыларының қызметтерін тегін пайдалана алады. Ең басты мақсат-тараптардың шығыны шықпайды, уақыты кетпейді және олар достық қарым қатынаста қалады. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, қәзіргі таңда елімізде бітімгершілік жолмен көптеген дау-дамайлар шешімін тауып жатыр.

 

Эльмира ҚАЛЫМБЕТОВА,

Шымкент қаласы, Абай аудандық сотының судьясы.

 

 

Пікір жазу