Бүгінгі таңда елімізде қазіргі заманға сай сот-құқықтық реформалар қарқынды жүзеге асырылуда. Сот жүйесін реформалауда Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының маңызы зор. 2016 жылдан бастап бес сатылы сот жүйесінен үш сатылы сот жүйесіне көштік. Жүйелі реформалар жүргізілуде және оның нәтижелері айдан анық. Бұл ретте сот жүйесінде құқық бұзушылықты болдырмау басты назарда.
Жалпы құқық бұзушылықтың алдын алу, оларды болдырмау кез келген мемлекеттің негізгі мақсаттарының бірі, бұл бағытта сот жүйесінде де тиісті шаралар көзделген. Сот өндірістерін жүргізу тәртіптері тиісті кодекстермен реттелген. Қазақстан Республикасының алдыңғы әрекет еткен Азаматтық іс жүргізу кодексі 15 жылдан астам уақыт бұрын қабылданып және сот төрелігін іске асырудың берік процестік негізін қалаған еді. Қазіргі Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексі 31 қазанда Мемлекет басшысы қол қоюымен қабылданып, 2016 жылдың 1 қаңтарынан қолданысқа енгізілді.
Сот төрелігін атқару барысында сотқа қатысушылар тарапынан сотқа құрметпен қарау талап етіледі. Судьялардың сот төрелігін жүргізу қызметіне қандай да болсын араласуға тыйым салынады және заңда белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің 9-тарауында сотқа құрметтемеушілік білдіргені үшін жауаптылық шаралары көзделген.
Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің 119-бабына сай сотқа құрметтемеушілік білдіргені үшін жауаптылық шараларын сот баршаның сот алдында теңдігі конституциялық қағидатын және сот төрелігінің міндеттерін іске асыру мақсатында қолданады. Сотқа құрметтемеушілік білдіргені үшін бұған кінәлі адамдар осы тарауда белгіленген ерекшеліктермен Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде көзделген тәртіппен әкімшілік жауаптылыққа тартылады. Егер сот отырысында тәртіп бұзушының әрекеттерінде қылмыстық құқық бұзушылық белгілері болса, осы адам қылмыстық жауаптылыққа тартылуы мүмкін. Заңға қарсы жасалған әрекет (әрекетсіздік) үшін бір ғана мәжбүрлеу шарасы және (немесе) бір ғана жауаптылық түрі қолданылады.
Сондай-ақ, сот отырысында сотқа құрметтемеушілік білдіру фактісі анықталғандығы туралы осы бұзушылық анықталған сот отырысының процесін тікелей жүргізуші судья (сот құрамы) құқық бұзушыға дереу сот отырысында сот кеңесу бөлмесіне кетпестен жариялайды. Осы факт сот отырысының хаттамасында тіркеледі. Бұл ретте әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасалмайды. Өзіне қатысты сотқа құрметтемеушілік білдіру фактісі анықталған адам, сондай-ақ іске қатысатын өзге де адамдар өз түсініктемелерін беруге құқылы.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы қаулыны төрағалық етуші судья азаматтық іс бойынша сот отырысы аяқталғаннан кейін кеңесу бөлмесінде дайындайды, оған судьялар (сот құрамы) қол қояды.
Егер сотқа құрметтемеушілік сот отырысында білдірілсе және тәртіп бұзушы сот отырысының залынан шығып кеткен жағдайда, сот отырысынан тыс сотқа құрметтемеушілік білдірілмеген кезде, сондай-ақ, егер сот отырысына келуден жалтару белгіленсе, сот приставы немесе соттың өзге жұмыскері сот төрағасының немесе сот отырысына төрағалық етушінің ауызша өкімі бойынша құқық бұзушылық туралы хаттама жасайды, бұл туралы құқық бұзушылық туралы хаттамада көрсетіледі.
Құқық бұзушылық туралы хаттама осы баптың төртінші бөлігінде көзделген жағдайларда қажетті материалдармен бірге Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде белгіленген соттылыққа сәйкес қарау үшін сотқа жіберіледі.
Егер сот отырысында тәртіп бұзушының әрекеттерінде қылмыстық құқық бұзушылық белгілері болса, сот бұл туралы қаулы шығарады, ол өзіне қатысты қаулы шығарылған адамға үш жұмыс күні ішінде тапсырылады және (немесе) жіберіледі және растайтын материалдармен бірге прокурорға сотқа дейінгі іс жүргізуді ұйымдастыру үшін жолданады.
Осындай шаралар мен оларды қолдану арқылы сот отырысында құқық бұзушылықтардың алдын алу арқылы сот төрелігінің тиісті дәрежеде өткізілуі әрдайым басты назарда.
Сот дауларын жедел және объективті қарауға және әлеуметтік әділдікті қалпына келтіру мақсатында сотқа шақырылғандарды заң нормаларын сақтап сотқа уақытылы келуді және сот отырысында әдептілікті сақтауға шақырамыз.
П.САФАРБАЕВА,
Шымкент қаласы,
Әл-Фараби аудандық сотының судьясы.