Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Құқық » Мемлекеттік қызметшілердің әдеп кодексі

Мемлекеттік қызметшілердің әдеп кодексі

Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт Жоспары шеңберінде Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы №153 «Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдептілік нормаларын және мінез-құлық қағидаларын одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығы жарияланып, 2016 жылдың 1 қаңтарынан қолданысқа енгізілгені мәлім. Соған сәйкес мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексі мен Әдеп жөніндегі уәкіл туралы ереже бекітілген болатын. Міне, сол уақыттан бері бес жыл уақыт өтіпті.

Бұл Кодекс мемлекеттік қызметшілердің моральдық-әдептілік бейнесіне қойылатын жалпы қабылданған талаптарды, сондай-ақ олардың мінез-құлқының негізгі стандарттарын белгілейді және халықтың мемлекеттік органдарға сенімін нығайтуға, мемлекеттік қызметте өзара қарым-қатынастың жоғары мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.

Мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексі 5 тараудан тұрады – мемлекеттік қызметшінің мінез-құлқының жалпы стандарттары, қызметтік қатынастардағы және одан тыс уақыттағы, көпшілік алдында, оның ішінде бұқаралық ақпарат құралдарында сөйлеумен байланысты мінез-құлық стандарттары қарастырылған. Осы тарауларда мемлекеттік қызметшілердің моральдік бет-бейнесі мен этикасына айрықша көңіл бөлінетіндігін атап өткен жөн. Мемлекеттік қызметшілердің өздері қабылдайтын шешімдердің заңдылығы,  әділдігін және ашықтығын қамтамасыз ету, жеке сипаттағы мәселелерді шешу кезінде өзінің қызметтік жағдайын пайдаланбау, іскерлік әдепті және ресми мінез-құлық қағидаларын сақтау жатады. Яғни мемлекеттік қызметшілер азаматтармен, ұжымда сөз сөйлеуде сыпайылық пен әдептілікті ұстануы қажет. Өз кезегінде, халықпен өзара қарым-қатынасының негізгі көрсеткіші мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасы болады. Мемлекеттік қызметшілер қызметтен тыс уақытта да жалпы қабылданған моральдық-әдептілік нормаларын ұстануға, қоғамға жат мінез-құлық, оның ішінде қоғамдық орындарда адамның қадiр-қасиетiн және қоғамдағы адамгершілікке нұқсан келтіретін масаң күйде болу жағдайларына жол бермеуге тиіс.

Мемлекеттік қызметші жан-жақты дамыған тұлға болуы тиіс, үнемі салауатты өмір салтын ұстануы және отбасы құндылықтарын насихаттауы қажет. Бұдан басқа, жұмыстан тыс уақытта бізге рухани баю қажет. Бұл ретте, адамның ар-намысына тіл тигізу, заңнаманы бұзу, қоршаған адамдардың тәртібі мен қауіпсіздігіне қол сұғу сынды адамгершілікке жатпайтын қылықтарға жол бермеу керек. Жұмыстан тыс уақытта мемлекеттік қызметшіге беделін түсіретін және қоғам тарапынан сын мен айыптау тудыратын жағдаяттардан қашқақтау қажет. Жол қозғалысы ережесін бұзу, алкогольді мас күйде автомобиль басқару, сондай-ақ, жол полициясы қызметкерлеріне бағынбау өрескел әдеп бұзушылық болып табылады.

Мемлекеттік қызметкерге жалпы қабылданған этикет сақтау өте маңызды, себебі ол тікелей адаммен жұмыс жасайды және әр түрлі  адамдармен қарым-қатынас жасау арқылы қызмет атқарады. Сондықтан мемлекеттік қызметкердің сыртқы бейнесі, киім-киісі, қимыл-әрекеттері, сөйлеу мәнері, ой-пікірі, жеке қасиеттерінің барлығы да адамға  нұқсан келтірмейтіндей болуы керек.

Еліміздің ертеңі – бүгінгі мемлекеттік қызметшілердің адамдық парасаты мен ар-ожданына және кәсібилігіне байланысты болғандықтан, «Біздің міндет – халыққа қызмет!»- деп, тұңғыш Елбасы белгілеп берген ұран аясында, елге адалдық пен абыроймен қызмет етуіміз керек.

 

Ақбалғын БЕКЕТАНОВА,

Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі

мамандандырылған ауданаралық сотының кеңсе меңгерушісі.

 

Пікір жазу