Өмірден көргені мен түйгенін өз шығармашылығымен ұштастыра білген ақын түркі әлеміне танылып, Физули атындағы халықаралық сыйлықты иеленді. Әдеби өмірінде өзінің айрықша қолтаңбасын қалдырған ақынды Түркістан қалалық орталық кітапханасында оқырмандары еске алды, деп жазады didarbek.kz ақпараттық агенттігі.
Түркістан қалалық орталық кітапхананың ұйымдастыруымен «Түркістанның таңдаулы туындысы-2022» облыстық акциясы аясында Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, Физули атындағы сыйлықтың лауреаты, ақын Әбілда Аймақтың шығармашылығына арналған «Рухы биік, тағылымы терең…» атты әдеби –сазды кеш болып өтті.
Шараның басты мақсаты — оқырмандарға ақынның шығармашылығын кеңінен таныстыру, жастарға патриоттық рух беріп, адамгершілік қасиеттерге баулу, ақынның жырлары арқылы халқына, тілге, Отанға деген сүйіспеншілік сезімдерін ояту.
Аталған кешке Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ Түрік университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты, Мақсат Әліпхан ақын туралы естеліктерімен ой бөлісті. Ал №22 жалпы орта мектебінің оқушылары Рүстембек Мақсат, Арысбекқызы Аяулым, Раушанбек Қарақат, Қанжігіт Нұрай, Түркістан көпсалалы қолөнер колледжінің студенттері Есенхан Әмина, Есенгелді Индира, Тіллабек Аруна, Нұрділдә Қарлыға ақынның жырларын мәнерлеп оқыды. Сондай-ақ, Ата-түрік атындағы №17 жалпы орта мектебінің оқушысы Ғайбулла Ақтолқын «Қазақстан», Түркістан қалалық орталық кітапхананың кітапханашысы Төлбасы Эльвира «Қазағым» атты патриоттық әндерін шырқап оқырмандарға патриоттық рух сыйлады.
Әбілда ақын – сезімінің жаршысы. Жүректен шыққан туындылары Фариза Оңғарсынова, Сырбай Мәуленов, Тұманбай Молдағалиев, Әбіш Кекілбай сынды талай қазақтың маңдай алды дүлдүлдерін де таңдандырды. Ақын шығармашылығы жөнінен өз пікірлерін білдіріп, жоғары бағалады. Бүгінгі әдеби кеште ақын шығармашалығындағы сол шоқтығы биік туындыларды студенттер жан жүрегімен орындады. Бұл да болса, Әбілда ақынның өлмегендігінің, өшпегендігінің дәлелі.
Кеш соңында студенттер мен оқушылар «Қаламы қарымды, ойы ұшқыр қаламгер» атты кітап көрмесімен танысты.
Сонымен қатар «Түркістанның таңдаулы туындысы-2022» акциясы аясында таңдалынған ақын Ә.Аймақтың шығармашылығын насихаттау мақсатында №2,9 кітапхана-филиалы «Тоғыз жұлдыз – тоғыз сөз» атты әдеби сағат, №3 кітапхана-филиалы «Мен өлеңге ғашықпын…» атты жыр кеші, №4 кітапхана-филиалы «Сырымды айттым тамшыларға…» атты жыр кеші, балалар кітапханасы «Ақжауын ақын» тақырыбында ақпараттық сағат өтті.
Айта кетейік, Әбілда Аймақ — туғаннан ақындық сүйегіне біткен Оңтүстіктен шыққан арқалы шайыр. Қаламын өлеңінің отына малып,көңілі айға ұмтылған балаң ақын сақа ақынға айналған тұсында «Қаңғыбас» деп аталатын циклын,оның ішінде «Жеті теңге-жеті жыр», «Тоғыз жұлдыз-толғыз сөз» топтамаларын қалың оқырман қауымға ұсынды. Ал «Алтын бесік»кітабында: Қап-қара бұлт құшақтап көтеріп кетіп, Қанатын жайып қоныпты жасынға өлеңім,-деп өзінің айқайға арқасы қозатын қас жүйріктей өлең өнері додасындағы ортасын меңзейді. Нағыз ақынға тән бейнелей сөйлеу ақын кітаптарының өн бойына қан беріп тұрады. Әбілданың Йасауи жырларымен жүрек тамыры бүлкілдеген пәлсафаға толы, қуаты күшті,отты жырларын оқығанда қазіргі Еуропалық жарқылдақ даңғаза өнерсымақпен сусындаған маргиналды санадағы қазақ жастарынын кез келгені ұғынып,тұшына бермейді. Ұлттық сана болмысына сай өзіндік ерекшелігі бар саңлақ ақынды кез келгеннің ұғына қоюыда оңай емес. Бұл іспеттес ерекшелік ақын жырларындағы нәзік те аса күрделі жыр жолдарында жатыр. Ол образдық ой-танымдардың қабаттасып,қатпарланып жататын мәселелерді мол қамтуында жатыр.
Сондай-ақ, Әбілда Аймақ поэзиясы- бейнелеп,тұспалдап сөйлеу деңгейіне көтерілген сындарлы поэзия. Осы себепті, қалың оқырман қауым мен ақын арасындағы бірін бірі ұғынып,тұшынуы немесе бірін бірі ұға алмай,қаншалықты тер төксе де,жырдағы тылсымнын кілтін таба алмай кейбіреулер пендешілік жасауы да мүмкін. Мұны ақын өз өлеңдерінде айтқан да. Өйткені, Әбілда өлеңдері өзге тілдерге аударыла қалса, ақын поэзиясының өзіндік ерекшелігі мол қайталанбас болмысын аудармашылар жеткізе алмауы кәдік. Ұлттық ойлау табиғатынан туындаған Әбілда Аймақтың өлең жолдарындағы ұлттық-көркемдік айшықтар өрнегі ақ айғақтап тұр.