Күллі Түркі халықтарының рухани-мәдени орталығы – Түркістан қаласында қоғамдық маңызы бар іс-шаралар жиі өткізілуде. Осы орайда, қалалық орталық кітапхананың ұйымдастыруымен «Түркістанның таңдаулы туындысы -2022» акциясы аясында журналист, жазушы, баспагер, қайраткер тұлға Төрекелді Байтасовтың шығармашылығын насихаттау барысында «Оңтүстіктің өр оғланы» атты шара өтті, деп хабарлайды «didarbek.kz» ақпаратық агенттігі. Тақырыптық кешке зиялы қауым өкілдері мен оқырмандар қатысты.
Аталмыш кештің басты мақсаты — оқушыларға ғажайып қаламгер Төрекелді Байтасовтың өмірі мен еңбек жолдарын, ұлттың санасына серпіліс әкелген үлкен тұлға болғандығын айтып түсіндіру және де сонымен бірге оның өмірі мен кітаптарын кеңінен насихаттау болды. Сондай-ақ, олардың бойларына адамгершілік, рухани қасиеттерді сіңіру, адамдарға жақсылық жасай білуге, кез-келген ортада өз ойларын еркін жеткізе білуге дағдыландыру болды,
Т.Байтасов ғұмырында санаулы туындыларды ғана өмірге әкелсе де, «Оңтүстік Қазақстан» газетінің оқырман қауымы оның ой толғамдарын әлі де ұмытқан жоқ. Себебі, оның журналистика саласындағы қызметі ұшан-теңіз. Сонымен бірге өнерді, тарихты қозғаған Төрекелді Байтасов «Ұйқы ашқан ойлар», «Көктөбе сағымдар» мен т.б. кітаптар мен жинақтарды жарыққа шығарды.
Жиынға Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ Түрік Университетінің оқытушысы, белгілі ғалым, филология ғылымдарының докторы, журналист – зерттеуші, ұстаз, қаламгердің курстас досы Сейдулла Садықұлы, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, Қазақстан Жастар Одағы сыйлығының лауреаты, Ш.Қалдаяқов атындағы республикалық байқауының лауреаты, әнші-композитор, ұстаз Елеуов Сауранбек Еркінбекұлы естеліктерімен бөлісіп, өмір жолын баспа саласына арнаған азамат тұлғасына тоқталды.
«Төрекелді студенттік шағында-ақ жалындап тұрған от еді. Сол кездің өзінде Ресейдің бірқатар мұрағаттарын ақтарып, Шоқан Уәлихановты сан қырынан зерттеді. «Шоқан Уәлиханов – қазақ суретшілерінің пионері» тақырыбындағы диплом жұмысы Ш.Уәлихановтың қаламынан туған сурет-сызбаларына, портреттеріне тұңғыш рет жанры мен стилі тұрғысынан талдау жасалынған еңбек болды. 1990 жылы Орталық Азия және ел көлемінде тұңғыш рет тәуелсіз, әдеби-көркем, қоғамдық, тарихи-танымдық «Жібек жолы» журналын ашып, руханиятқа мол үлес қосты. Сонымен қатар 1998 жылдан бастап қоғамдық-саяси, тәуелсіз «Нартәуекел» газетін де оқырмандармен қауыштырды» деді Т.Байтасовтың курстасы, филология ғылымдарының докторы Сейдолла Садықұлы.
Сондай-ақ, Төрекелді Байтасовтың жолын қуған ұлы, журналист Төребек Байтасов әке келбетін тілге тиек етіп, еске алу кешін ұйымдастырған Түркістан қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің ұжымы мен қаламгер рухын сыйлап келген көпшілікке ризашылығын жеткізді. Рухани кеште арда азаматтың шығармашылығы мен өмір жолы жайында бейнебаяндар мен деректі фильмдер көрсетілді.
Өр оғланын ұлықтаған кештің сахнасында әнші-сазгер Елеуов Сауранбек Еркінбекұлы түркістандық ақын Қаныбек Сарыбаевтың «Жанып бара жатырмын, жанып барам…», «Әке дауысы» атты өлеңдеріне жазылған әндерін баянмен нақышына келтіріп орындаса, Түркістан көпсалалы қолөнер колледжінің студенттері Маканбай Аида, Исабек Арайлым, Бекзат Мөлдір, Нұрділдә Қарлыға, Жүніс Жаңылай, Амангелді Назерке, Есенхан Әмина, Некрасов атындағы №9 мектеп-гимназиясының оқушылары Өтепберген Әсемай, Кентай Аида, Сейітбекова Ұлданай, Жолдасбек Ырыскелді баспагердің ой толғамдарынан мәнерлеп оқып берді. Кеш соңында студенттер мен оқушылар «Қаламы қарымды, ойы ұшқыр қаламгер» атты кітап көрмесімен танысты.
Одан бөлек, №6 кітапхана-филиалы «Теңіздей терең Төрекелді» атты әдеби сағат, №2,9 кітапхана-филиалы «Тұлпар текті Төрекелді» атты библиофреш, №8 кітапхана-филиалы «Байтасовтың байтақ әлемі» атты кітап көрмесін жасақтап оқырмандарға таныстырылым жасады.