Сарапхана ауылдық округіне қарасты «Қазығұрт нұры» жылыжайының меңгерушісі Серік Орманов (суретте) ең алғаш 24 сотық жерден бастаған егістігінің көлемі қазіргі таңда 4 гектарға жеткенін айтады, деп жазады «Оңтүстік қазақстан» газетіне сілтеме жасаған didarbek.kz ақпаарттық агенттігі. Жылыжайдың іргетасы 2013 жылы қаланған. Содан бергі уақытта диқандық кәсіптен несібе айырып келе жатқан Серіктің негізгі мамандығы заңгер. Алайда, отбасының үлкен ұлы әке жолын қууды ұйғарған. Ұзақ жылғы тәжірибеден кейін оған агрономдық мамандық алудың да қажеті болмай қалыпты, себебі, онсыз да кәсібінің қыр-сырын жақсы меңгеріп алған.
Жыл сайын қаңтардың басында егілетін көкөністер биыл ауа райының суық болуына байланысты бір ай кейінге жылжытылып, ақпан айында егіліпті. Оның үстіне шаруашылыққа көмір де проблема болған. «Биыл қызанақтың «Атия» сортын, қиярдың «Касиус» деп аталатын сортын ектік. Ал,
3 сотық жерге эксперимент ретінде құлпынай егілген. Қияр 45 күнде піседі. Ал, қызанаққа біршама уақыт керек. Өнімді Қазақстан нарығында пұлдаймыз. Бағасы тура келсе қызанақты Ресейге де жібереміз» дейді Серік Аманжолұлы.
Түркістан облысының шаруашылық қожайындары уатсап желісі арқылы ортақ «чат» ашып алыпты. Ол жерде сатушылар, диқандар өздерінде бар тауарларды ұсынады. Өнімдерін таратуда ешқандай проблема жоқ, тұрақты клиенттері бар. Кәсіпкер осы «чат» өнімнің нарықтағы бағасын біліп отыруға ыңғайлы екендігін айтады. Әрине, өнім бағасын диқандар қоя алмайды, ол негізінен тұтынушыларға, олардың қажеттілігіне байланысты болады. Егер өнім базарда көбейіп кетсе, бағасы түседі. Егер керісінше болса, баға көтеріледі.
Қазіргі уақытта өнімді жинап алуға ауылдың 17-25 адамы тартылған. Маусым кезінде олардың саны көбейеді. Жұмысшыларға әр бес күнге 20 мың теңгеден еңбекақы береді. Бірі келіп, бірі кетіп жататын жұмысшылар арасында тұрақты түрде жұмыс істейтіндері аздау көрінеді.
Шаруашылыққа суды іргедегі Келес өзенінен тартады. Алдымен арнайы құбырмен суды бассейнге жинап, бір күн тұндырып, содан соң арнайы бөшкелерге жіберіп барып қолданады.
Дәл қазір «Қазығұрт нұры» ЖШС қиярдан жақсы пайда көруде. Өнімді әр күн сайын жинап отыр. Сатып алушылар өздері келіп, өздері тиеп алып кетеді, сөйтіп, Қазақстанның барлық өңіріне жеткізеді. Сынақ ретінде егілген құлпынай да алғашқы өнімін беріп үлгерді. Енді бұл шаруашылық көкөніспен қатар жидек өсірумен де айналысуға ниеттеніп отыр.
Б.Дарғожина