Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Қазығұрт » ТҮРКІСТАН: ЕЛІМІЗДЕ СИРЕК КЕЗДЕСЕТІН ПЕРУ ЛАЛАГҮЛІ ҚАЗЫҒҰРТТА ЖАЙҚАЛЫП ТҰР

ТҮРКІСТАН: ЕЛІМІЗДЕ СИРЕК КЕЗДЕСЕТІН ПЕРУ ЛАЛАГҮЛІ ҚАЗЫҒҰРТТА ЖАЙҚАЛЫП ТҰР

Қазығұрт ауданындағы Тұрбат ауылын гүл өсірушілердің Қазақстандағы кіші Отаны десе де болады. Осы ауылдың тұрғыны Жәмила Ырысова отбасымен бірге Перу лалагүлі – альстромерияны Тұрбатқа жерсіндіріп үлгерген. Ерекше күтімді қажет ететін альстромерияны өсіру, күтіп-баптау оңай шаруа емес. Алты жыл бұрын үйіргелік 6 сотықтан басталған бағбандық кәсіп бүгінде миллиондаған теңге табыс әкелетін бизнеске айналды. Отағасы Әбсадыр да жарына көмектесіп, бақтың топырағын қопсытып, тыңайтқыштарын дайындап, жылыжайдың барлық керек-жарағын өз қолымен әзірлеген.
– Жергілікті нарықты зерттегенде біздің өңірде гүл өсіру жағы олқы түсіп жатқанын аңғардық. Осы іске кірісетін болған соң қандай гүл өсіру керек деген мәселені ойластыра бастадық. Отбасымызбен ақылдаса келе альстромерия гүліне тоқталдық. Бұған дейін раушан, хризантема және үй гүлдерін өсіріп жүрген едік. Дегенмен, бұл гүлдерді бәрі егеді. Біз табыс әкелетін, ешкім екпеген гүлді іздедік. Жалпы, облыс аумағында мұндай гүл өсірілмейді екен. Альстромерияны күтіп-баптау да бізге онша қиынға соқпады. Тұқымын Өзбекстаннан тапсырыспен алдырдық. Негізінен, Перу лалагүлі – Оңтүстік Америка мен Голландияда ғана өсетін көпжылдық нәзік гүл. Тұқымын үш жылда жаңартып отыру қажет, – дейді бағбан.
Бұлардың «Құлмат ата» шаруа қожалығы гүл егіп қана қоймай, көкөністердің де түр-түрін өсіреді. Бүгінде олар нәпақасын 22 сотық жерден теріп отыр. Диқаншылық бір сәт босаңсуды көтермейді. Отбасындағы ұл-қыздар да шаруашылыққа әбден бейімделген. Күні бойы жылыжайдың ішінен шықпайды. Жәмила бағбан екі қызын тұрмысқа беріп, ұлды үйлендіргенде барлық шығынды осы кәсіппен жауыпты.
Альстромерия гүлінің бір түбірінен 2-3 гүл шоғы шығады. Кез келген бизнесте ең қиыны – тауарды өткізу, ал, ол тауарың үлбіреген нәзік гүл болса, тіпті қиын. Жәмила ханымның жылыжайында гүлдің
3 түрі ғана өсіріледі. Альстромерия үзіп алған соң да ұзаққа шыдайды, кемінде екі апта жайқалып тұрады. Жылдың қай мезгілінде де бабын жасасаң, бұл өсімдіктің берері мол. «Бізде гүл өсіруге мемлекет тарапынан қолдау жоқ. Егер қолдау болса, сыртқы нарыққа да шығуға болар еді» дейді Жәмила бағбан. Қазір оның гүлдерін Түркістан, Шымкент, Ақтөбе қалаларынан өзге Қызылорда, Жамбыл облыстарынан да сұраушылар көп. Иә, мәселе істің көзін табуда. Іздеген, ізденген адам мұратына жетпей қоймайды.

А.ПАЙЫСХАН.

Пікір жазу