Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Қазығұрт » Жаңа технологияға шаруалар қызығуда

Жаңа технологияға шаруалар қызығуда

Таяуда «Оңтүстік-Батыс мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ұжымының ұйытқы болумен Қазығұрт ауданында ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің семинары өтті, деп хабарлайды «Оңтүстік Қазақстан» газетіне сілтеме жасаған diarbek.kz ақпараттық агенттігі.
Семинарды «Оңтүстік-Батыс мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының» басқарма төрағасы міндетін атқарушы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты  Бақытжан Әжібеков  ашып, жүргізіп отырды. Оның айтуынша,  мемлекеттік тапсырыспен ауыл шаруашылығына қатысты үш жылдық ғылыми жобалар жасақталып, бағдарламасы бекітілген. Сол жобаларды орындау барысында әр жылы «Егінжай» облыстық семинар-кеңесін өткізу де белгіленген. Мұндай іс-шара былтыр, алдыңғы жылдары институттың тәжірибе алқаптарында өткізілсе, биыл шаруалардың егінжайын аралап, ондағы жаңа «нөлдік» технологияны көрсетуді мақсат етіпті.

«Арпа, бидай ас екен…»

Бұл – Түркістан өңірі шаруаларының әлеуметтік желідегі ортақ чатының атауы. Оның пайдасы ұшан-теңіз. Шаруалар бір-бірімен пікір алмасады, тәжірибелерін бөліседі. Чаттан семинар туралы хабарландыруды оқып, сонау Сарыағаш, Төлеби, Сайрам аудандарының шаруалары да ат арылтып келіпті. Ондағы мақсаттары – қазіргі заманда трендке айнала бастаған «нөлдік» технологияның жай-жапсарына қанығу.
Семинарға қатысушылар Қарақозы Әбдәлиев ауылдық округіне қарасты  Рабат елді мекенінің Мәдениет үйінде тіркеуден өткен соң, «Үш бастау» өндірістік кооперативінің егістігін аралауға аттанды. Кооператив төрағасы Арын Қалшабеков өз тәжірибесінде екі түрлі әдісті қолданып келе жатқанын айтады. Бірі – дақылды жерді жыртпай, тікелей егу, екіншісі – дәстүрлі жол, яғни жерді жыртып, дән себу арқылы өнім алу. Жиналғандар осы екі түрлі әдістің нәтижесін көздерімен көрді.
Арын Қалшабеков кооператив жұмысын өзінің сыныптас досы Нұржігіт Жаппасбаевпен бірге жүргізуде. Бірі  агроном болса, екіншісі – экономист. Сондықтан әрқайсысының өз міндеттері бар, бірі егін егу жұмысымен айналысса, екіншісі кооперативтің қаржылық жағын басқарады. «Нөлдік» технология екеуінің де көңілдерінен шығыпты. «Тікелей егуді төртінші жыл қолданудамын. Жылдан-жылға алатын өніміміз де молайып келеді. Жалпы 1200 гектар жердің 450 гектары «нөлдік» технологияға арналған. Маған екеуін де қатар алып жүрген ыңғайлы. Себебі, екеуі бірін-бірі толықтырады, болашақтағы ниетім – жоңышқа, мақсары және масақты дәнді дақылдарды ауыспалы егіс жүйесінде «нөлдік» технологиямен өсіру жүйесіне толық өту. Егер мемлекет тарапынан жәрдем болып жатса, «нөлдік» технологияның өте қымбат техникаларын алуға арнайы бағдарлама жасалып, субсидия бөлінсе, көп адам осы жаңа технологияны қолданар еді. Негізгі қолбайлау – қаржы болып тұр. Оның үстіне кедендегі толып жатқан  алым-салықтар да еңсені басып тұрады. Мен дән сепкішті осыдан үш жыл бұрын 16 миллион теңгеге «Сапа – 2002» ЖШС-мен бірге Бразилиядан алдырдым. Ал, оның қазіргі бағасы тіпті аспанға ұшып кеткен» дейді Арын Батырұлы.
Айтуларынша, сыныптас достар 1995 жылдан бері бірге жұмыс істеп келеді. Ол кезде кеңшар тарамаған еді. Кейін 1999 жылы «Еңбекші» акционерлік қоғамын құрып, екеуі бөлініп шыққан. 2001 жылы Арын «Үш бастау» ЖШС-ін ашады. 2002  жылы екі дос «Үш бастауды» өндірістік кооператив етіп қайта құрады. «200-ге жуық отбасының пай үлес жерін жиып алып, өз қаражатымызбен жұмысты бастадық. Алғашқы кезде 250-300 гектар жерге дән сеуіп жүрдік, бірақ техникамыз аз болғандықтан оны игеру оңай болған жоқ.  2017 жылы 2 мың гектарға дейін бидай еккен кезіміз болды. Орташа 30 центнерден өнім алып, 5200 тоннадай дән жинадық» дейді экономист Нұржігіт Жаппасбаев.
Өндірістік кооперативтің қазір жағдайы бірқалыпты. Тұрақты түрде 12 адамды жұмыспен қамтып отыр. Маусым кезінде олардың саны 25-ке жетеді екен. Ал, айлық жалақылары істеген жұмыстарына байланысты. Егістіктің шығымдылығына қарай ынталандыру мақсатында жұмысшыларға бидай, орылған жоңышқаны үлестіреді. Кооператив мүшелеріне бидай таратады, яғни кооперативте пай үлес жері барлар үйде отырып-ақ табыс табады. Егер бір отбасыда 10 адам болса, 1,5 тонна бидай береді.
Семинарға келген Төлеби ауданындағы «Жеңіс» өндірістік кооперативінің төрағасы әрі аудандық мәслихаттың депутаты Сейдолла Үкібаевтың да жаңа технологияға қызығушылығы басым. Екі жарым мың гектар жерге бидай, мақсары, арпа егумен айналысатын шаруа келешекте техникаларын жаңартуды көздеп отыр. Бірақ, алдымен өз егістік жерінде Сейдолла осы Арын досының сеялкасын сынап
көрмекші.

Топырақтың құнарлылығы төмендеп барады

Жергілікті ғалым осыны айтып, шаруаларға жаңа инновациялық технологияны өндіріске енгізудің тиімділігін дәлелдеп берді. Ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ауыл шаруашылығы академиясының академигі, «Оңтүстік-Батыс мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» егіншілік және өсімдік шаруашылығы бөлімінің бас ғылыми қызметкері Досымбек Сыдықтың семинарда жасаған баяндамасы «Оңтүстік Қазақстанда ауыспалы егіс жүйесінде ауыл шаруашылығы дақылдарын өсірудің қор үнемдеу технологиясын өндірудің өзекті мәселелері» деп аталды.
–  Әрине, дүние жүзінде қазіргі «нөлдік» технологиямен егу бағытындағы жұмыстардың лидері – АҚШ, содан кейін Аргентина, Канада, Бразилия мемлекеттері. Соңғы кезде осы бағыттағы үлкен ғылыми-зерттеу жұмыстарды жүргізіп, өндіріске ендіру  мәселесі Қытайда да жолға қойылып келе жатыр. Ресей де осы инновациялық технологияны ендіруді қолға ала бастады. Біздің Қазақстанда алғашқы болып топырақты эрозиядан қорғау бағытында академик А.И.Бараев жел және топырақ эрозиясын тоқтатып қорғау бағытында үлкен жұмыстар атқарды. Қазақстанға сол жүйе ендірілді. Сол үшін ол кісіге Социалистік Еңбек Ері атағы берілді. Содан кейін Қостанай өңірінен В.И.Двуреченский алғаш рет «нөлдік» технологияны зерттеп, зерделеп, өндіріске ендірді, нәтижесінде ол «Қазақстанның Еңбек Ері» атанды. «Нөлдік» технологияның ең үлкен егіс көлемі Солтүстік, Орталық Қазақстанда 3 миллион гектардан 3 млн. 300 мың гектарға дейін жетті. Жалпы топырақты қор үнемдеу бағытындағы өңдеу технологиясы бойынша Қазақстанда 11,16  млн. гектар жерге дән себіліп келеді. Өкінішке қарай, Оңтүстік Қазақстанда біз бұл технологияны ендіре алмай келдік. Біріншіден, ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілмеді, содан кейін біздің өңірдің құрғақшылығын, ауа райының тұрақсыздығын, соңғы жылдардағы жел екпінінің күшеюін, барлығын екшей келе бізде бұл әдіс бола ма, болмай ма деген сұрақ туындады. Осыған орай 2006 жылы «нөлдік» технологияны зерттеу жұмысын бастадым, – дейді Досымбек аға.
2011 жылы халықаралық ұйымның  дүние жүзіне аттары мәшһүр ғалымдары  институтқа келіп, егістіктегі тәжірибелерін көріп, оң бағасын беріпті. Қазақстан, Өзбекстан, Түркіменстан, Тәжікстан мемлекеттерінің біріккен халықаралық ұйымының жобасы нәтижесінде 2012 жылы «ИКАРДА» халық-аралық ғылыми орталығы институтқа бразилиялық дән сепкішті тегін алып келген. «Онымен 30-дан аса дақыл түрлерін тікелей егіп өсіруге болады. Шөпті дақылдарды, мысал үшін ұсақ тұқымды дақылдарды, бұршақты дақылдарды, дәндік жүгеріні, астықты, масақты дақылдардың бәрін осы дән сепкіш  арқылы зерттеу жұмыстарын әрмен қарай жалғастырып, көп мәселеге көз жеткіздік. Осылайша екпе, мал азықтық, бұршақты дақылдарды топырақты өңдемей тікелей егіп, өсіруге болатындығын дәлелдеп, өзіміздің институттың егістік танабында іс жүзіне асырып келеміз» дейді ғалым.
Досымбек ағаның айтуынша, алғаш рет бразилиялық FANKHAUSER 2115 дән сепкішті өндіріс жағдайында 2017 жылы «Сапа – 2002» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің төрағасы Нұржан Әшіров қолданып көрді. Оның 300 гектар жеріне «нөлдік» технологиямен егіс егілді. 2018 жылы да осы әдіс қолданылған. Ал, 2019 жылы күзде шаруа қожалығы бразилиялық екі дән сепкішті алдыртып, бір жарым мың гектар жерді өңдемей тікелей егуге көшті. Көп ұзамай «Үш бастау» өндірістік кооперативінің төрағасы Арын Қалшабеков, «Айқожа» өндірістік кооперативінің төрағасы Саян Батырбаев та осы дән сепкішті сатып алып, өндірісте қолдана бастаған. Нәтижесі жаман емес. Кереметтігі сол, қатты жерге түскен тұқымның топырақпен үйлесімділігі жақсы, далалық егістік өнгіштігі 92-96%-ға  дейін артады.
– Соңғы жылдары оңтүстікте жаз айларында жауын-шашын болмайды. Тек желтоқсан айында шаруалар жерді жыртуға кіріседі. Бұл оңтайлы себу мерзімін бір айға, 40 күнге кешіктіру, былайша айтқанда, технологияны өрескел бұзу болып табылады. Егер тау бөктерінде оңтайлы мерзім  қазан айының бірінші, екінші онкүндігі дейтін болсақ, ылғалмен жартылай қамтамасыз етілген аймақта тамыз айының  үшінші және қараша айының бас кезіне сәйкес келеді. Ал, шөл және шөлейтті аймақта тамыз айының соңынан қараша айының ортасына дейінгі мезгілді оңтайлы мерзім дейміз. Шаруалар бұл кезде жерді жырта алмай жатады. Уақытында екпеу өнімді қаншалықты төмендететінін білесіздер. Әр күн кешіккен сайын 0,1 центнер тәлімі жерде өнімділік төмендейді. Бұл біздің зерттеулердің нәтижесінде алған дерек. Оңтайлы мерзімнен он күн кешіксеңіз әр гектардан бір центнер өнім жоғалтасыз. Тәлімі жерден шаруалар бір-екі тонна, әрі кетсе 15 центнер өнім алады. Қазіргі нарықтық жағдайда жанар-жағармайдың, қосалқы бөлшектердің қымбаттығына байланысты шаруа былайша айтқанда бір қап тұқым егіп, бір қап дән алады, шығын да, табыс та жоқ. Шаруалардың қаржылық жағдайының жылдан-жылға нашарлап бара жатқанының бір себебі осы.
Тағы бір мәселе, шаруалар ауыспалы егіс дегенді сақтамайды. Ауыспалы егісті ұстанбасаңыз, біріншіден, егістік арамшөптерін, екіншіден, аурудың инфекциясын көбейтесіз. Үшіншіден, түрлі зиянкестер көбейеді. Егістік танапта бір дақылды жылма жыл еге бергеннен кейін арамшөптің тұқымы да көбейеді, сол дақылдың аурулары да көбейеді. Соның салдарынан өнімділік төмендейді де шаруашылық банкроттыққа ұшырайды. Осы жағдайды ескеріп, бүгінгі семинарды өткізіп отырмыз. Менің шәкіртім, көз ашқаннан агрономия саласында еңбек етіп келе жатқан Арын Қалшабеков өте құрғақшылық болған 2021 жылы «нөлдік» технологиямен  бір гектардан 15-17 центнерге дейін өнім алды. Ал, енді сүрі танап ұстаған жерден гектарына 13 центнерден өнім алды. Былайша айтқанда, «нөлдік» технологиямен егілген жер сүрі танаптағы жерге қарағанда өнімді жоғары берді. Қазіргі нарықтық заманда сүрі танапты ұстаудың өзі тиімсіз болып бара жатыр. Биыл Арын «нөлдік» технологиямен 25-28 центнер өнім алып қалатын шығар.Тым қатты ыстық болып кетпесе, бір аптаның ішінде бидай толық пісіп жетіледі, әзір қамырлану кезеңінде. Ал, сүрі танаптан екі жылда бір 30-32 центнер дән бастырылады. Бұл шаруаға тиімді ме? Ойланатын жағдай. Сондықтан шаруаларға айтар едім, егіншілікке де еп керек. Мынау ғалымдардың, озық тәжірибенің жетістіктерін тиімді пайдалана отырып, ойланып-толғанып барып әрекет ету керек. Біз әр жылдың ауа райының ерекшелігіне байланысты технологияны рет-ретімен орындау арқылы ғана жылма-жыл бәсекелестікке қабілетті өнім өсіруге болатынын дәлелдеп отырмыз, – дейді ғалым.
Тыңайтқыш қолдансаң өнім еселенеді

Соңғы кезде шаруалардың тыңайтқышты қолданбай кеткені де Досымбек ағаны қатты алаңдатады. Зерттеу кезінде оңтүстік өңірінің 85-90 пайыздық егіс танабында фосфор элементінің өте тапшы екендігін анықтағандарын айтады. Азот тыңайтқышы да өте төмен дәрежеде. Сондықтан тұрақты өнім алғысы келген шаруа осы екі тыңайтқышты пайдалануы керек. «Қазір Қазақстанда әр гектарға  қолданылатын тыңайтқыштың көлемі бар-жоғы бес-алты келі. Тыңайтқыштарды дамыған мемлекеттерден 100 есе кем қолданамыз. Біз топырақтан өнім алғаннан кейін, топыраққа қайырымын беруіміз керек. Өкінішке қарай, тыңайтқыш қолдануға шаруаның қаражаты жетпейді, ол өте қымбат. Қазіргі кезде амофостың нарықта тоннасы –
260 мың теңге. Азот тыңайтқышы 200 мың теңгенің үстінде. Сондықтан біз айтқан мөлшерде қолдану өте қиын. Енді не істеу керек, шаруаға қалай көмек береміз деген ой ғалымдарды толғандырады. Осыған орай өскін үдеткіштерді, онымен қоса микротыңайтқыштарды, сондай-ақ биотыңайтқыштарды қолдану арқылы бәсекеге қабілетті өнім өндіруге болатынын дәлелдеп отырмыз. Осындай тыңайтқыштар арқылы өнімді кейбір кездері екі еселеп арттыруға болатынын зерделедік. Ал, енді арамшөппен қалай күресеміз? Арамшөптерді егістік танаптан жүйелік гербицидтерді пайдалану арқылы 85 пайыздан 95 пайызға дейін жоюға мүмкіндік бар» деген ғалым осы жөнінде ғылыми-зерттеу жұмыстарды жалғастырып жатқандарын жеткізді.
Досымбек ағаның баяндамасынан соң шаруалар көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, тұщымды жауаптар алды. Барлығы дерлік жаңа технологияға қызығушылық танытқанымен, жоғарыда айтқанымыздай тікелей егетін дән сепкіш бағасын шаруа қалтасы көтермей тұр. Бүгінде оның бағасы 20 миллион теңгеден асып кеткен. Оның үстіне, дән сепкішті сүйреуге лайықты келетін «Беларусь» тракторының да бағасы 18-20 миллионнан асып-жығылады. «Сол дән сепкішті өз елімізде құрастырып шығарса қайтеді?» деп ұсыныс тастағандар да болды. Қайткен күнде де жұрт жаңалыққа құмар, оның үстіне тікелей егу жерді дәстүрлі түрде өңдеп еккеннен әлдеқайда арзанырақ түсетіні белгілі болып отыр. Тәжірибе көрсеткеніндей, жерді жыртпай тікелей егу арқылы бір гектардан 40 мың теңге үнемдеуге болады. Ал,1000 гектар ексе 40 млн. теңге үнемделді деген сөз. Бұл, қайтсем неғұрлым аз шығын шығарып, көбірек табыс тапсам деген қарапайым шаруа үшін үлкен пайда екені түсінікті. Бұл үнемнің себебін былай түсіндіруге болады. Мәселен, 13 техникамен 1300 гектар жерге дәстүрлі түрде егіс еккенде, 13 адам жұмыс істейді. Себебі, жерді жыртады, өңдейді, сосын барып дән себеді. Ал, әлгіндей «сеялкамен» бір адам бір жүріп өтеді де, осының барлығын бір өзі атқарады. Әрине,13 адам мен бір адамды салыстырып көріңіз. Жұмсалатын уақыт та, қаржы да әрқилы. Алайда, өкінішке қарай, бағасы қымбат. Дегенмен, экономикалық жағынан тиімді болғанымен, дән сепкіштің кемшілігі де жоқ емес екен. Оны өз тәжірибесінде сынап көргендер айтты. Осы әдісті қолданған адам, біріншіден, гербицидпен көбірек жұмыс істеу керек. Мұндай жағдайда арамшөп көп шығады. Екіншіден, жыл сайын жерді жыртпаған соң топырақ тапталып, астында ылғал өтпейтін қабат пайда болады. Дегенмен, танапты терең 45-55 см тереңдікте қопсыту арқылы проблеманы шешуге болады.
Академик Досымбек Алмаханбет-ұлының пікірінше, егіншіліктің болашағы қор үнемдеу технологиясына тікелей байланысты. Дүние жүзінде қалыптасқан нарықтық қатынасқа сәйкес және жаһандық климаттың жылынуына байланысты келеңсіз табиғи апаттардың жиі қайталануы, топырақ құнарлылығының төмендеуі, су және жел эрозиясының әсерін төмендету үшін әр аймақтың топырақ ерекшеліктеріне сәйкес ауа райының қалыптасуына және өсірілетін дақылдың биологиялық ерекшеліктеріне сәйкес «нөлдік» технологияны  тереңдете зерттеп өндіріс жағдайында жетілдіру бүгінгі күннің талабы және кезек күттірмейтін мәселе.
Ғалымдардың зерттеулері шаруаларға қаншалықты тиімді, оны уақыт көрсетеді. Түптеп келгенде, ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілерге мемлекет тарапынан тиісті қолдау көрсету қажет екендігі айтпаса да түсінікті. Өзге елдермен бәсекеге лайықты болу үшін соған орай мемлекет тарапынан лайықты қамқорлық та қажет екендігін естен шығармайық.

Б.Дарғожина

 

 

Пікір жазу