Қазығұрт ауданының диқандары биыл 43 819 гектар алқапқа түрлі дақылдар еккен болатын. Ал, былтыр 50 101 гектарға бидай, арпа егіліп, әр гектардан 22,1 центнерден, жалпы, 110 723,2 тонна астық жиналған. Оның ішінде бидайдың әр гектарынан 22,3 центнерден, арпаның әр гектарынан 20,1 центнерден өнім алынды, деп жазады «Оңтүстік Қазақстан» газетіне сілтеме жасаған didarbek.kz ақпараттық агенттігі.
Шарбұлақ ауылдық округінде орналасқан «Сапа-2022» ЖШС тұқым шаруашылығымен айналысады. Шаруашылық элиталы бидай, арпа, мақсары, жоңышқа тұқымдарын өндіріп, сатылымға шығарады.
Сарапхана ауылдық округінің Махамбет ауылындағы «Қасымбек ата» өндірістік кооперативі 700 гектарға бидай, арпа егіп, егін орағын қарқынды жүргізуде. Гектар түсімділігі бұл күндері 20 центнерден айналуда. Науқандық жұмысқа 3 комбайн, 2 «КамАЗ», 2 трактор жұмылдырылған.
Біз «Қасымбек ата» өндірістік кооперативінде болып, егін ору науқанының барысымен таныстық. Кооператив төрағасы Мырзабек Жүнісов шаруашылықты әуелі әкесі Тұран және інісі Бақтығали үшеуі құрғанын айтып өтті. Қазір өздерінен басқа жеті адамды жұмыспен қамтып отыр.
Дәл қазір егін орағының қызған шағы. Маусымдық жұмысқа ауыл адамдары келіп көмек беріп жүр. Олардың еңбекақылары уақтылы төленуде.
Комбайншылар Әлімжан Исақұлов, Айдар Бертанов, Қыдырбай Омаров, «КамАЗ» автокөлігінің жүргізушісі Нұрбек Сарпиевтің егінді ысырапсыз жинап алу жолында аянбай тер төгіп жүргендерін көріп, разы болдық.
– Жалпы, мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығы саласындағы кәсіпкерлерге түрлі көмектер көрсетіліп келеді. Ал, біз аяққа тұрғанша мемлекеттен несие алғанымыз жоқ. Бастапқыда техникамыз болмады. Иелігіміздегі ескі «ДТ-75» тракторының жүргенінен тұрғаны көп еді. Күндіз-түні ұйқы көрмедік. Келесі жылы жерімізді он гектарға ұлғайттық. Техника алдық, өз тракторымыз болды. Негізінен шаруашылықтың аяқтан тұрып кетуіне Алматыда жұмыс істейтін інім Жәнібектің жәрдемі көп болды. Ол бізге қаржылай көмектесті, – дейді Мырзабек бізбен әңгімесінде.
Кооператив аз қамтамасыз етілген ауылдастарына үнемі қарайласып тұрады. Оларға ұн, зығыр майын және жем беріп тұруды дағдыға айналдырған.
Кооператив ұжымы егін шаруашылығымен ғана айналыспай, алдағы күндері ірі қара мал мен жылқы бордақылауды да көздеп отыр. Ет бағытындағы мал өсіруге қора-жайлары дайын. 30 гектар жоңышқа алқабы жайқалып тұр. 2000 тонналық үш қоймасы және бар.
Мырзабек бізге жанар-жағармай бағасының тұрақсыздығы туралы ренішін де айтып қалды. Дәл егін жинау науқаны басталарда жанар-жағармай құны аспандап шыға келеді. Мұның өзі кәсіпкерлерге жасалған қиянат емес пе?! Осыны тиісті мекемелер ескерсе екен деген тілегін де жеткізді.
Десек те, мұнда егін ору науқаны қызу жүріп жатыр. Күн болса шыжып тұр. Қандай қиындық болса да мойымайтын еңбекші қауымның жұмысына риза болып аттандық.
А.БЕРМҰХАНОВА