Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Қазығұрт » Қазығұрттың Швейцариядан несі кем?!

Қазығұрттың Швейцариядан несі кем?!

Туризмді дамыту – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Саланы дамыту арқылы әлеуметтік-экономикалық жағдайды жақсартып, ел бюджетіне қомақты қаржы құюға болады. Әлемнің көптеген елдері тек туризм саласы арқылы ғана байып, төрткүл төңірекке танылып отыр. Тамылжыған табиғаты, кең-байтақ жері, сан жатпейтін тарихи орындары, киелі жерлері бар Қазақстан да туризмге сұранып тұр. Соның ішінде барлық қажетті мәдени, тарихи, географиялық және климаттық жағдайлары жеткілікті Қазығұрт  ауданы да қонақтардан босамайтын мекенге айналуға талпынып келеді. Бұл туралы «Оңтүстік Қазақстан» газетіне сілтеме жасаған didarbek.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды.
Бұл салада ауданда туристерге ұялмай көрсетуге болатын нысандар аз емес. Солардың ішінде  Қазығұрт тауы, халық арасында аты аңызға айналған, діни-тарихи маңызы бар «Ақбура әулие», «Ысмайыл ата», «Ысқақ ата», «Көктен ата», «Есенаман қалпе», «Жылқышы ата», «Жақсығұл мерген» кесенелері, сонымен қатар, «Кемеқалған» («Нұһ пайғамбар кемесі») монументі, «Сайрам-
Өгем» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі филиалы аймағындағы Қырыққыз табиғи тас мүсіндері мен Сусіңген, Мақпал көлдері кімнің де болсын назарын өзіне аударар еді.
Түркістан облысында қалыптастырылған туристік маршруттар тізіміне Қазығұрт ауданынан «Кемеқалған» монументі, «Ақбура әулие» кесенесі және «Ысмайыл ата» архитектуралық кешендері енгізілген. Сондай-ақ, 2021 жылы облыстық туристік маршруттар тізіміне қосымша «Мәңгілік ел»  саябағы мен «Бабалар рухына тағзым» туристік кешені қосылды.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Рухани қазына» кіші бағдарламасына сай киелі орындарға Қазығұрт ауданы аумағында жалпыұлттық маңызы бар 2 нысан, жергілікті маңызы бар 7 киелі орын  кіреді.
Қазығұрт тауы, Ақбура әулие кесенесі, Шілтер әулиесі, Ысмайыл ата сәулет кешені (ХІ-ХІХ ғ.ғ.) Түркістан облысы бойынша жалпыұлттық маңызы бар киелі орындар тізіміне енген.
Ал, Орда қонған (Қ.Әбдәлиев ауылдық округі, Атбұлақ елді мекені), Сынтас қалашығы (Қарабау ауылдық округі, Сынтас ауылы), Көктен ата бұлағы және Есенаман қалпе кесенесі (Жігерген ауылдық округі), Жылқышы (Қамбар) ата кесенесі (Алтынтөбе ауылдық округі), Жақсығұл мерген кесенесі (Алтынтөбе ауылдық округі, Аққұм ауылы), Қырыққыз (Жігерген ауылдық округі, Өгем елді мекені), Көктерек әулие (С.Рақымов ауылдық округі) облыс бойынша жергілікті маңызы бар киелі орындар тізімінде тұр.
– Ауданда ішкі туризмді дамыту мақсатында тұрғындарға, басқа өңірлерден келетін туристерге қолайлы жағдай жасау бағытында үш тілде жол сілтеуші белгілерін,  үш тілде нысан төлқұжаттарын және QR-кодтарын орнату жұмыстары қайта жүргізілуде. Жастар мен белсенділер «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жер» бағыты бойынша «Ақбура әулие» кесенесі мен «Кеме қалған» монументін, сондай ақ, «Ысмайыл ата» кесенесі мен «Ысқақ ата» сәулет кешеніне және «Қырық қыз» тас мүсініне алып баратын жол бойларына сенбіліктер ұйымдастырып келеді.
Сонымен қатар, ерікті жастарды жұмылдыра отырып, өзен жағалауларына, тарихи орындар мен саябақтарға «Eko Challenge» атты сенбіліктер ұйымдастырдық, – дейді Қазығұрт аудандық ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімі басшысының орынбасары Бекет Өсербаев бізбен әңгімесінде.
Биылғы жылдың ақпан-наурыз айларында Қазығұрт ауылдық округіне қарасты
Т.Рысқұлов атындағы мектеп-лицейінде, «Болашақ» мектеп-гимназиясында және Жігерген ауылдық округіне қарасты «Жеңіс», «Шақпақ» орта мектептерінде «Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркі» Өгем филиалының қызметкерлерімен экологиялық туризм саласы бойынша жиналыстар өтті. Ерекше қорғалатын табиғи аумаққа шекаралас орналасқан елді мекендердің тұрғындары мен мектеп оқушылары арасында туристік-экологиялық сауаттылық сабақтары мен түсіндірме әңгіме-лекциялары өтіп тұрады.
Бұдан бөлек, «Қазығұрт ауданы бойынша шетелдіктер үшін 2022 жылға арналған туристік жарна мөлшерлемелерін бекіту туралы» Қазығұрт аудандық мәслихатының 2022 жылғы 29 сәуірдегі №25/114 VII шешімі шыққан.
Бүгінде туризм саласына инвестиция тарту мақсатында ауыл округтері әкімдеріне туризмді дамытуға қолайлы таулы өлкелердегі пайдаланбай бос жатқан жер учаскелерін анықтап, инвесторларға ұсыну жұмыстары тапсырылыпты.
Ауданда сауықтыру туристік базалары да жеткілікті. Мәселен, «Қазығұрт» сауықтыру туристік базасы С.Рақымов ауылдық округінде орналасқан. Оны жеке кәсіпкер А.Ізбасқанова басқарады. Базаның аумағында 44 орынды 11 коттедж, 2 қабатты демалыс үйлері, асхана, бассейндері бар.
«Мейіржан» демалыс орны Жігерген ауылдық округінің Қызылбұлақ ауылында орналасқан.
«Нұр тау» демалыс орны Тұрбат ауылдық округінде орналасқан. Жеке кәсіпкер Н.Қадіровтің  демалыс орны Қосмола тауының етегінде. Мұнда келгендер көрікті тау баурайында серуендеп, бұлақ суына, бассейндерге шомыла алады.
Қазығұрт ауылының орталығында 1400 метрден шығатын жылы су бар. 1964 жылдан бүгінгі күнге дейін халық суын ішіп, емдік суына шомылып келеді.  Осы жерде «Жылы су»  атты серіктестік халыққа қызмет көрсетеді.
Міне, Қазығұрт ауданының туристер үшін тартымды жақтары осындай. Адамзаттың киелі бесігі саналатын қасиетті Қазығұрттың тамаша табиғаты, шипалы суы, саф ауасы әлі талайлардың тамсана айтып жүрер мекеніне айналары анық.
 А.Бермұханова

Пікір жазу