Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Қазығұрт » Ералының ісі көпке үлгі

Ералының ісі көпке үлгі

Қазығұрт ауданындағы Жаңабазар ауылының тұрғыны, 3-топ мүгедегі санатындағы жеке кәсіпкер Ералы Тұрдалиев биыл тамыз айында 1 млн. 380 мың теңге қайтарымсыз мемлекеттік грантқа ие болды, деп жазады «Оңтүстік Қазақстан» газетіне сілтеме жасаған diarbek.kz ақпараттық агенттігі. Бұл қаражатқа ол өзінің аяқ киім жөндеу шеберханасына қажетті құрал-жабдықтарды алыпты. «Бұл менің әкем үшін өте үлкен көмек болды. Бұрын аяқ киімдерді жіппен бігіз арқылы тігуші еді. Мемлекеттің қамқорлығы арқасында енді жұмысы көп жеңілдеді. Заманауи жабдықтардың бірден үш түрін алды» деді бізбен әңгімесінде кәсіпкердің ұлы Ғалым.
Ата-анасы тумысынан сөйлей алмайтындықтан, олармен ымдап сөйлесу белгілерін денсаулықтары жарамды төрт баласы да кішкентайларынан меңгеріп алған екен. Отбасындағы үлкен ұл Ғалым 18 жаста, Шымкент қаласындағы  Халықтар достығы университетінде 2-ші курста оқиды, дефектолог мамандығын алуды жөн көріпті. Ал, кіші балалары әлі мектеп жасында.
Аяқ киім жөндеу шеберханасына айналдырып отырған кішкентай бір бөлмені кәсіпкер 35 мың теңгеге жалға алған екен. Бір қуанарлығы, тапсырыс аз емес. Әсіресе, жексенбі күні келетіндердің қарасы көп көрінеді. Мүгедектігіне байланысты кәсіпкердің алатын жәрдемақысы 65 мың теңге. Ал, әйелі үй шаруасында. Яғни бұл отбасының, төрт баланың ештеңеден тарықпай өмір сүруі бір Ералының мойнында деген сөз. Әзірге балалары жас, өз қолдары өз ауыздарына жете қойған жоқ. Ең бастысы, мемлекеттің мұндай отбасыларды қамқорлықтан тыс қалдырмай отырғаны қуантады.
Бүгінде қоғамда масылдыққа бой үйретушілер, жалқау, ештеңеге құлықсыз енжар жастар көбейіп кетті. Кейбір он екі мүшесі сау, тепсе темір үзетін жігіттердің жұмыс жоқ деп әке-шешесінің зейнетақысына көз алартып отыруға арланбайтыны еріксіз қынжылтады. Алайда, қазір «алма піс, аузыма түс» дейтін жатыпішерлердің заманы емес. Өзінің несібесін маңдай терімен тауып, нанын адалынан жейтін жандардан, соның ішінде біздің бүгінгі кейіпкерімізден үлгі алса дейсің. Еңбектенген адам ғана мақсат-мұратына жетеді. Соны ұғынатын жас болса, кәнеки…
Б.ДАРҒОЖИНА

Пікір жазу