Түркістан облысының білім беруді дамыту орталығының қызметкерлері Төлеби аудандық әдістемелік кабинеттің әдіскерлерімен бірлесіп, аудан педагогтарына арналған “Оң нәтижеге бағытталған білім – жаңа мазмұн, жаңа көзқарас, жаңа технология” атты екікүндік әдістемелік десант іс-шарасын өткізді.
Әдістемелік десанттың мақсаты – педагог қызметкерлердің кәсіби құзыреттілігін дамыту, оқу үдерісін жетілдіруде жаңа көзқарас қалыптастыру, жаңа технологияларды меңгерту арқылы білім сапасын арттыру.
Инновациялық технологияларды қолдану оқу процесін сапалы түрлендіруге, жаңашыл жобаларды енгізуге, оны тиімді басқаруға негіз болып, әрбір білім мекемесінде өзіндік даму жолын табуға, әрбір мұғалімге өзінің әдістемелік жүйесін құруға септігін тигізер еді. Сондықтан қазіргі кезеңде оқытудың инновациялық технологияларын оқу орындарының практикасына белсенді түрде ендіру – қоғам талабы. Ғылым мен техниканың жедел дамыған, ақпараттық мәліметтер ағыны күшейген заманда ақыл-ой мүмкіндігін қалыптастырып, адамның қабілетін, талантын дамыту білім беру мекемелерінің басты міндеті болып отыр. Ол бүгінгі білім беру кеңістігіндегі ауадай қажет жаңару оқытушының қажымас ізденімпаздығы мен шығармашылық жемісімен келмек.
Білім беру мазмұнын жаңарту, үздіксіз білім беру жүйесін дамыту – бүгінгі күннің талабы. Қазақстанның білім беру жүйесі әлемдік білім беру стандарттарына сәйкестенуде. Бұл білім беру жүйесі мен оқу-тәрбие үрдісіндегі елеулі өзгерістерге байланысты болып отыр: білім беру парадигмасы өзгерді, білім берудің мазмұны жаңарып, жаңа көзқарас, озық идеялар, жаңашыл ұстаздар пайда болды. Бүгінгі оқыту жүйесінде жаңа технологияларды пайдалану тәжірибеге еніп, оң нәтижелер беруде. Осыған орай әр ұстаздың алдында бәсекеге қабілетті, бүгінгі заман талабына төтеп бере алатын білімді ұрпақ тәрбиелеп шығару мақсаты қойылған.
Инновациялық білім беру – іскерліктің жаңа түрі. Инновациялық қызмет оқу ісін дамытуға, пәндердің мәнін тереңдетуге, мұғалімнің кәсіптік шеберлігін арттыруға басқа жаңа технологияларды енгізуге, пайдалануға және шығармашылық жұмыстар жүргізуге бағытталған.
Әдістемелік десант жұмысы №1 мектеп-гимназияда, Жеңіс, Төлеби, Сұлтанрабат, Қазақстан, Жыланбұзған жалпы орта мектептерінің базасында ұйымдастырылды. Мектеп директорларының оқу ісі жөніндегі орынбасарлары және бастауыш сыныптардың, мектепалды дайындық топтарының педагогтары, пән мұғалімдері әдістемелік десант аясындағы тренингтер, шеберлік сыныптары, дөңгелек стол, тәжірибелік алаң, ақпараттық сағат іс-шаралары барысында интеллект картасын қолдану, зейіні тұрақсыз оқушылармен жұмыс жүргізу секілді тиімді заманауи әдістемелермен танысты. Кәсіби шеберліктерін шыңдау, білім беру платформаларындағы ресурстарды ұтымды қолдануды үйрену, ІТ құзыреттіліктерін дамыту мақсатында кең ауқымдағы әдістемелік көмекке жүгініп, өзара тәжірибе алмасты.
Ұйымдастырушыларға риза болып, алғыс білдірген төлебилік мұғалімдер қауымы әдістемелік десант барысында үйренгендерінің көп екенін айта келе, өтілген іс-шаралар туралы пікірлерімен, алған әсерлерімен әлеуметтік желіде бөлісті.