Еліміз латын әрпіне екі жылдан кейін көше бастайды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылғы 21 қазандағы латын графикасы негізінде қазақ тілі әліпбиін жетілдіру жөніндегі тапсырмасын орындау аясында әліпбидің 40-тан астам нұсқасы, сондай-ақ қазақ тілінің емле ережелерінің жобалары мен пернетақтадағы әріптердің орналасу тәртібі қаралған-ды.
Соның нәтижесінде латын қарпіндегі қазақ әліпбиінің жаңа нұсқасы жарияланды. Сөйтіп, 4 жыл бойы латын графикасына көшу үрдісі әбден сұрыпталып, енді міне тағы бір нұсқасы ұсынылды. Бұл нұсқа жұртшылық арасында кеңінен талқыланды. Мамандар әлеуметтің әр тобымен санасты. Әліпби реформасы мәдени сәйкестендіру олқылығының орнын толтыруға бағытталған. Латын қарпіне көшу – бір әріпті екіншісіне ауыстыру емес, бұл қазақ тілі мен жоғары технологияларды одан әрі дамыту үшін жағдай жасауды мақсат ететін өте күрделі процесс. Бұл прогрестің, озық білімнің, цифрлық қарым-қатынастың негізі. Мысалы, басқа тілден енген сөздер қазақ тіліндегі дыбысталуға бейімделеді. Осылайша, қазақ тілі өзінің артикуляциясы мен ұлттық ерекшелігін сақтайды.
Осы уақытқа дейін латын қарпіндегі қазақ әліпбиінің бірнеше нұсқасы ұсынылды. Алайда көбімізге соңғы нұсқа бірден ұнады, дыбыстар халықаралық тәжірибеде жиі қолданылатын символдармен жеткізілген. Әрине, осынау үшінші нұсқаның соңғы болғанын қалаймыз. Шынында, кириллицаны білетін егде жастағы адамдарға латын әліпбиін үйрену алғашқы кезде қиын болады, ал жастар латын графикасын еркін қолданады. Өйткені, мектепте Менделеевтің периодтық жүйесінде 26 латын таңбасы тұр. Латын таңбалары химияда, геометрия мен алгебрада бар. Яғни 11 жыл орташа оқыған баланың өзі латын таңбаларымен таныс.
Сондай-ақ, латын біздің тұрмысымызға еніп қойған. Tefal шәйнектен бастап, күнделікті үйде пайдаланатын тұрмыстық заттарымыз, спорттық киімдеріміз, аяқ киімдеріміз, қолымыздағы телефонымыз, қалтамыздағы төлқұжатымыз, банк карточкалары – бәрі де латынмен таңбаланған. Сондықтан, латын соншама бір қытай иероглифі сияқты қиын әліпби емес. Халықтың латын таңбаларына көз дағдысы қалыптасқан, енді қолдауы керек секілді.
Мемлекет басшысы Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында: «Тіл үлкен саясаттың құралы екенін де ұмытпаған жөн» – деді. Латынға әліпбиді көшірудің ең бірінші себебі – саяси-қоғамдық себеп. Деректерге сүйеніп айтар болсақ, әлемде кеңінен қолданылатын 36 әліпби бар. Латын соның біреуі. Әлем халқының 36%-і латынды пайдаланады. Әлемнің 3-ақ %-і кириллмен жазады. Яғни латынның өрісі 12 есе кең.
Дамыған 20 мемлекеттің 18-і латын әліпбиінде. Бүкіл әлемдік кодтар, халықаралық пошта, авиа, темір жол – барлығы да латында. Ресейдің өзі 2000-шы жылдары латын әліпбиінің жұмысшы нұсқасын бекітіп алды. Қытайлар »пиньинь» деген атаумен, жапондар «ромадзи» деген атаумен өз тілдерінің латын әліпбиін бекітіп алған және оны белсенді түрде қолданады. Латын әліпбиі қазіргі әлемнің өзара түсінісуінің шын мәніндегі халықаралық таңбалар жүйесіне айналды. Өйткені әлем әйтеуір бір шартты белгілер арқылы тіл табысуы керек. Таңба деген шартты белгі. Сондықтан, бұл әлемнің рухани, мәдени, ғылыми, экономикалық жақындасуының негізгі шартты белгісі.
Қазір жастар басқа елді, басқа мәдениетті жатсынбайды. Шетелде оқу бітіргендердің біразы сонда қалып қойып жатыр. Қазір кейбір азаматтар латын әліпбиіне көшсек, кітап оқылмай қалады, балалар мен жастар әдебиетімізді оқымайды деп жазуда. Бұл аса негізді әңгіме емес, қазір бәрі электронды тасымалдағыштарға көшкен. Мәселен, IT мамандары мен бағдарламашыларына: «Көне дәуірден бастап, бүгінге дейінгі кирилл әліпбиіндегі қазақ тіліндегі еңбектерді латын таңбасына аударып беріңдер» – деп тапсырма берілсе, олар бірер апта уақыт ішінде қазақ тілінде жарық көрген көркем, ғылыми, публицистикалық және тағы басқа жанрлардағы еңбектерді латын әліпбиіне оңай аударып береді. Сондықтан «жаңа әліпбиге көшсек, сауатсыз болып қаламыз» деген үрей мен даурықпаның реті жоқ.
Біз жаңа әліпби жөнінде бүгінгі күннің мінберінен айтуымыз керек. Тілтанушы ғалымдар келіп түскен әліпбидің 40-тан аса нұсқасын жан-жақты қарап, халықаралық тәжірибені зерттеп, жаңа әліпбидің ғылыми негізін және қазақ тілінің емле ережелерін жасап шықты. Латын графикалы әліпбидің пернетақтаға орналасу үлгісі дайындалды.
Халық латын әліпбиінің соңғы жаңа нұсқасын талқылауға қатысты. Мамандар бұл әліпби жан-жақты зерттеліп пысықталғанын айтады. Оны әзірлеуге 70-тен астам ғалым атсалысқан. Жаңа жетілдірілген әліпбиде әріп саны – 31, әліпби тек латын әліпбиі базалық жүйесі таңбаларынан құралған. Бұл әліпбиде қазақ тілінің 28 дыбысы толық қамтылған. Қоғам арасында қызу талқыланған ә, ө, ү, ұ, ғ, қ, ң, ш әріптері диакритикалық таңбалармен берілген. Мамандардың сөзінше, әліпби қазақ тілінің жазу дәстүрінде орныққан «бір дыбыс – бір әріп» қағидасына толық сәйкес келеді. «Жетілдірілген әліпби нұсқасы қазақ тілінің дамуына жаңа серпін беріп, оның заманауи үрдістерге сай жаңғыруына ықпал етеді деп күтілуде.
Егер осы нұсқа мақұлданса кириллицадағы орыс тілінен енген Ё, Ц, Ч, Щ,Э, Ю, Я, жіңішкелік және қатаң белгісі әліпбиімізде болмайды. Олардың орны мысалы Ю – И+У, Я – И+А әріптері арқылы емле ережесі бойынша жазыла береді. Яғни латын қарпіне көшу әліпбиді өзгерту ғана емес, тілдік реформа дейді мамандар. Сондықтан соңғы нұсқаны дайындауда қоғаммен байланыс күшейген. Түрлі саланың ғалымдары төрт топқа бөлініп, орфографиялық, әдістемелік, техникалық және терминологиялық жағын зерттеді. Әрбірі өз саласына қатысты пікірлерін айтты.
Енді латын қарпіне көшу 2023 жылдан бастап 2031 жылға дейін кезең-кезеңмен жүзеге асырылады. Қазіргі таңда қазақ әліпбиін латын графикасына көшірудің 2021-2023 жылдарға жоспарланған екінші сатысы жүзеге асырылуда. 2023 жылы 1 сынып табалдырығын аттаған оқушылар латын графикасына негізделген жаңа қазақ әліпбиімен білім алады деп жоспарлануда.
Жаңа әліпбиді жасаушылар осы нұсқа көптің көңілінен шығып, бекітіледі деген үмітте. Қоғамдық талқылауға салынған жаңартылған нұсқаға қатысты жағымды пікірлер көп айтылуда. Сөз соңында айтарымыз, қоғамда талас тудырған қайсыбір әріптер әбден жетілдіріліп көз, бейне, жат, салыстыру қалпында салынып жан-жақты талданды. Осы орайда, ғалымдар, тәжірибелі оқытушы мұғалімдер қауымы, тіл мамандары жаңа әліпбиді жетілдіру керек деген тапсыр-маның үдесінен шықты деуге негіз бар.
Ендеше, қалыс қалмай, өз пікірімізді айта отырайық.
Л.ҚАНЫБЕКҚЫЗЫ.