Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Болашақ » Әке жолын адалдықпен жалғастырған ұстаз

Әке жолын адалдықпен жалғастырған ұстаз

Біздің бұлай деп отырғандығымыз тегін емес. Қызылордада жоғары оқу орнын аяқтап, қызметке тұрғалы бері оның саналы ғұмыры Арыс қаласында өтіп келеді. Небір дарынды тұлғаларды дүниеге әкелген Арыс өңірі Ордабасы ауданы, Қараспан ауылында туып-өсіп, қазақы тәрбиенің қайнарымен әбден сусындаған ару қыздың бағы мен бақытын ашты десек, еш қателеспейтін шығармыз. Күні кеше ғана жетпіс жасты бағындырып, елдің ыстық ықыласына бөленген Ақбөпе Қаныбекованы өзі қызмет еткен Арыс халқы «Арыстың Ақбөпесі» деп атап кетсе, былайғы жұрт «Біздің Ақбөпе» деп құрметтейді. Бір сәт осынау өз бойына қазақы тәлім-тәрбие, адамгершілік пен пайым-парасатты молынан жиған ардақты жанның өмір жолына үңіліп көрелікші.

– Мен дүниеге келген 1953 жылы әкем мектепте мұғалім екен. Әкем мен анамның мейірімге тұнып тұрған жылы жүздері әлі көз алдымда, – дейді Ақбөпе апай.

Ата-бабаларымыз «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деп осындайда айтпап па еді?! Жастайынан ата-ананың қамқорлығы мен мейір-шапағатына бөленіп, солардың ақыл-парасатына малынып өсті. Өзін биік белестерге көтерген ата-анасының көрегендік қасиеттері екендігін ешқашан есінен шығармаған ол қай кезде де ата-анасына деген қамқор көңілі мен қолынан келген жақсылығын аяған емес. Соған орай ұлағатты ұстаз, асыл әке, ардақты азамат, Ұлы Отан соғысының ардагері Әдіхам Қаныбекұлы да Ақбөпе қызын әрі ару, әрі азаматым деп бағалап өтіпті. Ақбөпе Әдіхамқызының ата-анаға деген құрметі сондай, ол әлі күнге дейін өз ата-анасының көзін көрген, солармен аралас-құралас болып, сырласып өткен қариялармен, солардың ұрпақтарымен арадағы байланысын үзіп көрмепті. Үлкенді сыйлап, кішіге ізет көрсетуден бір танбаған оны арыстықтар өз қызымыз деп қабылдады. Қызылордадағы Н.В.Гоголь атындағы педагогика институтын үздік аяқтап, физика пәнінің мұғалімі мамандығын алып шыққан Ақбөпенің өмірде жолы болды. Арыс қаласындағы Жамбыл Жабаев атындағы жалпы орта мектебінде 22 жыл физика пәнінің мұғалімі болып, әке жолын барынша адалдықпен жалғастырды.

Әдетте, бұл пәнге оқушылардың көп ұмтыла қоймайтыны белгілі. Сондықтан да жас мұғалім шәкірттерді тақырыпқа қызықтыру үшін практикалық ізденістерге жиі барды. Ең алдымен мектептің физика кабинетінде шаң басып жатқан оқу-тәжірибе құралдарын жарыққа шығарды. Соларды түгел пайдаланып, сабақ үстінде тәжірибе жасай бастағанда оқушылардың ынтасы күрт артқаны байқалады. Мектепте пәнге қатысты үйірмелер жанданып, оқушылар аудандық, облыстық пән сайыстарында жүлделер ала бастады. Осы ұстаздық қызметінде ол әріптестер арасында жұмысқа адалдығымен, ішкі мәдениетінің биіктігімен, парасаттылығымен ерекшеленді. Ұжымдағылардың біріне әпке, біріне әріптес, енді біріне ана бола білді. Әр сабағын баяу сөйлеп, ақылмен аңғартып, әңгімемен түсіндіретін. Қазір ол оқытқан шәкірттер қоғамнан өз орындарын тауып, елі мен жерін көркейту жолында еселі еңбек етіп жүр. Кейбірі өз саласының майталман маманы атанып, ел-жұрттың мақтанышына айналды.

Кеңестер Одағы ыдырап, әр республика өз даму жолына түскен тоқсаныншы жылдар қиындығымен есте қалды. Әсіресе, балабақшаларды қаржыландыру ісі тоқтап, ғимараттары ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетіп жатты. Жергілікті басшылар оларды нарықтық қатынас жағдайында қайта дамытуды ойластыра бастады. Бұл шешуі қиын әрі өте өзекті мәселе еді. Сол тұстағы аудан басшысы, еліміздің қоғамдық-саяси өміріне белсене араласып, қай істе де жанашырлық танытып жүретін Әлімжан Құртаев ағамыз қала орталығындағы еңселі балабақшаны іс тетігін таба білетін Ақбөпе Әдіхамқызының қолына табыстауды ұйғарды. Себебі, қиын сәтте ұжымның бірлігі мен ортақ іске деген жанашырлығына қоса, адамдармен тіл табыса алатын, ұйымдастырудың орайын білетін Ақбөпе сияқты басшы ауадай қажет еді. Әлімжан Сейітжанұлын түйсігі алдамапты. Ақбөпе Әдіхамқызы мұнда келісімен «Ақнұр» балабақшасының жұмысын жолға қойып, аз ғана жылда Арыстағы үлгілі балабақшалардың біріне айналдырды.

– Енді мектеп емес, 120 бүлдіршіні бар балабақшаның ауыртпалығы мойныма түсті. Кейде жылу болмай қалады. Ол кезде кәсіпкерлер әлі аяғынан тік тұра қоймаған. Жұрт жаппай көшіп жатқандықтан, маман мәселесі де күн тәртібінен түспеді. Осы қызметте істеген алғашқы жылдары үйде сирек болатынмын, – деп еске алады кейіпкеріміз.

Ұстаздықтың ауыр жүгін, басшылық қызметтің сан қырлы міндеттерін қара нардай қайыспай көтерген кейіпкеріміз елеулі еңбектері үшін мемлекет тарапынан үлкен марапаттарға ие болды. Оған білім беру саласындағы ерен еңбегі үшін «Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің құрметті қызметкері», «Кәсіподаққа еңбегі сіңген қызметкер», «Үлгілі балабақша» атақтары берілді. 2015 жылы оның отбасы «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының жеңімпазы және көптеген Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттардың иегері атанды.

Осындай шаңырақтың сәні мен мәнін кіргізіп, өзіне лайықты жар бола білген асқар тау әке, сүйікті ата Құрман Ромашовты жігіттің сұлтаны десе де болады. Дана халқымыз «адам өмірде екі жағдайда адасуға болмайды» деген екен. Бірі – мамандық таңдауда, екіншісі – жар таңдауда. Ақбөпе апай осы екі таңдауда да адасқан жоқ. Таңдаған мамандығы өзіне азық болса, Құрман ағамыз өмірлік темірқазығы бола білді. Білімді де, білікті екі жас құрған одақ уақыт өте келе берекелі отбасыға айналды. Екеуі тату-тәтті тірлікте, береке-бірлікте өмір сүріп, Ерлан, Ғалымжан, Ержан атты сайдың тасындай ұлдары, Бағила мен Ақнұр атты қызғалдақтай қыздары дүниеге келді. Ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырып, олардан бүгінде 23 немере, 1 шөбере сүйіп отыр.

Балалары білімді, тәрбиелі, жауапты қызметтерді абыроймен атқарып жүрген ел азаматтары болып өсті. Ерланы – полковник, ҰҚК-нің орталық аппаратында, Ғалымжаны – подполковник, ҰҚК-нің Түркістан облысы бойынша департаментінде жауапты қызметте. Ержаны – майор, ол да ҰҚК-нің Түркістан облыстық департаметінде қызмет істейді. Ал, қызы Бағила – көп балалы ана, Арыс қаласындағы М.Әуезов атындағы мектеп-лицейінің директоры болса, Ақнұры – «Азаматтарға арналған Үкімет» ҰАҚ-да бас маман.

Бүгінде 70 жасқа толып отырған Ақбөпе апайымыз әлі де тың. Арыстағы балабақша тізгінін өзі ұстап, бүлдіршіндерінің қамын ойлаудан жаңылған емес. Кейде тіршілік ретімен, жұмыс жағдайымен қалаға келе қалса, бірер күннен артық байыз тауып отыра алмайды. Ауылына асығады. Арысына асығады. Бүкіл саналы ғұмырын жас ұрпақ тәрбиесіне арнаған жан үшін туған өңірдің әр түп жусанына дейін ыстық.

– Жас адам өмірді босқа өткізбеуі, алтын уақытты ысырап етпеуі керек. Адам үшін бәрінен де уақыт қымбат. Ол өз дәуірінің мәдениетті, білімді және алдыңғы қатарлы азаматы болуды ойластыруы керек, – дейді кейіпкеріміз өмір тәжірибесіне сүйеніп.

Заманында ұстаздық қызмет атқарып, елге білім шуағын шашқан Әдіхам ағайдың қызы Ақбөпе ұстаз әрі кәсіпкер ретінде өзінің жетпіс жасына осылай сергек қалпында жетіп отыр.

 

Пікір жазу