Тәуелсіз елімізге тірек болу, оның шекарасы мен тыныштығын кірпік қақпай күзету елжанды әрбір азаматтың қастерлі де қасиетті борышы. Сондықтан әр азамат Отан алдындағы азаматтық борышын абыроймен өтеуге асығып, әскер қатарында болуды қалайды.
Осыған орай бүгін ауданымызда жастарға патриоттық тәрбие беру, Отанды сүюге баулу, айбынды қазақ әскерін жастарға үлгі ету мақсатында әскерге аттанғалы тұрған отырарлық жас сарбаздарды салтанатты жағдайда шығарып салу рәсімі өтті. Шараға аудан әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханов қатысып, сарбаздарға ақ жол тіледі, деп хабарлайды аудан әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған didarbek.kz ақпараттық агенттігі.
Ол өз сөзінде: «Кез келген мемлекет үшін елдің қауіпсіздігі мен тыныштығы басты орында. Сондықтан да тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап ел қауіпсіздігін сақтауға баса назар аударылып, мемлекетіміздің шекарасы белгіленіп, әскеріміз жасақталды. Бүгінде Қазақстанның Қарулы Күштері әлемдік стандарттарға сай, ең мықты және заманауи үлгідегі әскери құрылғылармен жабдықталған. Халқымызда «Ер – елінің қорғаны» деген аталы сөз бар. Тәуелсіз елімізге қалтқысыз қызмет ету және оны қорғау – әрбір азаматтың қасиетті борышы. Сіздерге бүгін Отан алдындағы борыштарыңызды өтеуде сәттілік тілей отырып, еліміздің еңсесін тіктеп, еркіндігін кеңейтіп, аянбай еңбек ете берулеріңізге тілектеспін»,-деді.
Мұнан соң аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығы Мұхтар Әуезұлы баяндама жасап, әскер қатарында қызмет етіп, Отан алдындағы парызын өтеу Қазақтан Республикасының әрбір азаматының парызы екенін атап өтті.
Сондай-ақ жиында «Мұрагер» республикалық қоғамдық бірлестігінің мүшесі Талап Масанов пен ауданның бас имамы міндетін атқарушы Бақыт Әбусейіт әскер қатарында болып елді қорғау абыройлы іс екенін айтып, сарбаздарды Отан алдындағы антына адал болуға шақырды.
Шара барысында жас сарбаздар әскери қаруды шашып, қайта құрастыру бойынша оқу-жаттығу өткізіп, шапшаңдық пен ептіліктің үлгісін көрсетті. Одан әрі аудан өнерпаздарының орындауларындағы патриоттық әндер Отан қорғаушылардың рухын көтеріп, жастарға жігер сыйлады.
Жиын соңында жас сарбаздар сапқа тұрып ел тыныштығын күзетуге аттанып кетті.
Отан қорғаушы! Қандай қасиетті де құдіретті сөз. Әскер қатарында қызмет етіп, Отан алдындағы парызын өтеуге әрбір азамат міндетті. Себебі, туған жерді, елді, атамекенді қорғау – қасиетті борыш. Бұл дегеніміз – батырлық пен табандылық, отан сүйгіштік пен Отанға шексіз қызмет етудің нышаны. Қай дәуірде болсын, Отан қорғау әрбір Қазақстан азаматының қасиетті борышы болып келген. Өзін ер азаматпын деп санайтын кеудесінде ар-намысы, бойында жігері, жүрегінде оты бар әрбір жан үшін ең басты парыз, ең басты адами міндет – осы. Алайда соңғы уақытта азаматтарды әскери қызметке шақыру үлкен проблемалық мәселеге айналуда. Біздің елімізді қорғау әрбір азаматтың қасиетті борышы және конституциялық міндеті болып табылады (Конституцияның 36-бабы).
Жыл сайын Қазақстан Президенті азаматтарды әскер қатарына шақыруды жариялайды. Оны ұйымдастыру жергілікті атқарушы органдарға жүктелген және «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңға (бұдан әрі – Заң) сәйкес жүзеге асырылады. Әскерге шақыруды кейінге қалдыруға немесе шақырудан босатылуға құқығы жоқ 18-27 жас аралығындағы азаматтар шақыруға жатады (Заңның 31-бабы). Әскери қызметке шақырылуға жататын азаматтар жергілікті әскери басқару органының шақыру қағазы бойынша шақыру комиссиясына келуге міндетті.
Шақыру қағазын азаматтың жеке өзіне тапсыру мүмкін болмаған жағдайда оның келуін қамтамасыз ету тиісті ішкі істер органына жүктеледі (Заңның 30-бабы). Әскери міндетті орындаудан жалтарған тұлғаларды іздестіруді де ішкі істер органдары жүзеге асырады (Заңның 17-бабының 3-бөлігі). Бұл ретте, әскери қызметтен жалтару тиісті қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғады.
Әскерге шақырылушылар елімізде жеткілікті болғандықтан жыл өткен сайын оларға қойылар талаптар да жоғарылады. Ең бастысы борышын өтейтін жігіттің денсаулығы мықты болуы тиіс. Оларды медициналық тексеріс нәтижесінде бірнеше топқа бөледі. Десек те, соңғы кезде Отан үшін отқа түсетіндердің саны азайып кетті. Басым бөлігі ол жердегі жағдайдан үрейленеді. Оқтын-оқтын шығып тұратын әскер жайлы жайсыз қауесеттер ата-аналарды үркітіп қойған. Әрине, әскерге өз еркімен сұранатындардың да қарасы жетерлік. Бір әттеген-айы олардың көбі ел үшін емес, қара басының қамын ойлап аттанып жатқан секілді. Неге десеңіз қазіргі таңда әскери билеті жоқ азаматтар ҰҚК-не, ІІМ-не жұмысқа орналаса алмайды. Осы орайда әскери борышын түрліше өтеп, әскери билет алып жүргендерді көз көрді. Әскери қызметті бәрі бірдей жамандап, ұнатпайды емес. Бұл өмірдің де өзіндік ерекшелектері мен пайдасы бар екенін мақтан ететін азаматтар арамыздан табылады.
Бауыржан Момышұлының «Әскери қызмет дегеніміз – дені сау әрбір азаматтың асыл парызы, ардақты борышы, кімде-кім әскери қызметтен жалтарса ол патриот емес» деген керемет сөзі бар. Бүгінде Қарулы Күштер туралы әркім аузына түскенді айта береді. Мәселен біреулер: «Қазір «уралап» шабатын заман емес, атом бомбасының дамыған кезеңі. Бір түймені баса салса бәрін астаң-кестен етеді», — деп ділмәрсиді. Бұл ер азаматтардың емес, ездердің сөзі. Әскер сені тәртіпке, жүріп-тұруға, қару ұстауға, бұйрыққа бағынуға, бірлесіп қызмет жасауға үйрететін нағыз ер-азаматтардың мектебі. Ал, жаңағыдай әңгіме айтатындар шешесінің «Жалғыз баламды әскерге жібермеймін», — деген сөздерін естіп өскендер шығар. Мұндайлардың дені шешесінің кішкентайынан: «Сені әскерге жіберсем мені кім бағады», — деп еркелеткеніне үйренгендер болар.
«Болат қайнауда, ер жігіт майданда шынығады», — дейді дана халқымыз. «Балам өліп қалады» дейтін кереғар пікір бұл жерде орынсыз. Мысалы, салыстырмалы түрде алсақ, он сегізге толған ерлердің арасында әскерге бармағандардың өзі қазаға ұшырап жатқаны өздеріңізге мәлім. Жол апатынан немесе төбелестерде атылып қаза тапқандар қаншама? Өмір болғаннан кейін, өлім де қатар жүреді. Әскер де өмір, ол жақта да өлімнің болуы ықтимал жағдай. Бірақ соны сылтауратып әскери қызметтен қашпаған жөн. Себебі сен азаматсың, еліңді қорғау- міндетің.
Әскер – өмір мектебі. Барып келгендердің пікірінше, азаматтың өмірге деген көзқарасын өзгертіп, тәртіпке салатын, Отанына, отбасы мен туған-туысқандарына деген сүйіспеншілігін арттыратын өмір мектебі. Осы мектеп майданында шыңдалып, жауапкершілікті сезініп жүрген азаматтар бүгінде қоғамның түрлі саласында еңбек етіп, отбасы мен мемлекеттің жанашырларына айналуда. Тіпті өмірін осы әскери саламен байланыстырған ер-азаматтар қаншама?!
«Армия – мемлекет қуаты» десек, сол сапта жүріп, өз өмірін оң өзгерістермен ұштастырып, жетістікке жетіп жатқандары да жетерлік. Әскери өмірдің алғашқы баспалдағы жер-жерде әскери бөлімшелерден басталады десек қателеспеспіз. Әскери бөлімше деп отырғанымыз әрине аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімшелер. Дәл қазіргі уақытта осы бөлімшелердегі жұмыс қарбалас.
Әлем әзірге әскерден бас тартып, қару-жарақты сылдырлатпай, ұрыс-керіссіз, соғыссыз өмір сүруге жеткен жоқ. Жер шарында өзіне де қатер төндірмейтін сенімділік те әлі пісіп-жетілмеді. Ол мүмкін емес те шығар. Әркімнің тиесілі жерін қорғаудың коды адам атанғалы генетикасына жазылып қойған болуы керек. Қанда бар ғадетті алып тастауға күшті дамыған медицинаның да шамасы келмейді. Әскер әуел баста қауіпсіздіктің қалқаны, тұрақтылықтың тірегі ретінде санаға берік орнаған. Оның ақиқаттығын уақыт та дәлелдеді. Сол себепті, бүгінде әлем елін мұздай құрсанған әскерсіз елестету мүлдем қиын. Бес қаруы сай әскері жоқ елді қазір мына әлем «әлеуеті жоқ» деп, кем көреді. Есігін теуіп кіріп, төріне озуды да ойына алмайды деп айта алмайды ешкім. Сол кезде әскер – сес, әскер – айбын, әскер – мәңгі қарауыл.
Одақ ыдырағанда оның құрамындағы республиканың бірде-бірінде өзінің дербес экономикасы тұрмақ, біреу әлімжеттік жасаса, «әй!» деп айбат көрсететін әскері де жоқ еді. Бәрі Одақтыкі-тін. Тәуелсіздігін жариялған мемлекеттер азаттығын сақтап қалатын сарбазының қандай күші, нендей қару-жарағы барынан да жетік біле қоймайды. Алып империя ыдырап ала жөнелгенде, оның алып әскери арсеналы да бөліне бастаған. Ал, әскерсіз мемлекеттің ен жатқан жеріне әркімнің көз алартуы мүмкін еді. Сол кездегі мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев дереу 1992 жылы 7 мамырда Қазақстанның қарулы күштерін құрды.
Әскер үштіктен тұрды: Құрлық әскерлері, Әуе қорғанысы күштері және Әскери-теңіз күштері. Сол уақытта, яғни, 90-жылдары әскери қызметкерлердің саны 200 мың адам шамасында екен. Бүгінде 167 мың ер-азамат елдің тыныштығын күзетеді.Сол дуалы ауыз халықаралық сараптама орталығының айтуынша, Қазақстан әскері мықты әлемдегі 100 елдің қатарында. Атақты Global Fire Power рейтингісінде әлемдегі әскери күш жөнінде 63 орынға ие. Бұл тізімде – әлемнің 140 елі тұр. Мұнда әскердің әлеуеті 50 көрсеткішпен өлшенеді. Сол көрсеткіштер жиналып, ел индексін шығарады. Ол индекс – 1,0286. Былай қарағанда, төмен көрсеткіш емес.
Десек те, әскердің қамал алдырмас қайратын білдіруі үшін рейтингтің мінсіз бағасы – «0,0000» болуы керек екен. Индекс мәні неғұрлым азайса, елдің жауынгерлік әлеуеті соғұрлым күшті есептеледі онда. Бұндай қару-жарағымен тас түйін тұрған АҚШ, Ресей, Қытай, Үндістан және Жапония дейді Global Fire Power. Көршілер арасында Ресей мен Қытай, Өзбекстан әскерінен соңғы орынды біздің әскер иеленепті. Қырғызстан мен Түрікменстан Қазақстанға есе жібереді. Талдауда әскери жағынан ең әлсіз – Бутан, Косово және Либерия сияқты елдері. Бұлардың дерегінше, Қазақстан әскерінде 238 ұшақ (оның 80-і-истребитель), 75 тікұшақ (оның 22-сі-жауынгерлік тікұшақ), 96 әуежай 300 танк, 1200 бірлік бронетехника, 124 сауда флот, 5 порт және сауда терминалы бар. Рейтинг, жоғарыда атап өткеніміздей, Қазақстанда 167 мың әскери қызметші барын, бұл – ел халқының барлық санының 0,9%-ы екенін атап отыр.
Соның ішінде, Құрлық әскерлері – жеке құрам бойынша Қарулы күштердің ең ауқымдысы. Шамамен, Құрлық әскерінде 50 мыңға жуық адам қызмет етеді. Олардың негізгі мақсаты – Қазақстан Республикасының аумақтық тұтастығын, оның егемендігін, мемлекеттік және әскери объектілерді, құрлық шекараларын қорғау, бітімгершілік миссияларға қатысу. Сондықтан да, елдің құрлық әскерінде үміт зор.
Әуе қорғанысы күштерінде авиациялық техника жетерлік. Ашық ресурстағы мәліметтерге сүйенсек, әуе қорғанысы күштері ұшқыштарының ұшу шеберлігінің деңгейі өте жоғары. Көрсеткіш жылына 100-150 ұшу сағатын қамтиды. Ол Ресей Федерациясының әуе күштеріндегі көрсеткішпен пара-пар деседі. Расында, құрлық пен әуе күштерінің одақтан қалған аздыкөпті тәжірибесі бар-тын
Ал, әскери-теңізге келгенде, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында еліміз кеме-қайықтан құр алақан еді. Сол кезеңді көзімен көрген, Қарулы күштің құрылуының басы-қасында жүрген тұлғалар әскери-теңіз күшін құрудағы мемлекет билігінің көзсіз батылдығына әлі тамсанады. Бірде-бір кемесі, сүңгуір қайығы жоқ елдің ондай күш құруы жоқтан бар жасау еді сол сәтте. Мысалы, деректер ең алғашқы сүңгуір қайықтың елімізде теңізге 2001 жылы түскенін айтады. Арада 9 жылдан кейін. Осының өзі біраз жайтты аңғарса керек-ті.Каспий бассейнінің ерекшелігіне, сондай-ақ геосаяси жағдайға байланысты Әскери-теңіз күштерінде шағын кемелер мен қайықтар бар. Мәлім ақпараттар «оның шамамен саны – 20-22» дейді.
Әрине, бір шағын шолу елдегі әскердің қабілетін толық ашып бере алмайды. Режимдік нысан, әрі әскери құпия ретінде ақпараттың бәрі ашық жарияланбайтынын ескерсек, бұл – білетініміз де бізге аз азық емес. Ең негізгісі, әскеріміз бар. Ол әлемдегі мықтылардың 100- дің ортасында. Дұшпанның ел шетін баспауы үшін, басынып, қоқан-лоққы көрсетпеуі үшін әлемде бүгінде ең маңызды осы болып тұр емес пе?!