Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Құқық » Адам саудасы дегеніміз не?

Адам саудасы дегеніміз не?

Адам саудасы дегеніміз не? Барлық адамдарға көрінетін саудагерлерден адамдарды сатып алуға болатын нарық емес. Адамдарды жұмысқа тартады, бопсалайды және ақыр соңында еңбекке мәжбүрлейді, жәбірленушіге сырттан көмек іздеу тиімсіз немесе қауіпті болатын жағдайлар жасайды.
Бұл біз бірге өмір сүретін Жасырын қылмыс. Көшеде ақша сұрайтын балалар мен ересектер күн сайын жүздеген адамдармен кездессе де, сауданың құрбаны болуы мүмкін, бірақ олар көмек сұрай алмайды.
Олар сонымен қатар әдеттегіден көп ақша табуға тырысатын әйелдер, балалар мен өз отбасыларын асырауға тырысатын ер адамдар. Көптеген адамдар құрбан болуды таңдау деп ойлайды, бірақ олай емес. Адам саудасының құрбаны кез келген адам бола алады.

Дүниежүзінде қару-жарақ пен есірткі сатудан кейін көлеңкелі бизнестің өрісін кеңейтіп отырған – адам саудасы. Иә, естір құлаққа түрпідей тиюі мүмкін. Сататын – адам, сатылатын – адам. Екеуі де саналы жа­ратылыс иесі. Бұл туралы tirshilik-tynysy.kz агенттігіне сілтеме жасаған didarbek.kz ақпараттық агенттігі жазады.
ҚҰЛДЫҚ ҚҰРДЫМҒА КЕТКЕН ЖОҚ
1981 жылы Мавритания құл иеленушілікті заңсыз деп танып, әлемдегі адам ұрлығына ресми түрде тыйым салған ең соңғы мемлекет болды. Яғни әлемде бірде-бір мемлекет адам ұрлығы мен құл иеленушілікті құптамайды. Бірақ қылмыстың бұл түрі азаяр емес.
Ең өкініштісі, аса ауыр қылмыс саналатын адам ұрлығы мәселесі біздің мемлекетте де кездеседі. Ресми деректерге сүйенсек, екі жыл бұрын адам саудасы бойынша Қазақстан 83-орынға жайғасқан. Бұл – жақсы көрсеткіш емес. Хабар-ошарсыз кеткендердің бір бөлігі ер азаматтар болса, басым көпшілігін әйелдер құрайды. Ұрланғандар қатарын балалар да толықтырады.
Адам саудасы жасырын қылмыс түріне жатқызыла­тын­дықтан, нақты деректер келтіру қиын. Бірақ адам ұр­лау – үлкен қылмыс. Ұрланғандардың басым бөлігі ер­кінен тыс қызметтерге жегілсе, енді бір бөлігінің сау ағ­залары саудаға түсетін көрінеді. Бесігі бос қалып, ұрпақ жалғастыруды көздеген бірлі-жарым да арам пиғылды іске асырып, қылмыскерлер қатарын толықтырады екен.
«Ауруын жасырған өледі» деген. Бұл мәселе қанша жасырып жапқанмен мемлекет алдындағы күрделі тақырыпқа айналды. Аталған қылмыс салдарынан мемлекеттің бас­ты құндылығы – адам құқығы қорғалмауда. Мәселенің өзектілігін Мемлекет басшысы да көтеріп, Үкімет алдына нақты тапсырмалар қойды. «Адам саудасына қарсы күрес мəселесі де күн тəртібінен түспейді. Бұл жағынан Қазақстанның халықаралық қауымдастық алдындағы жағдайы айтарлықтай емес. Құқық қорғау органдары мұн­дай қылмыстарды тергеу рəсімін жетілдіре түсуі керек. Осыған орай сот тəртібімен қатаң жаза қолданылуы қажет. Бұл маңызды міндет мемлекеттік органдардың үйлесімді іс-қимылын талап етеді» деді Президент өз Жолдауын­да.
Құзырлы органдардың ресми дерегіне сәйкес, жыл са­йын елімізде адам саудасына қатысты 180-ге жуық іс қозғалады екен. Тіпті жағдай карантин кезінде де өзгермеген. Демек, «Жау – жар астында» деген сөз. Мәселе ел аумағында жиі көтеріліп, қылмыстық іс-шаралар күшейтіліп, жаза қатаңдаған. Бірақ бұл да болса жауыздық атаулының жолын толық бұғаттауға қауқарсыз болып тұр.
 
БАҚЫТТЫ БАЛАЛЫҚ ҚАУІПСІЗ  ОРТАДАН БАСТАЛАДЫ
Ұрланған ер азаматтар қара жұмысқа жегілсе, әйелдер «жеңгетайлардың» құрығына түсетін көрінеді. Бұнымен қоймай қанкөйлер бесіктен белі шықпаған балалар мен жасөспірімдерге де «шабуыл» жасайды. Жылына 30 мыңнан 70 мыңға дейін бала ұрланатын Қытай бала ұр­лығы мәселесі бойынша көш бастап тұр.
Баланы баурап алу оңай. Өмірді өзіндей кө­ретін жас сә­би «тәтті беремін» не «ойыншық әперемін» десе де көл­денең көк аттының қо­лынан ұстап кете беруі мүмкін. Ал қы­тайлық бала ұрлаушылар қулықтың сан түрін біледі. Тіп­ті әке-шешесінің назарын аударып, көз алдында баласын алып қаша жөнелетіндері де жиі кездеседі. «Ұрланған ба­ла неғұрлым жас болса, оны сату да соғұрлым оңайырақ. Он­дай балаларды құлдыққа сатса, өзінің ұрланғанын ұмы­тып, тап болған ортасына «тастай батады» екен» деп жаза­­ды мәселенің байыбына барған lenta.ru ақпарат айдыны.
Осындай оқиғаның бірі 1988 жылы орын алған. Мао Инь есімді балақай із-түссіз жоғалып кеткен. Сиань қаласынан қайтып келе жатқан жолда шөл қысқан әкелі-балалы су сұрау үшін қонақ үйге ат басын тірейді. Әкесі Иньге қайнап тұрған суды суытып бермек ниетпен айнала бергенде ұлы жоқ болып кетеді. Қасқағым сәтте баласын қағып әкеткенін түсінген әке дереу іске кіріседі.
Іздеу тым ұзаққа созылады. Тек қана 2020 жыл­дың сәуір айында полиция қызметкерлері­не 32 жыл бұрын жоғалған Ли мен Маоның ұлы болуы мүмкін деп танылған жас жігіт туралы хабар келіп түседі. Ол Сианьнан мыңдаған шақырым жерде орналасқан Сычуан провинциясында Гу Нинин есімімен өмір сүріп келген. 34 жастағы азаматқа жасалған ДНК сараптамасы оның Мао мен Лидің осыдан 32 жыл бұрын жоғалған ұлы екендігін анықтап берген.
Дәл осыған ұқсас жағдай 2020 жылдың қа­зан айында орын алған. Шэньси провинциясында тұратын 70 жастағы ерлі-зайыптылар кезінде ұрланған ұлдарымен араға 38 жыл салып қайта қауышқан. Бұл жағдай 1982 жылы болған екен. Ауылдағы өз үйінде ұйықтап жатқан жері­нен қарақшыларға қолды болған бала ДНК мәлі­меттерін базада салыстыру нәтижесінде табыл­ған. Бұл күнде қырық жастағы ер азаматтың отбасылы, әйелі және екі баласы бар екендігі белгілі болды.
Бұл – елдегі жағдайдың бір­ді-екілі көрінісі ғана. Алайда сә­биін жоғалтқан отбасылардың бар­лы­ғына бірдей араға ондаған жыл салып баласымен қауышу бақыты бұйыра бермейді.
Адам ұрлығы әсіресе бақылау аз жерлерде жиі кездеседі екен. Қытайдағы аталған оқиғаның көпшілігі ауылдық жерлерде орын алған. Себебі мұндай аймақтарда ата-аналарға жоғалған бала­сына іздеу салып, тәртіп сақшыларына ша­ғым­дану қиындық туғызады. «Тағдыр салды, мен көндіммен» іс жабылады деп ойлаған қыл­мыс­тық топ «шабуылды» шағын ауылдарға жиі жасаған.
НЕ ІСТЕМЕК КЕРЕК?
Жаға ұстатар үрейлі деректерді оқыған әр­бір оқырманның көкейінде қорқыныш ұялары анық. «Не істеу ке­рек» деген сұрақ та мазалауы мүм­кін. Негізінен жоғалғандардың көпшілігі –жақындарынан қолдау көрмей, күйзелістің құр­ба­нына ай­налғандар. Олар кез келген адамның жанашырлық пейіліне сеніп, алданып қалуы мүмкін. Сондай-ақ бүгінгі күнгі жұмыссыздық мә­селесі де үлкен қылмыстың құрбанына ай­налудың себебі болуы мүмкін. Жұмыс іздеп сенделгендерді құрығына түсіретіндер жалған уәдені үйіп төгетін көрінеді. Танымайтын адамға өз құжаттарыңызды тапсырмағаныңыз абзал. Ал бала ұрлануы жиілейтін ең қауіпті мезгіл – жаз айлары. Мамыражай мезгілде бала атаулы ойынның қызығына кіріп, үй көрмейтіндігі айтпаса да белгілі. Және отбасында мәселе бар, ата-анасының қарауынсыз жүрген балалар аса қауіпті қылмыс құрбаны болуы жиі ұшырасады. Қаскөйлер құлқынның қамы үшін жаңа туған сәбиді де сатудан тайынбайды.
Мәселені әлемдік деңгейде жан-жақты са­раптаған арнайы портал дерегіне сүйенсек, адам ұрлығы бір ғана қылмыстық топтың жасайтын әрекеті емес. Оның басында және арғы түкпірінде бір-бірімен үздіксіз жалғасып, әрекет етіп отырған ірі қылмыстық топ болуы мүмкін. Өйткені ұрланған адам қолдан-қолға өтіп, іздеу жұмыстарына кедергі келтіреді. Бұл әрекеттің астарында үлкен ұйымдастырушы топ тұрмаса, «жалғыздың үні шықпасы» анық.
ТҮЙІН
Жақында әлеуметтік желіден Бейжің кө­шелерінде бейнебақылауға түсіп қалған кадрға көзім түсті. Бұл мақаланы жазып, тақырып тө­ңірегіне қалам тербеуімізге де сол видео сеп болды. Қарап отырып бойыңызды үрей билейді. Тіпті арнайы түсірілген фантастикалық әрі қор­қынышты фильм көріп отырғандайсыз. Бұл бір ғана Қытайда орын алып жатқан жағдай емес екені анық.
Сонда адамның құндылығы қайда, әлде жүректер тасқа айналған ба?! Тіршілікті тіріл­тіп тұрған мейірімділіктің оты сөніп барады ма?! Сіз өміріңізде арам пиғылмен бірінің төлін бірі ұрлап бара жатқан айуанды көрдіңіз бе?! Әрине, жоқ. Осы тұста Оралхан Бөкейдің «…Адам­заттың бүкіл жаратылыс атаулыдан озық­тығы немесе сорлылығы да осыдан шығар-ау. …Біз саналылығымызды мақтан тұтамыз, ал сол саналылықтан азап шегетінімізді бағамдай бермейміз» дегені ойға оралады. А.Мұханбетқали

Пікір жазу