Бүгінде отбасылардағы тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайлары өте жиі кездеседі. Көбінесе адамдар бұл туралы ашық айтпайды. Ол дұрыс емес. Қазақстан Республикасының Конституциясында адамның қадір-қасиетіне қол сұғылмайды, әркімнің ар-намысы мен абыройлы атының қорғалуына құқығы бар деп анық жазылған. Зорлық-зомбылық – азаматтардың құқын бұзатын бір адамның екінші адамға тәндік немесе психикалық ықпал етуі. Түрлі тәсілдермен ұрып-соғу, дене жарақатын салу, азаптау (азапқа салу және денсаулыққа зиян келтіру); адам психикасына әсер етіп (жүйкесінің тозуы немесе тіпті жынданып кетуін тудыруы мүмкін) қорқыту, тәнге жарақат салу, тағы басқалары.
Мамандардың айтуынша, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың кез келген түрі әрбір сегізінші отбасында бар. Әрбір үшінші отбасында тұрмыстық зорлық-зомбылық болса, әрбір жетінші әйел – экономикалық, әрбір алтыншы әйел – физикалық, әрбір үшінші әйел – психологиялық зорлық-зомбылыққа тап болады. Өкінішке қарай, қазіргі қоғамда отбасындағы кемсіту мен қорқыту қалыпты жағдайға айналды, тұрмыстық зорлық-зомбылық қылмыстарына құлақ үйренді.
«Отбасы – шағын мемлекет» деген сөз оның қоғамдағы алар орнына қарай айтылса керек. Осы бір ғибратты сөз босағаның берік, шаңырақтың биік болуын, халық санының көбейіп, қоғам байлығының еселеп артуына өзіндік ықпал ететіндігін көрсетеді. Өкінішке қарай, түрлі жағдайларға байланысты шаңырақтың шайқалып, бейкүнә сәбилердің жаутаңкөзге айналып жататын кездері де аз емес. Әрине, берекесі мен бірлігі жоқ, күнде айқай-шу болатын үйде зорлық-зомбылықтың болатыны белгілі. «Тәрбие тал бесіктен басталады» десек, отбасындағы ұрпақ тәрбиесі еш уақытта қоғамды бей-жай қалдырған емес. Тұрмыстық зомбылықта көбіне зардап шегетіндер – әйелдер мен жас балалар. Бала үшін ата-анасының үйі әрқашан ең қауіпсіз жер бола бермейтінін айғақтайтын фактілер жиі кездеседі. Балаларға, әсіресе кішкентайларға зорлық-зомбылықтың үй, отбасы ішінде көрсетілуі көзге түсе қоймағандықтан, көп жағдайда мойындалмайды. Дөрекілік, балаға күш көрсету, олардың бағдарын өзгерту, зорлық-зомбылықты, сайып келгенде қылмысты тудырады. Ол өз-өзіне қол жұмсауға алып келуі мүмкін.
Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы еліміздің азаматтрының құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету, құқықтық заңдылықтың сақталуын қадағалау, отбасы мүшелерінің заңды мүдделерінің сақталуына кепілдік беру, еліміздің кез келген мүшесінің дене зардабын және психикалық зардап шегуіне жол бермеу, отбасы құндылығын қолдау және сақтау, өмірлік қиын жағдайда жүрген әрбір адаммен жеке жұмыс жүргізу секілді әрекеттерге негізделеді. Ең алдымен зорлықшының құрбаны өзі жайлы ақпаратты ашық айтуы қажет. Өйткені тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу үшін сол жандардың өтініштері немесе хабарламалары, құқық қорғау орындары қызметкерінің тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жасалу не оны жасауға әрекет ету дерегін тікелей анықтауына негіз болатын дәлелдер керек.
Қылмыстық заңда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты түрлі құқық бұзушылықтар үшін жауапкершілік қарастырылған. Бұған денсаулыққа түрлі ауырлықтағы зиян келтіру, қорқыту, ұрлау, қинау, адам өлтіру, өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу, ұрып-соғу, азаптау, жыныстық дербес құқықтылыққа қарсы қылмыстар, адамдардың саудасы және басқа да қылмыс түрлері жатады.
Иә, уақыт алға озып, заман өзгергенімен, адамдар әлімсақтан бойына сіңген, болмыс-бітімімен астасқан адамгершілік қасиеттерден айнымау керек. Жаһандану дәуірі қалың жұрттың қамын ойлағаннан гөрі қарақан басының күйін күйттеуді жөн көретіндердің қатарын көбейткені рас. Бірақ мұндай жағдайлар қанмен сіңіп, атадан-балаға қалыптасқан құндылықтарды күйретпеуі тиіс. Қоғам – бізді қоршаған орта. Ол ортаның жайлы өмір сүруіне, өсіп-өнуіне қолайлы болмағын кім қаламайды?! Сондықтан кез келген азамат қоғамның бір мүшесі ретінде айналасының аялы, жанға саялы болуына мүдделі. Көпшіліктің бірбіріне ілтипат көрсетіп, ізетті, қайырымды болуы бірлігімізді бекітіп, берекемізді кіргізеді. Ізгілікті қоғам құру – ілгері жылжудың кепілі.
- Профилактикалық әңгіме;
- Қорғау нұсқамасын шығару;
- Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары;
- Құқық бұзушының мінезіне ерекше талаптар белгілеу;
- Сот үкімі бойынша қолданылатын шаралар.