Отырар ауданы Шәуілдір және Көкмардан ауыл тұрғындарына кеңес беру науқанында мобильді топ мүшелері тұрғын үй алудың тәртібі, тұрғын үйді жекешелендіру, зейнеткерлікке шығу, жұмысқа орналасу, алимент өндіру, егін алқаптарына су тарту, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды жүйелендіру және ауыл шаруашылығына жеңілдетілген несие алудың тәртібі туралы құқықтық кеңестер берді.
Заң көмегіне жүгінген тұрғындарға жемқорлыққа қарсы іс-қимылға жәрдемдесетін азаматтарға мемлекет тарапынан көрсетілетін көтермелеулер, берілетін сыйақы мөлшері туралы ақпарат берілді. Түркістан облысының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметімен ұйымдастырылған науқанда шалғай елді мекеннің 50-ден аса тұрғындарына жергілікті атқарушы орган және мемлекеттік орган өкілдері, антикор еріктілері, адвокаттар мен заңгерлер, сот орындаушылары құқықтық көмек көрсетті.
Сонымен бірге, Антикор еріктілері Отырар ауданындағы әлеуметтік нысандарға, демалыс аймақтарына, балалар ойын және спорт алаңшаларына қоғамдық бақылау жүргізді, сонымен бірге квазимемлекеттік сектор ұйымдарындағы комплаенс — қызметкерлермен және ішкі талдауға жауапты жұмысшы топ мүшелерімен кездесті.
Қоғамдық бақылау барысында анықталған кемшіліктерді қалпына келтіру мақсатында әкімдік басшылығымен лездемелік мәжіліс ұйымдастырылып, хаттамалық тапсырмалар берілді. Тапсырмалардың орындалуы Департамент және аудандық Әкімдік бақылауында.
Айта кетсек, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мобильді топ мүшелері облыс аумағындағы елді-мекендер мен ауыл тұрғындарына тегін кәсіби — құқықтық көмек көрсетуді және әлеуметтік нысандарға қоғамдық бақылауды жыл соңына дейін тұрақты түрде жүргізетін болады.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – мемлекетіміздің бірден-бір қолға алған факторларының бірі. Оның алдын алу үшін көптеген іс-шаралар қолданылып, атқарылған жұмыс аз емес. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде: «Өкінішке қарай, сыбайлас жемқорлық әлі де біздің қоғамның ауыр дерті болып отыр. Сыбайлас жемқорлық мемлекеттердің көпшілігінде бар. Қазақстан да одан сырт қалған жоқ. Онымен қалай күресіп жатыр немесе қалай әшкерелеп отыр – ол басқа мәселе», деп атап өтті. Қазіргі таңда сыбайлас жемқорлық ауқымдылығына ғана байланысты ерекшеленеді.
Сыбайлас жемқорлықпен күрес – қоғам талабы. Мінсіз қоғам – жемқорлықсыз қоғам, салауатты өмір – парақорларсыз өмір, мықты мемлекет – жемқорларсыз мемлекет. Еліміз елу елдің қатарына ену үшін аяқ басқанда айналамызды ашкөз алаяқтардан аластап, қоғамды тазарту – азаматтық міндетіміз. Қазақстан Президенті сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес еліміздің стратегиялық дамуының негізгі басымдықтарының бірі екенін айтты. Бұл бағытта бірқатар маңызды міндет атқарылған, атап айтқанда, Қазақстан халықаралық ГРЕКО ұйымына мүше болды, қарамағындағы қызметкердің сыбайлас жемқорлыққа қатысы анықталған жағдайда оның басшысының қызметінен босатылуы заңмен бекітілді, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін заңнамамен сараптау жұмыстары күшейтілді.
«Сыбайлас жемқорлықтың себебі мен шарттарын жоймай онымен күресу, бұл – жел диірменмен алысу. Халық әлдебір шенеуніктің немесе басшының жай жауапкершілікке тартылғанын көріп қана қоймай, ол жұмыс істеген мемлекеттік мекемеде енді мұндай жағдайдың қайталанбайтынын дәлелдейтін түбегейлі өзгерістердің орын алғанына куә болуы керек. Әзірге мен мұндай кешенді және түбегейлі жұмысты көріп отырған жоқпын. Шенеуніктер шеңбер жасап, бірінен кейін бірі ауысып жатыр. Ал жүйелі проблемалар шешілмеген күйі тұр», деді Қасым-Жомарт Тоқаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөнінде кеңесте сөйлеген сөзінде.
Сонымен қатар сыбайлас жемқорлықпен пәрменді күресу үшін халықтың құқықтық сауатсыздығын жоятын, құқықты түсіндіру жұмысының деңгейі мен сапасын арттыру керектігінің маңызы зор. Халық өз құқығын, өздеріне қарсы қандай да бір құқыққа қайшы іс-әрекет жасалған жағдайда қандай іс-қимыл қолдану керектігінің нақты жолдарын толық білулері қажет. Конституциялық тәртіпті қорғау, сыбайлас жемқорлықпен күрес аясында тиімді, бірыңғай жалпы мемлекеттік саясат жүргізу, мемлекет пен азаматтардың өмір сүруінің барлық салаларында сыбайлас жемқорлық пен оның көріністері деңгейін төмендету, қоғамның мемлекетке және оның институттарына сенімін нығайту бүгінгі күндегі басты мақсат болып отыр.
Осы мақсаттағы жұмыстарды жүйелі жүргізуге тағы бір серпін ретінде «Қазақстан Республикасында қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту және құқық қорғау қызметін одан әрі жетілдіру жөніндегі қосымша шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы қолданысқа енгізілген. Бұл Жарлық еліміздегі құқық қорғау органдары қызметтерін жетілдіруге бағыттала отырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекеттермен олардың пайда болуының алдын-алуда жүйелі, әрі тұрақты шаралар атқаруды қамтамасыз етеді. Сыбайлас жемқорлық тек құқық бұзушылық емес. Бұл мемлекеттің тиімділігіне деген сенімді төмендетеді және ұлттық қауіпсіздікке тікелей қатер төндіреді. Сондықтан мемлекет пен қоғам сыбайлас жемқорлыққа қарсы бірігіп, әрекет етуі керек.
Біздің мемлекетіміз, басқа да көптеген мемлекеттер сияқты, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оны болдырмау мақсатында қарқынды жұмыс жүргізуде. Қазіргі уақытта, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі негізгі принциптерін айқындап, сыбайлас жемқорлыққа байланысты құқық бұзушылықтың түрлерiн, сондай-ақ міндеттемелік шарттарын белгілеп, сыбайлас жемқорлыққа байланысты құқық бұзушылықтың алдын алу, анықтау, жолын кесу және ашу, олардың зардаптарын жою және кiнәлiлердi жауапқа тарту арқылы сыбайлас жемқорлық қарсы күрес туралы заң азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, сыбайлас жемқорлық көрiнiстерiнен туындайтын қауiп-қатерден Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, мемлекеттік функцияларды орындайтын мемлекеттік органдар, лауазымды тұлғалар және оларға теңестірілген тұлғалардың тиімді қызметін қамтамасыз етуге бағытталған.
Жүргізілетін іс-шараларды тиімді ету мақсатында мемлекеттік органдарында сыбайлас жемқорлыққа көріністерін шектеуге бағытталған іс-шаралар жоспары әзірленеді және жүзеге асырылады. Жоспарланған іс-шараларды іске асыру қылмыстық шабуылдан азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте мемлекеттік органдар мен қоғамның белсенділігін арттыруға мүмкіндік береді.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдар туралы» Заң талабының аясында жемқорлыққа қарсы іс-әрекеттер әр салада жүзеге асырылып келеді. Соның ішінде, халық парақорлық дертімен жиі бетпе-бет келеді. Сондықтан кез-келген ортада пара беру мен пара алудың жолын кесуде қоғам болып белсенділік танытуымыз керк. Парақорлық мемлекеттік органдардың тиісті қызмет атқаруына кері әсерін тигізіп, беделіне абыройсыздық ұялатады, заңды қағидаларды теріске шығарып, азаматтардың конституциялық құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуына түрткі болады. Қазіргі таңда қоғамымызға қауіп төндіріп, орасан кесел келтіретін осынау келеңсіз әлеуметтік құбылысқа қарсы шаралар қатаң қолға алынып жатыр. Жемқорлықпен күрес арнайы дайындалған мемлекеттік бағдарлама негізінде жүзеге асырылуда. Еліміздің өркениетін дамытқысы келетін, өз ортасын құрметтейтін әрбі азамат мемлекеттің ішіндегі тәртіпті белгілі бір жүйеге келтіруге, ел ішіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуге мүдделі және оның алдындағы басты парызы. Қоғаммен бірге өркендеп, етек жайып, етене сіңісіп келе жатқан бұл кеселдің тереңнен құлаш жаймауына өз үлесімізді қосу және оған тосқауыл болу-біздің басты міндетіміз.