Түркістанда «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің кітапханасында белгілі жазушы, Қазақстанның Халық батыры Қасым Қайсеновтің 100 жылдығына арналған «Қазақтың қайсар ұлы — Қасым батыр» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.
Шараға Түркістан қаласындағы кітапхана өкілдері, студенттер мен оқушылары және музей қызметкерлері қатысты.
Аталған кітап көрмесінде «Әзірет Сұлтан» қорық-музейі қорынан Қасым Қайсеновтің ерлігі туралы материалдар, оның шығармалары, туыстары мен достарының естеліктері және мерзімді басылым беттерінде жарияланған мақалалары орналастырылған. Сонымен қатар, Қасым Қайсенов жайында дайындалған қысқаша бейнеролик те көрермен назарына ұсынылды.
Қасым Қайсенов 1918 жылы 23 сәуірде Шығыс Қазақстан облысы, Ұлан ауданының Асу-Бұлақ ауылында дүниеге келген. 1934 жылдың Толық емес орта мектепті бітіргеннен кейін Өскемен қ. саяси-ағарту техникумына оқуға түседі.
1939-1940 жж. Мәскеудегі әскери диверсиялық- барлау мектебінде оқыған. Ұлы Отан соғысы кезінде, 1941 жылдың қарашасында оны Солтүстік-Батыс майданының штабына жібереді. Ол партизандар отрядын басқарып, арнайы тапсырмамен дұшпандардың қоршауында қалған Украина жеріне жіберілді. Украина, Беларусия, Молдавия, Чехославакия және тағы да басқа жерлерді азат етуге қатысты. Соғыс аяқталғаннан кейін Қасым Қайсенов Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының аппаратында қызмет істейді, кейін Жамбыл облысының Жуалы, Свердлов аудандарында атқару комитеттері төрағаларының орынбасары, 1953-1970 жылдары Қазақстан Жазушылар одағында жұмыс істеген.
Аты аңызға айналған партизан, жазушы Қасым Қайсенов Қазақстанда ғана емес, бұрынғы Кеңестер Одағының түкпір — түкпіріне кеңінен танылған. Әскери тақырыпқа арналған кітаптарға деген қызығушылығы айрықша оның шығармашылығы мемуарлар, деректі және көркем проза мен публицистика сынды түрлі жанрларды ұштастырады.
Жазушы шығармаларындағы кейіпкерлері – партизан отрядындағы жауынгер мен замандастары, шынайы адамдар.
Қ.Қайсенов «Жас партизандар» атты алғашқы кітабын 1954 жылы басып шығарады. Оның «Илько Витряк» (1955), «Переяслав партизандары» (1956), «Ажал аузынан (1959), «Жау тылындағы бала» (1961), «Жау тылында» (1973), «Партизан жорықтары» (1978) және т.б. кітаптары оқырмандарға кеңінен танымал. Жазушының шығармалары әлем халықтарының көптеген тілдеріне аударылған.
Қасым Қайсенов ІІ-дәрежелі «Богдан Хмельницкий» орденімен, І-ші және ІІ-ші дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен, «Чехословакия партизаны», екі І-ші дәрежелі «Отан соғысы партизанына» медалімен және Кеңес Одағының тағы басқа медальдарымен, Грамоталарымен ІІ-ші және ІІІ-ші дәрежелі «За заслуги» орденімен марапатталған.
ҚР Президентінің 1995 ж. 24 сәуірдегі Жарлығымен жазушы Қ.Қайсеновке «Халық каһарманы» ерекше белгісі тағайындалып, «Алтын жұлдыз» бен «Отан» ордені берілген.
Жиын барысында батырдың өмір дерегі туралы ақпараттар кеңінен беріліп, жастарға таныстырылды.
«Қазақтың қайсар ұлы — Қасым батыр» кітап көрмесі бір айға жалғасады.