28 тамыз күні – еліміздегі музей ісінің дамуында өзіндік қолтаңбасын қалдырған мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым-этнограф Өзбекәлі Жәнібековтің туған күні.
Өзбекәлі Жәнібеков 1931 жылы 28 тамызда Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданы, Сарықамыс ауылында қарапайым жанұяда дүниеге келіп, еңбекқорлығы мен ізденімпаздығы нәтижесінде жоғары білім алған. Еңбек жолындағы қызметін шәкірт тәрбиелеуден бастап, бойындағы тума талантының арқасында саяси қызметте аудандық комсомол комитетінен Қазақстан Компартиясының Орталық Комитетінің Хатшысына дейінгі қызметтерді атқарған. Ө.Жәнібековтің өмір жолында қызмет бабымен Қазақстанның қай өңіріне барса да ел басқарудағы ерекше қасиеттері, халқымыздың қазынасы-ұлттық өнер, салт-дәстүрді дәріптеудегі өнегелі істері ұшан-теңіз. Сондықтан да халқымыздың біртуар ұлы Ө.Жәнібековті туған жері, тек оңтүстік өңірі ғана емес барша қазақ мақтан тұтады.
Төрткүл дүниеге аты мәлім, түркі жұртының ортақ шаңырағы – Қожа Ахмет Ясауи кесенесіндегі Тайқазанның Санкт-Петербургтің Эрмитаж музейінен 54 жылдан соң елге оралғанына дейін қаншама тар жол тайғақ кешуді бастан өткергені белгілі.
Қожа Ахмет Ясауи кесенесін музей етіп құруда, Тайқазанды елге қайтарып, қайта орнына орнықтыруда сол кезде мәдениет саласында қызмет атқарған Өзбәкәлі Жәнібековтің сіңірген еңбегі орасан.
Қазіргі таңда «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайының қорында Жәнібеков есімімен байланысты біршама жәдігерлер бар. Ол 1978 жылдан бастап қорық-мұражай қорына өткізген Қабіржапқыш, Қоңырат кілем, Шұғыла кілем, бөлме жиһазы (Асадалға ұқсас жасалған), кесене тарихы мен осы өңірдің тұрмыс-тіршілігіне, жағрафиясына қабысатын тағы да басқа жәдігерлерді Алматы қаласындағы Орталық мемлекеттік мұражайынан алдырып, қорық-мұражай қорына табыстаған. Соңғы жылдары көз майын сарқып «Алтынай», «Адырна» фольклорлық ансамбль қызметкерлеріне ұлттық нақышта тіктірген көйлегі, немересі Әзелге Ұлыстың Ұлы күні — Наурыз мерекесіне орай тіктірген қазақы көйлегі (1989 жыл), сондай-ақ тұтынған заттары да жинақтала бастады.
Артына мол мұра қалдырған дара тұлғаның қазақ халқына сіңірген еңбегі өлшеусіз. Оның қаламынан туған еңбектерінде «Эхо», «Жолайрықта», «Ежелгі Отырар», «Уақыт керуені», «Қазақ киімі», «Тағдыр тағылымы» сынды баға жетпес мұраларының орны ерекше.
© DIDARBEK.kz