Ақсу-Жабағылы мемлекеттік табиғи қорығы – Орталық Азия мен Қазақстанның бірінші ашылған қорықтарының қатарында. Қорықты құру бастамасы танымал гидробиолог А.Л.Бродскийге тиесілі. Бұл ғалым 1920 жылы алғашқы рет Жабағылы мен Ақсу өзендерінің жоғарғы арналарына аяқ басқан. Ақсу-Жабағылы мемлекеттік қорығы Батыс Тянь-Шаньдағы Талас Алатауы жотасының батыс жақ бөлігінде орналасқан.
Қорық теңіз деңгейінен 1300 метрден 4200 метрге дейінгі биіктіктегі таулы аймақты алып жатыр. Оның солтүстік және батыс шекаралары Жабағылытау, Талас Алатауы мен Өгем жоталарының бойымен 1300-1600 метрге жуық, оңтүстікте және оңтүстік-шығыста қорық Талас және Өгем жоталарының таулары арқылы Қырғызстан мен Өзбекістанмен шектеседі. Қорықтың орталық бөлігі Шымкент қаласынан 70 км жерде және Түлкібас теміржол бекетінен 18 км жерде орналасқан.
Қорықта ең биік тау – Сайрам шыңы, оның биіктігі теңіз деңгейінен 4238 м. Қазақ халқы бұл тауды «Ақтүйе өлген» деп атаған, өйткені таудың көрінісі жансыз жатқан түйеге ұқсайды.
Қорықтың орталығында биік, мұзды Бұғылытөр шыңы ерекшеленеді. Бұғылы деп аталуы, бұл тауда бұғылар мекендеген.
Қорықтың ең негізгі өзендері – Ақсу және Жабағылы.
Қорықтың аумағындағы көлдің саны – 27, олардың бәрі өте биікте қар ерімейтін жерде орналасқан.
Ақсу-Жабағылы мемлекеттік табиғи қорығы – өте сирек кездесетін, жер бетінен жоғалып бара жатқан жануарларға бай қазына. Соңғы деректерге қарағанда қорық аумағында құстың 267, сүтқоректілердің 52, бауырымен жорғалаушылардың 11, қос мекенділердің 3 түрі мекендейді.
Ақсу-Жабағылы қорығы өзінің жарты ғасырлық тарихында республиканың табиғатты қорғау ісіне үлкен үлес қосты және ЮНЕСКО белгілеген халықаралық маңызы бар қорықтар қатарына жатқызылған.
© Түркістан Туризм Орталығы