Сайт жасап беруге тапсырыс қабылдаймыз! Толық жасап беру құны – 150 мың теңге. Хабарласу үшін: qorlyq@list.ru
Басты бет » Руханият » ШЫМКЕНТТЕ ӘКІМ ЫСҚАҚТЫҢ «АДАМ – ӨМІР ДӘПТЕРІ» АТТЫ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ КЕЗДЕСУІ ӨТТІ

ШЫМКЕНТТЕ ӘКІМ ЫСҚАҚТЫҢ «АДАМ – ӨМІР ДӘПТЕРІ» АТТЫ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ КЕЗДЕСУІ ӨТТІ

Бүгін елімізге танымал ақын, сатирик, сазгер, Мемлекет және қоғам қайраткері Әкім Ысқақтың «Адам – өмір дәптері» атты шығармашылық кездесуі өтті. Әл-Фараби атындағы ғылыми-әмбебап кітапханасына жиналған қалың оқырман ақынның ғибратқа толы хикияларын тыңдап, қаламынан туған туындыларынан рухани азық алды.
Әкім Әбдіхайымұлы бүгін 63 жасқа толып отыр. Мерейлі күнді қоғам қайраткері үлкен сахнада емес, студенттік албырт шағы өткен Шымкент қаласында қалың оқырманның арасында атап өтуді жөн көріпті. Кітапхананың үлкен залына мектеп оқушысынан бастап, тұлғаның шығармашылығына тәнті болған жасы үлкен оқырмандары, үзеңгілес достары, еліміздің түкпір-түкпірінен белгілі тұлғалар жиналып, ыстық лебізін білдірді. Жамбыл облысы және Түркістан облысының Сарыағаш, Қазығұрт, Ордабасы аудандарынан келген мектеп оқушылары да бүгінгі кештен қалыс қалмай, ақын ағаға арнауын ала келіпті.
Кеште Әкім Ысқақтың сөзі мен әуеніне жазылған әндер қалың көпшілікке ұсынылып, өлеңдері оқылды. Ақынның өзі ғибратқа толы хикаяларын баяндап, жиналғандардың жүрегін тебірентті. Ұлттық рух пен патриоттық сезім жайына ерекше тоқталды.
Әкім Ысқақтың бүгінде «Қарлығаш», «Адам іздеп жүрмін», «Ордабасы», «Адамгершілік әліппесі», «Гүл қауызындағы тамшы», «Махаббат хаттары» сынды топтамалары бар. Үнемі ізденіс үстінде жүрген ақын қалың көпшілікті туындыларымен таңқалдырудан жалықпайды. Жұртшылықтың көңілінен шығып жүрген «Көк тудың желбірегені», «Әдемі-ай», «Соңғы вальс», «Көңіл қымбат», «Іздеймін сені», «Жан әке» және т.б. әндердің авторы болып табылатыны соның жарқын мысалы.
Жиынға атбасын бұрған Шымкент қаласы мәслихатының төрағасы Бахадыр Нарымбетов пен мәслихат депутаттары ақынға қала әкімі Мұрат  Әйтенов жолдаған құттықтау сөзді оқып берді.
«Халқымыз сізді ең алдымен көрнекті жазушы, ақын, шебер журналист, дарынды сазгер, ірі сатирик ретінде жақсы таниды. Сіздің туындыларыңыз көркемдігі мен шынайылығымен көпшілікті баурап алып, ыстық ықыласқа бөленген. Асыл сөз бен өлеңдеріңіз, тамылжыған сазды әуендеріңіз, өскелең ұрпақты отансүйгіштікке, елдікке, адамгершілікке және туған жерге деген сүйіспеншілікке бөлейді. Сіздің қаламыңыздан туған әдеби мұра әлі де талай ұрпақты тәрбиелейтіні анық», делінген әкімнің құттықтау сөзінде.

Пікір жазу